• Цифрлы Қазақстан
  • 06 Наурыз, 2019

Инфрақұрылым қалай дамуда?

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. ҰЭМ деректеріне сәйкес, бағдар­ламаны іске асыруға өткен жылы барлық қаржыландыру көз­дерінен шамамен 791 млрд теңге көзделген, соның ішінде рес­публи­калық бюджеттен 437,2 млрд теңге қарас­тырылса, оның 437,1 млрд теңгесі – 99,9%-і игерілген. Р.Дәленовтің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту аясын­да жалпы 4,6 мың км жол құры­лыс­пен және реконструкциялаумен қамтылды, былтырдың қорытын­дысы бойынша 528 км қозғалыс ашылды. 928 км темір жолға күрделі жөндеу, Қостанай облысында және Семей қаласында ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ өткен жылы 172,7 км инженерлік желі­лер салынып, олардың тозуы 60%-тен 57%-ке дейін төмендеді. Бағ­дар­ламаны іске асыру 2018 жылы ІЖӨ өсіміне үлес қосып, жоспарда 55 мың жұмыс орны кезінде 86 мың­нан астам жұмыс орнын құруға жол ашты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. А.Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымының дамуына елеулі ықпал еткенін атап өтті. Бұл кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланды, 1776 шақырымды құрайтын Солтүстік-Оңтүстік электр торабының үшінші желісі пайдалануға берілді. «Бағдарламаның басты міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15%-ке қыс­қартуға мүмкіндік береді. Нәтиже­сінде, бұл өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі баға­сына ықпалын тигізеді», – деді А.Мамин. Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Өткен жылдың өзінде ғана транзиттен түскен кіріс $1,5 млрд құрады. Ал транзиттен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бас­тап, Астана-Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас жолдары бар. 2020 жылы 5,5 мың ақылы жол іске қосылады. Премьер-министр атап өткендей, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасы экономиканың дамуына серпін беріп, ұзақмерзімді әсерін тигізді. Оның аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық тиімділігі 200 млрд теңгені құрайды. «Бағдарлама аяқталатын биылғы жылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол реконструкцияланып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс», – деді Асқар Мамин. Осы бағытта Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігіне «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездету тапсырылды. Осы айда бағдарламаның тұжырымдамасын ұсыну қажет. Бұдан бөлек, отырыста 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс индустриясын дамыту бойынша Жол карталарының жобалары мақұлданды. Қарапайым заттар экономикасы аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша шаралар кешені жөнінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, ауыл шаруа­шы­лығы министрі С.Омаров, сон­дай-ақ Қазақстан қар­жыгерлер қауым­дастығы кеңесі­нің төрағасы Е.Бахмутова баяндады. Р.Скляр қарапайым заттар экономикасында құрылыс индустриясын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтып өтті. Аталған міндеттерді шешу үшін көрсетілген салаларды дамыту бойынша Жол карталары әзірленген. Олар шикізаттық базаны дамыту, кедендік әкімшілендіру және техникалық реттеу шараларын жетілдіру арқылы ішкі нарықты қорғауға, тауарлар мен қызметтер сапасын арттыруға бағытталған ұлт­­тық стандарттарды әзірлеуді қа­растырады. Салалардың өткізу көле­­мін ұлғайту мақсатында ретте­летін сатып алуларда жергілікті қамту үлесін жыл сайын 20% ұлғайту ұсы­нылады. Сонымен қатар жеткізу­ші Индустриялық сертификатпен өзі­нің өн­дірістік қуаттылығын дәлел­деуі тиіс. Үкімет басшысы 2025 жылға дейін импорт үлесінің 59%-тен 37%-ке дейін азаюы қамтамасыз етілетінін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының есебінен әртараптандыруды одан әрі дамытамыз», – деді А.Мамин, жоғарыда аталған салаларда 2019-2025 жылдар аралығында 200-ге жуық жоба іске асырылатынын атап өтіп. Болжамды есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарлары өнімдерін өндіру көлемі 4 трлн теңгеден 9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. «Біз әзірлеген шаралардың аясында 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам өнімділігі жоғары тұрақты жұмыс орындары құрылады», – дей келе, Премьер-министр тиісті мемлекеттік органдарға осы шараларды жүзеге асыруға бірден кірісуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1649 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы