• Цифрлы Қазақстан
  • 02 Мамыр, 2019

Ауыз су мәселесі қалай шешілуде?

Тәуелсіздік алғалы елімізде өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз етуге 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Алайда, көптеген елді мекендерде халық таза суға әлі де қол жеткізе алмай келеді. Жақында сенаторлардың орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдары басшыларымен кездесуі барысында Сенат спикері Дариға Назарбаева асуынан ақсауы көп болған ауыз су бағдарламасын сынға алып, оны қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кететін Бермуд үштағанына теңеді.

Халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге жуырда Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы да айрықша назар аударды. «Павлодар облысы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінен еліміз бойынша көрсеткіші ең төмен өңірлердің бірі. Бұл мәселені жүйелі түрде жедел шешу керек.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 2018 жылы сумен жаб­дықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Үкімет пен әкімге әрбір бөлінген теңгеге қатаң бақылау жасауды тапсырамын. Сонда ғана халықты сумен қамтамасыз ету ісін уақытылы және тиімді шеше аламыз», – деп нықтады Қасым-Жомарт Тоқаев. Бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарында кемшіліктер барын тиісті ведомство басшылығы жасырған жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің деректеріне қарағанда, бүгінгі таңда елімізде ауылдық жерлерді сумен жабдықтауда ең төменгі көрсеткіштер Павлодар өңірімен қатар, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында да орын алып отыр. Өткен жылы сумен елдегі 6499 ауылдың 3892-cі, яғни барлық ауылдың 59,9%-і жаб­дықталған. Қазіргі уақытта ауыл халқының 84,4%-і немесе 6,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізіп отыр. Қалалық жерлерде 10 млн адам – қала халқының 94,5%-і ор­талықтандырылған сумен қам­тамасыз етілді. Жалпы Қазақстан халқының 90,2%-і немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Әйтсе де, жобаларды іске асыру­дың оң әсеріне және республика бойынша көрсеткіштердің артуына қарамастан, жекелеген өңірлерде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша теңсіздік байқалуда. Ауылдық жерлерді сумен жабдықтау бойынша рейтингтің ең төмен көрсеткіші 29,7%-пен Павлодар, 31,4%-пен Қостанай, 46%-пен Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Сондай-ақ қала тұрғындарын ор­талықтандырылған сумен қамта­масыз етуде Жамбыл (86,6%) және Ақмола (86%) облыстары артта қалып отыр. Халықты сапалы ауыз сумен жә­не су тарту қызметтерімен қамта­ма­сыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы іс­тері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов: «Біздің минис­тр­лік­тің басты міндеттерінің бірі – халықты сапалы ауыз сумен және су жүйелерімен қамтамасыз ету. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында былтыр ауылдық елді ме­кендерді сапалы сумен жабдықтау ісіне 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен ауыл ішіндегі жүйелерге – 69,6 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл 122 ауыл­ды орталықтандырылған сумен жабдықтау желілерін салуға, қо­сымша 300 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге, 5,5 мың шақырымнан астам желілерді салуға және қайта жаңартуға мүм­кіндік берді», – деді. Негізінен қомақты қаражат бө­лінді, ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатыр. Алдымен «Ақ бұлақ» бағдарламасы, кейін «Ауыз су» бағдарламасы қолға алынып, енді аймақтарды дамыту бағдарламасы осы жұмыстарды жалғастыруда. Комитет басшысы тұтастай алғанда, көрсеткіштердің жақсаруына қарамастан, жекелеген өңірлерде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша әлі де мәселелер бар екендігін айтты. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді жеделдету мақсатында Nur Otan партиясының съезінде Елбасы міндеттеген тапсырма бойынша биылдан бастап қосымша жыл сайын 20 млрд теңгеден 140 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 15 млрд, жергілікті бюджеттен – 5 млрд теңге бөлінеді. Осыны ескере отырып, 2019 жылы рес­публикалық бюджеттен 411 жобаны іске асыру үшін 126,5 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырмен салыстырғанда 33%-ке артық. Ағымдағы жылы ауылдық жерлерді орталықтандырылған сумен жабдықтауды ауылдар саны бойынша 62%-ке дейін, ал тұрғындар саны бойынша 88%-ке дейін арттыру, ал қалалық жер­лердегі тұрғындардың 97%-ін қам­тамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ретте министрлік тұрақты түрде жоспарлаудың тиімділігін арттыру мен шығындарды оңтай­ландыру жұмыстарын жүргізуде. Жобалар функционалды қала­лық аудандарға кіретін ауылдар­мен экономикалық өсімнің негізгі нүктелері бойынша іріктеледі. Бұл Елбасының «инфрақұрылым – адамдарға» моделінен «адамдар – инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қағидатына сай келеді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламада бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдық­тау және су тарту жобаларын жоспарлау, іріктеу және іске асы­ру жүйелі тәсілі күшейтілді: құ­жаттарға қойылатын талаптар толықтырылды, барлық өңірде (Жамбыл облысынан басқа) 2025 жылға дейінгі ауылдық жерлер бойынша кешенді жоспарлар әзірленді, негізгі критерийлер мен басымдықтар нақтыланды. Сонымен қатар қазірде шаруашы­лыққа пилоттық режимде тот басуға қарсы жабдықтар – зама­науи технологиялар енгізіліп жа­тыр. Ол қолданыстағы желілерді жаң­ғырту шығындарын азайтуға, құбырлардың қызмет ету мерзімін ұзартуға әсер етеді. Тағы бір айта кетерлігі, кәріздік-тазар­ту құры­­лыс­тарының жағдайына ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, алдын ала мәліметтер бойынша 53 қалада 330 млрд теңгенің кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту қажет. Биогаз, электр және тың­айтқыш өндіру мүмкіндігімен тұн­баны қайта өңдеуге негізделген жасыл технологияларды қолдану кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғырту жөніндегі шығындарды едәуір төмендетуге және осындай жобалардың жеке инвесторлар үшін инвестициялық тартымдылығын арт­тыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ЕҚҚДБ-дан жеңілдетілген займ алу және мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік механизмі бой­ынша инвестициялауға дайын ірі құрылыс компанияларынан ұсы­ныстар бар. Осы нақты шаралар кешені сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін салу кезінде шығындарды оңтайландыруға, мемлекеттік бюд­жетке түсетін жүктемені азайтуға және тиімділікті арттыруға ықпал етпек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

2186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы