• Цифрлы Қазақстан
  • 10 Қазан, 2019

Уәкілетті экономикалық операторлар қызметі ашық болады

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еларалық шаруашылық байланыстар ауқымының жылдан-жылға арта түсіп, алыс-берістің молаюы жалпы алғанда сыртқы экономикалық қызметті жетілдіруді талап етуде. Бұл орайда алға қойылып отырған басты талап кеден жұмысына, атап айтқанда әкелінген тауарларды ресімдеу кезінде мемлекет тарапынан айқындалған жеңілдіктерді ұсыну жолымен әрекет жасайтын, сенім көрсетілген сыртқы экономикалық қызметке қатысушы болып табылатын уәкілетті экономикалық операторлар қызметінің ашықтығына қатысты болып отыр. Аталған операторлар бірінші кезекті кедендік операциялар мен кедендік жеке тексерулерді жасауға, декларацияны бергенге дейін тауарларды шығаруға қатысты қым-қуыт шаруаның басы-қасында жүреді. Енді бұдан былай тілге тиек етіліп отырған уәкілетті экономикалық операторлар жұмысы жария жүргізілетін болды, осы ретте тауарларды есепке алу жүйелеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, тауарларды есепке алу жүйесінің бар болуын тексеру және тауарлардың есепке алынуын жүргізу тәртіптері мен қағидалары бекітілді. Аталған ережелерді әзірлеу барысында ірі кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің талап-тілектері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұсыныстары есепке алынғанын атап өткеніміз орынды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, мұндай талқылау, ой бөлісу нәтижесінде өмірге келген құжат осынау жықпыл-жықпылы көп тірліктің ашықтығын арттырып, заңға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың және еліміздің кеден заңнамасында көрсетілген бұл талаптардың бұлжытпай іске асырылуына тексеру жүргізу тәртібін қатайту, сондай-ақ тауарларды есепке алуға қашықтықтан қол жеткізудің нақтыланған тәсілдерін енгізу сияқты ұтымды шаралардың септігі тиеді, деген үміттеміз. Қабылданған қағидаларға сәйкес уәкілетті экономикалық оператордың тізіліміне енуге үміткер тұлғаның тауарларды есепке алу жүйелері мемлекетік кірістер органдарының қызметкерлері үшін қашықтықтан қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Осы орайда есептілікке қатысты тағы бір жаңалыққа тоқтала кеткеніміз орынды. Ол есепке алу-бақылау таңбаларының заңдылығын тексеруге қатысты. Атап айтқанда өнім әзірлеушілер мен ақпараттық-технологиялық компаниялар үшін бұл ретте есепке алу-бақылау маркаларын, акциздік маркаларды және басқа баспа өнімдерін бақылау, есепке алу және беру ақпараттық жүйесі модулінің API сервисі қолжетімді болды. Ақпараттық жүйе акцизделетін өнім өндірісі мен айналымын әкімшілендіру және бақылау қызметтерін жақсарту мақсатында құрылған. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы әзірлеген жүйе есепке алу-бақылау маркалары мен акциздік маркаларды беру үдерісін оңтайландыруға, өнім өндірісін бақылауды күшейтуге, сондай-ақ контрафактілік өнімнің бөлшек саудаға таралуын болдырмауға және бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін ақпараттық жүйеде уытты тағамдар мен темекі өнімдеріне арналған есепке алу-бақылау және акциздік таңбалардың түпнұсқалығын тексеру модулі іске асырылған болатын. Яғни, әрбір адам сайтқа кіріп, марканың сериясы мен нөмірін енгізіп, оның шынайылығын тексере алады. Сөйтіп, тұтынушылар мен өнім әзірлеушілердің есепке алу-бақылау құжаттарына және акциздік маркалар бойынша деректерге қол жеткізуі қамтамасыз етіліп отыр. Қазыналы қазан айының жамиғатқа жағымды жаңалығы мұнымен шектелмейді. Ол шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арналған, үстіміздегі жылдың аяғына дейін ұзартылып отырған салықтық рақымшылыққа қатысты. Ақпарат көздерінің деректеріне қарағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған салықтық рақымшылық шегіне орай 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша болған берешек сомасын салық төлеуші төлеген жағдайда өсімпұл және айыппұл сомалары есептен шығаруға жатады. Бүгінгі күнде 42114 салық төлеуші барлығы 8,0 млрд. теңге сомасына берешек төлеген, олардың 2,4 млрд. теңге өсімпұлы және 190,0 млн. теңге айыппұл сомасы есептен шығарылған. Салықтық рақымшылыққа қатысушылар тізімі кеңейтілген. Сонымен қатар жеке шоттарды жүргізу қағидаларына қосымшалар енгізілген, осыған сәйкес салықтық рақымшылық, сондай-ақ салық тексеру нәтижесіндегі салық және басқа да міндетті төлемдер 2018 жылғы 1 қазанға дейінгі салық мерзіміне есептелген. Бұл ретте салықтық есеп бойынша айыппұл сомасын есептен шығару оны 2019 жылғы 1 шілдеге дейін төлемеген жағдайда жүргізіледі. Осылайша, салықтық рақымшылық қолданылатын тұлғаларды кеңейту шеңберінде бүгінгі күнде 48 салық төлеушіге негізгі қарызды 677 млн. теңге сомасына төлегеніне сәйкес 228,8 млн. теңге өсімпұл сомасы және 111,8 млн. теңге айыппұл сомасы есептен шығарылған. Осы орайда шағын салықтық рақымшылыққа қатысты бизнес өкілдерінің өмірінен алынған мына бір мысалды келтіре кеткеннің артықтығы болмас. Алматы қаласында тіркеуде тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке салық тексеру нәтижесінде салық және өсімпұл есептелінген. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша акт бойынша есептелген сома шағымдалған. Шағымдалу нәтижесі бойынша тексеру нәтижелеріне сәйкес салық төлеуші салық бойынша негізгі қарызды 35,5 млн. теңге сомасына төлеген, осыған орай салықтық рақымшылық шеңберінде салық төлеушінің 13,6 млн. теңге берешек сомасы есептен шығарылған.

1647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы