• Цифрлы Қазақстан
  • 07 Ақпан, 2019

Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі

Төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын өмірге енгізу мен цифрлық индустрияны дамыту бүгінгі зымыран уақыттың талабына айналды. Осы ретте Алатау баурайында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының қатысуымен өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумында әлемнің ірі ІТ компаниялары негізін қалаушылар, халықаралық ақпараттық технологиялық парктердің, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Сингапур, Швейцария және ТМД елдері технологиялық индустриясының өкілдері, белгілі сарапшылар бас қосып, Еуразияның инновациялық экожүйесін дамыту, инфрақұрылымын жандандыру мәселелерін талқылады, цифрлық экономиканы құру саласындағы тәжірибелермен бөлісті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ЕАЭО цифрлық күн тәртібінің 2025 жылға дейінгі басты бағыттары белгіленген Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы қазандағы отырысында ұсынған бастамасы негізінде Алматыда ақпан айында өмірге келген «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырып отырған бұл форум Алатау баурайындағы әсем шаһарда жыл сайын ақпан айының алғашқы күні шартараптан келген ғалымдар, технологиялық индустрия майталмандары, сарапшылар ой бөлісіп, тәжірибе алмасатын бірегей алаңға айналды. Биыл «Еуразияның иннова­циялық экожүйесі» тақырыбына арналған алқалы жиынның ашылуында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған ыстық лебізін жеткізді. – Құрметті форум қатысу­шылары, «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумына қош келдіңіздер! Әлемде жылдам әрі түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Тиімді цифрландыру шаралары ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналуда. Әлемнің озық елдері, олардың G-20 және Еуропалық Одақ секілді бірлестіктері өздерінің Цифрландыру бойынша стратегиялық құжаттарын қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібін қабылдады. Бүгінгі Форум аталған күн тәртібін іске асырудың маңызды қадамы. Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мәселелерінде бірлескен тәсілдер мен шараларды әзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру Еура­зиялық экономикалық одақ­тың тұтастай және әр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиім­ділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді әзір­леуге және ынтымақтастықты ны­ғай­туға ықпал ететініне сенім­дімін.

Форумның барлық қатысу­шысына жемісті еңбек және алға қойған мақ­саттарына қол жеткізуді тілеймін, – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың хатында. Қазақстан, Беларусь, Қырғыз, Ресей және Армения елдерінің үкімет басшылары, Еуразиялық экономи­ка­лық комиссия алқа­сының төрағасы қатысқан форум­ның пленарлық сессиясында ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру және инновациялық экожүйені дамыту, оның ішінде одаққа мүше мемлекеттердің технопарктерін интеграциялау мен жаңа цифрлық жоба­ларды іске қосу арқылы күш-жігерді одан әрі біріктіру мәселелері талқыланды. Қатысушылар форум мінберінен цифрлық экономиканы құру саласындағы өз тәжірибелері­мен бөлісті. Сандық индустрия, инновациялар елдерімізге бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейімделген және өмірдің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні аталып өтті. Яғни кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға негіз болады, сондай-ақ денсаулық сақтау, экология, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы түйткілдерді шешуге көмектеседі. Форумның мақсаты – Еуразия тех­нопарктерін интеграциялау. Осы тұрғыда қатысушы елдердің үздік тәжірибелері негі­зінде АТ саласындағы инновациялар мен кәсіпкерлік аясында ынтымақтастықты дамыту, мем­­лекеттік қызметкерлердің, корпо­­ра­циялардың, кәсіпкерлердің, ин­вес­торлардың және экожүйенің негізгі ойыншыларының қызметін бір құры­лым шеңберінде біріктіру арқылы Еуразиялық өңірдің әлеуетін ашу, инно­вациялық экожүйе мәселелері бой­ын­ша білім және тәжірибелер алмасу. Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев өз баяндамасында барлық инно­вациялар мен технологиялардың басты мақсаты адамдардың өмірін жақсарту, олардың жұмысы мен өсуіне қолайлы жағдайлар жасау екенін атап өтіп, цифрлық күн тәртібіне байланысты Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Біз цифрлық күн тәртібінде осымен екінші жыл өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан электронды қызмет көрсетуді 10 жыл бұрын бастады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 60% электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады, биыл аталған көрсеткішті 80% жеткізу міндеті тұр. Бүгінде eGov-тан mGov-қа (мобильді үкімет) көшу жұмыстары жүргізілуде», – деді премьер-министр. Еліміз алдағы төрт жылда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 310 млрд теңге жұмсамақ. Ол соманың 169 млрд теңгесі квази­мемлекеттік субъек­тілердің есебінен алынса, 141 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінеді. Жоба ойдағыдай іске асса 2025 жылға қарай салық түсімін 1,7-2,2 трлн теңгеге жеткізіп, 300 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылмақ. «Инфрақұрылым үшін Қазақстан аумағы өте үлкен. Біз барлық қалаларда инфрақұрылымды, яғни интернетті толық қамтамасыз етеміз. Ауыл тұрғындарының 43 пайызы, 7 мыңға жуық ауылдық елді мекенде интернет жылдамдығы жеткілікті деңгейде, бұл өте маңызды. Ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді 2020 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз мектеп қабырғасынан математиктер мен бағдарламашыларды әзірлеп, жоғары оқу орындарын осы салаға бағыттап отырмыз. Инновация керек, сол үшін біз шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатамыз, әсіресе цифрландыру мәселесінде бірге әрекет ету маңызды. Сөз жоқ, әр мемлекет өзінше дамиды, дегенмен, ең маңыздысы – форумнан кейін цифрландыру саласында ынтымақтаса алуымызда болып отыр», – деді Бақытжан Сағынтаев. Қазақстанда инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған Astana Hub халықаралық техноло­гиялық паркі жұмыс істейді. Бүгінгі күні Hub 100 пайыз толық. Сонымен қатар, инновациялық саланың мықты ойыншыларын одан әрі тарту жұмыстары жүргізілуде. Astana Hub қатысушылары үшін таланттардың басын қосып, бәсекелестікті дамыту мақсатында барлық қажетті жағдайлар жасалған: жеңілдетілген виза және еңбек режімдері, арен­далық тұрғын үй беру, гранттық қаржыландыру құралдары. Бұдан өзге, ЕАЭО ішінде бәсекелестікті дамыту стартап жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні аталып өтті. Сонымен қатар инновациялық экожүйені құрып, таланттарды дамыту үшін Қазақстанның білім беру жүйесінде, соның ішінде орта, кәсіби және жоғары білім беру саласында бірқатар реформалар жүргізілді. Мәселен, Астанада мамандандырылған АТ-университет ашу көзделген, оның жұмысы Astana Hub қызметімен тікелей байланысты болмақ. Ғылыми қызметті қолдау бойынша жекелеген жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Елбасы Н. Назарбаев өткен жылдың қазан айында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ 10% дейін жеткізу туралы міндет қойды, сонымен қатар ЖІӨ-де ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарға жұм­салатын шығындарды 2025 жылға дейін 1% жеткізуді тапсырды. Өз кезегінде Ресей Федерациясы премьер-министрі Дмитрий Медведев Ресей ЕАЭО аймағында жобаларды жүзеге асыруға негіз беретін тікелей цифрлық технологияларды енгізуге баса ден қойғандығын атап өтті. «Біздің елімізде цифрлық бағдарлама ұлттық модельге айналды. Біз алдағы 5 жылда бұл салаға 1 трлн 800 млрд рубль салуға ниеттіміз. Бұл қаражаттың жартысы федералды бюджеттен, қалғаны бюджеттен тыс қаржыдан салынады. Біздің тәжірибеміз ЕАЭО елдері үшін пайдалы болады деп сенемін», – Д.Медведев. Айтулы жиын барысында ой-пікірлерін ортаға салып, өз тәжіри­белерімен бөліскен сандық форум қатысушылары – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемле­кеттердің үкімет басшылары, халық­аралық сарапшылар, сандық индустрия саласының жетекші мамандары халықаралық жиынды жоғары деңгейде ұйым­дастырғаны үшін Қазақстан үкіметіне ризашы­лықтарын білдіріп, форум аясында талқыланған өзекті мәселелер цифрландыру саласының дамуына серпін беретінін атап өтті. «Жаһандану дәуірінің цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы тақырыптық сессиясында сөз алған ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев әлемдік деңгейдегі бұл басқосудың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынғанын айтып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерін кешенді цифрландыру осы жиыннан бастау алуы керектігін атап өтті. Алқалы жиын аясында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бірқатар шетелдік әріптесімен екіжақты кездесулер өткізді. Беларусь Республикасының байланыс және ақпараттандыру министрі Сергей Попковпен кездесуде тараптар екі елдегі цифрлан­дырудың негізгі бағыттары бойынша салалық ведомстволар арасындағы ынтымақтастық мәселелерін тал­қылады. Сондай-ақ министрлер электронды қызмет­тер мен пошта байланысын, иннова­циялық технологиялар паркін дамыту жөнінде пікір алмасты. Өзбекстан Республикасы ақ­па­раттық технологиялар және ком­му­никацияларды дамыту минис­трі Шерзод Шерматовпен келіс­сөздер кезінде Орталық Азияда экономиканы цифрландыру сала­сында екі елдің рөлі артып келе жатқаны атап өтілді. Дәурен Абаев инновациялық орталықтардың, АКТ саласындағы ұйымдардың, жоғары оқу орындарының арасын­дағы байланыстардың нығаюы трансұлттық компаниялар мен инвесторларды тартуға септігін тигізе­тіндігін айтты. Кездесу барысында «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуника­циялық холдингі (Қазақстан) мен «UZINFOCOM» мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру және қолдау бірыңғай интеграторы (Өзбекстан) арасында түсіністік меморандумына қол қойылды. Сонымен қатар Дәурен Абаев Халықаралық электр байланысы одағы бас хатшысының орынбасары Малкольм Джонсонмен кездесті. Тараптар Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктерін қарастырды. Әзербайжан Республикасы байланыс және жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизадемен кездесуде Ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сандық индустрия алға озған жедел даму үстіндегі қазіргі уақыт талабы тұрғысынан алғанда, Еу­разия­лық экономикалық одаққа мүше елдердің бірқатар жетістік­терін атап айтуға болады. Халық­аралық рейтингтерге сәйкес, Әзір­байжан онлайн қызметтер мен ин­фрақұрылымды дамыту бойынша жақсы көрсеткіштерімен көрінсе, Қырғызстан 2016 жылдан бастап онлайн қызметтер мен адами капитал бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан. Көршілес Өзбекстан да ашық деректер пор­талы бойынша және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, нор­мативті-құқықтық актілердің және тағы басқа жобаларды қо­ғам­дық талқылау жүйесін қоса алғанда бірнеше электрондық платформаларды іске қосқан. Ал халықтың сандық технологияға қолжетімділігін қамтамасыз ету және электронды қызметтер мен сервистер жөнінен Ресейдің жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігін атап айтуға болады. Осы ретте біздің еліміз ТМД кеңістігінде электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы бір­ыңғай электронды үкімет порталында мемлекеттік қызметтер ұсынуды алғашқы болып бастаған елдердің қатарында екенін атап өткен жөн. Мәселен, жүйелік іс-шаралар нәти­жесінде халықаралық сарапшылардан оң баға алған бірқатар отандық жобалардың орны бөлек. Атап айтар болсақ, БҰҰ-ның 2016 жылғы рейтингінде «электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің 193 елінің арасында 3 орыннан көрінді. Ал, ӘЭФ есебінің жүйелік даярлығы индексі бойынша 2016 жылдың қорытындысында еліміз 139 мемлекеттің ішінде 39 орынға ие болды. Қазіргі зымыран уақытта жаңа, тың биіктерге ұмтылу – ертеңгі кемел болашақтың негізін қалау. Осы ретте елімізде IT мамандардың сапасын арттыру, спутниктік технологияларды толықтай игеру жұмыстары әрдайым басты назарда. Бұл қазіргі замана көшінде жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыра түспегі анық. Цифрлы әлем экономикалық, әлеуметтік кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни форум атауының өзі айтып тұрған­дай, халық шаруашылығы салаларын цифрландыру және инновацияларды енгізу – бүгінгі жаһандық даму аясында ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен халықтың өмір сапасын жақ­сар­тудың басты шарты. Пленарлық сессия қорытындысы бойынша цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, Astana Hub (Қазақстан), «Сколково» (Ресей), «Кәсіпорындар инкубаторы» (Армения), «Жоғары технологиялар паркі» (Қырғызстан) технопарктері арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Форумның басты тақырыбы ая­сындағы өзекті мәселелер «ЕАЭО цифрлық күн тәртібі», «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландыру (БҰҰ)», «Инновациялық экожүйедегі цифрландыру», «Индустрия 4.0 – инновациялық экожүйе тұтынушысы», «Шағын және орта бизнесті цифрландыру» атты та­қы­рыптық сессияларда кеңінен тал­қыланды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1737 рет

көрсетілді

54

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы