• Цифрлы Қазақстан
  • 21 Ақпан, 2019

Цифрландыру экономикаға оң әсер беруде

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректері бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізгі 5 бағыттан, 17 бастамадан және 120 іс-шарадан тұрады. Өткен жылы 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып, оның шеңберіндегі жұмыстар толық орындалды. Минис­тр­лік басшысы экономика салаларын цифрландыру бағыты бойынша отын-энергетика және тау-кен металлургия кешендерінде Индустрия 4.0 элементтерін қолдану арқылы еңбек өнімділігі орташа есеппен 10%-ке артқанын, жекелеген өндірістерде электр қуаты 33%-ке дейін үнемделіп, жабдықтарды пайдалану коэффиценті 50%-ке ұлғайғанын мәлімдеді. Пайдалы қазбалары бар 7 ірі кен орындарына «Зияткерлік кен орны» және «Цифрлық кеніш» жобалары енгізілді. Биыл мұндай жүйемен жұмыс істейтін нысандар саны 12-ге жеткізілмек. Тау-кен өнеркәсібінде 102 кәсіпорын «айқын» өндіріс дең­гейіне ауыстырылды. Көлікті және логистиканы цифрландыру аясында «Зияткерлік көлік жүйесі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ жол активтерін басқару жүйесі іске қосылып, оның аясында 16 жылжымалы жол зертханасы өз жұмысын бастады. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздің 14 пилоттық шаруашылығында нақты егіншілік элементтері енгізілген. Бұл арқылы фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20%-ке азайды. Ал ағымдағы жылы «смарт фермаларды» 500 шаруашылыққа дейін жеткізу жоспарланған. Бағдарламаның тағы бір негізгі бағыты – онлайн сауда жүйесін дамыту. Электронды сауда субъектілеріне қатысты заңнамалық деңгейде салық жеңілдіктері қарастырылған. Бұл жеңілдіктерді е-коммерцияның 331 жаңа субъектісі пайдаланып үлгерді. Қазақстанда ақшасыз, ұялы телефон арқылы қолма-қол есептесу әлемдік трендтерінің бірі дамуда. 2018 жылдың қараша айының соңында еліміздегі 6 ірі банк пилоттық режимде осы сер­виске қосылды. «Цифрлық мемлекетке көшу» бағыты аясында бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейі цифрландырумен қамтылған. Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың 64%-і электронды түрде өтініштер қабылдайды, мектептердің 94%-і электрондық күнделіктер мен журналдарды пайдаланады. Жалпы, бұл бағытты цифрландыру ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты 30% төмендетуге мүм­кіндік берді. Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде электронды құжат беруге медициналық ұйымдардың 99,2%-і ауысып, дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту екі есе азайды. Қазіргі уақытта республикамыздың 16,3 млн тұрғынында өңірлік элек­трон­дық денсаулық паспорты бар болса, биыл денсаулық сақтау паспорттарымен қамтамасыз ету 100%-ке жеткізілетін болады. Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында электрондық еңбек биржасы өз тиімділігін дәлелдеді. 2018 жылы 533 мыңнан аса жұмыс іздеуші жұмысқа орналасты, оның ішінде 409 мың азамат тұрақты жұмыс орнын тапты. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет­терді электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін 752 мемлекеттік қызметтің 506 түрі автоматтандырылып, бұл қызмет көрсету уақытын 40%-ке, яғни, орта есеппен алғанда 12 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Маңызды мемлекеттік бағдарла­мамен шағын және орта бизнесті қолдауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, былтыр іске қосылған «Астана-1» ақпараттық жүйесі кедендік рәсімдерді онлайн орта­лықтан бақылауға, баж төлемін есепке алуды жүргізуге мүмкіндік береді. Кедендік декларацияларды шығару үшін бұған дейін қажет болған бірнеше күн мен бірнеше сағат 1 минутқа дейін қысқартылды. Қазірде аталған жүйеде 859 мың электрондық декларация тіркелген, оның 85%-і 1 минут ішінде «жасыл дәліз» арқылы рәсімделген. Сонымен қатар «көлеңкелі» экономиканы азайтуды көздейтін «Электрондық шот-фактуралар», «Тауарларды таңбалау» жүйелері іске асырылды. «Жалпы, 2018 жылы іске асырыл­ған цифрлық шаралар қазірдің өзінде елімізге 218 млрд теңгеден астам экономикалық пайда әкелді. Цифрландыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 43 мыңнан асады. Биыл жұмыс тәртібі толық орнықты, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағы іріктелді, ұлттық және жеке компаниялар алдағы мақсаттарын айқындады. Сондықтан жаңа технологияларды енгізуден түсетін экономикалық әсер алдағы уақытта қазіргі нәтижелерден де жоғары болады деп нық сеніммен айтуға болады», деді Дәурен Абаев. Үкімет басшысы бағдарлама Елбасының ерекше бақылауында екендігін атап өтті. Сонымен қатар аталмыш бағдарламадан қосылған құнды өсіруді және экономикадағы шығындарды қысқартуды көздейтін елеулі экономикалық әсер күтілуде. Осы бағытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне экономиканың жекелеген салаларындағы цифрлан­дырудың әлеуетін белгілеп, сосын шығындардың іс жүзінде қысқаруын ескере отырып, цифрландыру жоба­ларының тиімділігін есептеудің бірың­ғай әдіснамасын жасау, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және АТ-қа­уым­дастықпен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері бойынша заң жобасын пысықтауды жеделдету тапсырылды. Үкімет отырысында сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін және отандық автомобиль жасаушыларды бюджеттік несиелендіру мәселелері бойынша Үкімет Қаулы­сының жобасы мақұлданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж.Қасымбектің айтуынша, бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі – баспана алудың ең тиімді құралдарының бірі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банк жүйесі бойынша 660,6 млрд теңге жинағы бар 1,3 млн салымшы тіркелген.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы