• Цифрлы Қазақстан
  • 28 Наурыз, 2019

Жастар жаңа мамандықтарды меңгеруі тиіс

Қоғам тіршілігінің жылдам өзгеруі және әр адамның өміріне жоғары технологиялардың дендеп енуі еңбек нарығына да ықпал етіп отыр. Адамзат тарихына үңілсек, жаңалық атаулының бәрі тәуекелмен, қауіп-қатермен, құрбандықтармен қатар келгені белгілі. Бірақ олар бәрібір түптің түбінде қоғамның пайдасына жаратылып, адам игілігіне айналды. Қазіргі үрдістер де дәл солай, қайшылыққа толы болса да біртіндеп үйреншікті көрініске айналуда. Әсіресе, барлық дерлік саланы қамтып отырған цифрландыру үдерісінің ауқымы ерекше. Жаңа цифрлық технологиялар тауарлар мен қызметтерді тұтынуға ғана емес, еңбек нарығына да өзгеріс енгізіп отыр. Осы үдеріс аясында таяу болашақта кейбір мамандықтар мүлде жойылып, еңбек нарығынан ығыстырылуы ықтимал.

Цифрландыру – ақпарат­тандыру мен компьютер­лен­ді­руден кейін келген жаңа әлемдік тренд. Ол ақпаратты цифр түрінде беруге негізделген және экономиканың тиімділігін одан әрі арттырып, адамдардың өмір сапасының жақсаруына алып келуі тиіс. Мәселен, озық тех­нологиялардың айқын көрінісі – кейбір салада адамның қызметін атқаратын роботтардың, жасанды интеллектінің келуі. Бұл орайда атақты физик, футуролог Митио Каку роботтардың келуінен қорықпау керектігін айтады. Цифрландыру өндіріс пен экономиканың тиімсіз тұс­тарын жояды. Бизнес-үдеріс оңтайланады, ешқандай нақты пайда тигізбейтін, өндіруші мен тұтынушы арасындағы пысық делдалдардан құтылуға көмектеседі. Жасанды интеллектіге құрылған техникалық құрылғылар оларды ауыстырады. Өнімділік артады, өндіріс тұрақтылығы көте­ріледі. Тұтынушылар нарық­тан жаңа құндылықтар табады, ал өндірушілер тауарлары мен қызметтерінің сапасын үнемі көтеруге мәжбүр болады. Нарықтық қатынастар жетіле түседі, сұраныс пен ұсыныс реттеледі. Тұтынушылар сапалы тауарды тиімді бағамен ала алады, себебі, қосып сатумен айналысатын делдалдық қызметтер жойылады. Цифрландыру барлық саланы қамтитын болады. Озық техникалық құрылғылар біліктілігі төмен дәрігер­лерді алмасты­рады. Мәселен, егер сіз өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, виртуалды робот-дәрігерге келіп, аурудың белгілерін айтасыз. Робот-дәрігер сізге нақтылаушы сұрақтардан кейін диагноз қояды. Тіпті мұндай дәрігер анализдерді де алады, дене қызуын өлшеп, арнайы сенсорлар арқылы ДНК-ға тексеру жүргізеді. Тек күрделі жағдайларда ғана адам-дәрігерге баруға тура келеді. Жаңа технологияларды енгізу ба­рысында еңбек нарығынан кететін­дердің бірі – заңгерлер. Мысалы, жуырда ресейлік бір банктің басшылығы 3 мың заң­герді қысқартатынын мәлім­деді. Олардың жұмысын бағ­дар­ла­малық кешендер алмастырады.

Қазірдің өзінде әлемде көптеген робот-заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Олар өтініш толтыру, талап-арыз, хат жазу, т.б. жұмыстарды атқарады. Қысқасы, қоғамның барлық сала­сындағы цифрландыру, автоманттандыру – бұл біз бас тарта алмайтын, қайтымсыз үдеріс. Интернет одан әрі дамыған сайын, электр жарығы сияқты өміріміздің кәдуілгі бір бөлшегіне айналады. Ондаған жылдан соң адамзат баласы өзгеше ортада өмір сүруі бек мүмкін. Тек айналадағы нақты уақиғалар­ды дұрыс қабылдап, тиісінше бейім­деле білу қажет. Соның бірі ре­тінде мектеп бітіретін түлектердің уақыт сұранысына сай мамандық таңдауын айтуға болады. Жастар бұрынғы әдетпен жаппай заңгерлік пен қаржы факультеттеріне лап қоюы енді қисынсыз. Мәселен, әлеуметтанушылар оншақты жылдан кейін экономикалық мамандықтар еңбек нарығынан кететініне се­німді. Бұл саладағы қызметті арнайы компьютерлік бағдарламалар атқарады. Оның ішінде ең алдымен қатардағы есепшілер келмеске кетпек. Есеп-қисап жұмысымен айналысатын басқа мамандар да жұмыссыз қалуы ықтимал. Оған дәлел, шет елдерде роботтар трейдерлерден қалыспай биржалардағы сауданың көрігін қыздыруда. Танымал америкалық банкир Викрам Пандит банк саласында жұмыс орындарының 30%-ы таяуда қысқаратынын жеткізді. Бұл елдегі ірі банктер қазірдің өзінде қызметкерлерін жасанды интеллект иелеріне алмастырып үлгерген. Соның әсерімен алдағы 5-6 жылда «Уолл-стриттегі» жүз мыңдаған қыз­меткер жұмыссыз қалғалы отыр. Са­рапшылардың айтуынша, көптеген елдерде экономика саласындағы жұмыс үдерісінің үштен бірі автоматтан­дырылады, жалақысы төмен жұмыстар жойылады. Демек, алдағы уақытта қаржы мамандығына ие болу «сәннен» қалады. Сарапшылардың айтуынша, Қа­зақстандағы мұнай-газ және тау-кен саласында автоматтандыруға байланысты жұмыс орындары 40-45%-ға қысқарады. Бұл салаларда адам күшіне қарағанда роботтар барлық жағынан тиімді. Оларға жалақы төлеудің қажеті жоқ, еңбек өнімділігі де жоғары. Осылайша, аталған өндіріс орындарының жұмысшыларына жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр. Бұл үдеріс машина жасау, логистика, бөлшек сауда салаларына да қатысты. Әзірге Қазақстанда цифрландыру мен автоматтандыру үдерісінің ықпалымен қаншама адамның жұмыссыз қалатыны жөнінде нақты болжамдар жоқ. Дегенмен, қазақстандықтар да еңбек нарығындағы сұранысқа сай болу үшін қандай кәсіпті игеру, жаңак машық-дағдыларды жетілдіру жөнінде ойлана жүргені абзал. Мәселен, біраз уақыттан кейін жеке адамдардың немесе отбасының дербес қаржы менеджері болса таңқалмаймыз. Өйткені, барған сайын қаржылық өнімдер мен ұсыныстар көбейіп келеді, оның мән-жайын ұғу оңай емес. Дербес менеджер сіздің қаржы кеңесшіңіз ретінде күнделікті сатып алатын заттардан бастап, ұзақ мерзімдік қаржы көздерін жоспарлауға көмектеседі. Сондай-ақ, ІТ-қаржыгерлер банктерге де, қаржы қызметін пайдаланатын қатардағы тұтынушылар үшін де сұранысқа ие болмақ. Ал ірі банктер мен компаниялар стратегиялық жоспарлау жөніндегі мамандар – тренд-вотчерлерді жалдайды. Бұл кәсіп иелері саласындағы әлемдік трендтерге сәйкес экономика, саясат, қаржы, жарнама, маркетинг, ойын-сауық және басқа салалардағы бағыт-бағдарды айқындаумен айналысады. Цифрландыру мен автоматтандыру қаншалықты қарқын алса да, ешқашан робот адамды алмастыра алмайтын салалар да бар. Жоғарыда айтылған робот-дәрігер де адамды толығымен алмастырмайды, тек оған көмектеседі. Бала күтімі, қарт адамдарға қарау сияқты жұмыстарды адамнан артық ешкім атқара алмайтыны аян. Қаржы сарапшылары да әрдайым сұраныста бола береді. Цифрландырудың бір ғажабы, енді адамдар шығармашылық жұмыспен шұғылдануға мүмкіндік көбейеді. Айналадағы барлық құрылғылар желіге шығады, адамдар жансыз материямен қарым-қатынас жасайды, дауысымен, қимылымен бұйрық бере алады. Компьютерлер біздің миымыздағы әсерлеріміз бен естеліктерімізді оқып үйренеді, оларды орасан зор кітапханада сақтайды. Сол жерден оларды жүктеп алып басқа адамдардың миына салуға болады. Мәселен, дүкенге келген адам арнайы линза киіп, тауардың бағасы мен сапасы туралы бүкіл мәліметке бір сәтте қол жеткізе алады. Заттың сапасын соған ұқсас басқа тауарлармен салыстырады. Бұл құрылғы әрбір тұтынушының нарық әлемінде таңдау жасауына, арнайы мамансыз-ақ еркін ақпарат алуына көмектеседі. Осындай зерттеулер қазір АҚШ-тың Массачусетс технологиялық университетінде жүргізіліп жатыр. Бұның таңсық ештеңесі жоқ, осыдан оншақты жыл бұрын біз интернеттің мұншалық ауқымда өмірімізге енетінін білген де жоқпыз. Ал қазір смартфонсыз күнделікті тіршілігімізді елестете алмаймыз. Иә, қоғамның цифрлануы көз алдымызда қауырт жүріп жатыр. Жаңалық пен өзгеріс табан астында. Автоматтандыру үдерісінің салдары адам мен қоғамға зиянын тигізбеуі үшін осы бастан қам жасаған жөн. Әрине, жаңа технологиялармен бірге жаңа жұмыс орындары ашылады. Креативті, бәсекеге қабілетті мамандар әрдайым сұраныста. Ең бастысы, өзгермелі өмірден өз орныңды тауып, өз ерекшелігіңді сақтау, адами құндылықтарға адал болу күн тәртібінен еш түспейді. Адамның қолынан бәрі келеді, ендеше, жастар заман талабына сай ілкімді болса алынбайтын қамал жоқ.

Дина ИМАМБАЕВА

1842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы