• Цифрлы Қазақстан
  • 21 Қараша, 2019

Әлемдегі ең әдемі банкнот – теңге

ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалында Ұлттық валюта – теңге күніне арналған іс-шаралар өтті.

Әдетте көпшілік Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банк­терді шатыстырады. Орта­лық банк, яғни еліміздің бас банкі еліміздің несие жүйесін бақылайды, реттейді және оның басшылық рөлі мемлекет берген өкілеттіліктермен анықталады. Ал екінші деңгейдегі банктер болса, халық шаруашылығына тікелей қызмет көрсетеді, коммерциялық негізде кең көлемді қаржылық қызмет жасайды, несиелейді.

Міне, филиал директорының орынбасары Сергей Родин жоғары аграрлық-техникалық колледж және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен кездесу барысында осы мәселенің ара жігін ашып түсіндірді. Сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысы банк жүйесінің тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Филиалда өткен «Теңге – тә­уел­сіз Қазақстанның валютасы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде өңірдің бас банкі мамандары теңгенің тарихынан, оның еліміздің экономикалық негізі екендігіне нақты мысалдар келтіре отырып, жиналған жастарға, қатысушыларға валюта, теңге тарихынан қызықты деректерді келтіре әңгімеледі. Басқосудың қорытындысы Елбасы­­ның: «Теңге – еліміздің тәуелсіз­дігінің нақты белгісі. Қазақ теңгесі халық игілі­гіне қызмет етіп, еліміз­дің байып, өркендеуіне әр уақытта қыз­мет етсін!» деген сөзімен аяқталды.

Бұдан кейін студенттер, ашық есік күні шарасына қатысушылар Ұлттық банк филиалы музейін тамашалады. Бұл музей 1998 жылы қараша айында ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілуінің бес жылдығына орай ашылған еді. Ондағы жәдігерлер облыстағы банк жүйесінің құрылу және даму тарихынан, бағалы мәнеттер мен теңге жайынан сыр шертеді. Мерекелік іс-шара аясында келушілер музейдегі жәдігерлермен танысып, әр елдің валютасының сол елдің өткенінен, бүгінінен, экономикалық дамуынан хабар беретіндігін түйсінді. Ақшаның шығу тарихы, теңгенің дизайны жайында әңгімеленді. Қазақстан валютасының әдемілігі, дизайнының тартымдылығы түрлі халықаралық конкурстарда дәлелденгені сөз болды. Мысалға, теңгенің 20 жыл­дығына орай шығарылған 20 000 теңгелік банкнот «2016 жылғы үздік өңірлік банкнот», номиналы 1000 теңгелік түркі жазба ескерткіші «Күлтегінге» арналған банкнот «2013 жылдың үздік банкноты», номиналы 10000 теңгелік «Бәйтерек» сериясының банкноты Халықаралық валюта қауымдастығының «2007 жылдың үздік жаңа банкноты», ұлттық валютаның 15 жылдығына орай шығарылған 5000 теңгелік банкноттағы «SPARK» қорғаныс элементі банкноттарды қорғауда үздік инновация деп танылған. Ашық есік күні шарасы барысында қоғамдық қабыл­дауға келген азаматтарды филиал қызмет­керлері жеке мәселелерімен қабылдады. Олар­дың көпшілігін банктерден алған несие түйткілі мәселелері тол­ғандырады. Биыл­дың өзінде қоғамдық қабыл­дауға 285 азамат келген. «Адам өмірі қан айналымына байланысты жүреді, ал халықтың өмірі қаржы айналымының заңына байланысты жүреді» демекші, жалпы өңір түрғындарын, экономиканы несиелендіруде облыстағы екінші деңгейдегі банктердің жұ­мысы айтарлықтай. Ашық есік күні филиал ұсынған мәліметтер­ге сүйенсек, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 237,8 млрд. теңге көлемінде несие берілген, бұл өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 27,7%-ға артық. Соның ішінде ұлттық валютада берілген несие шамасы (237,7 млрд. теңге) 28,3%-ға өсті. Ал шетелдік валютадағы берілген несие (0,1 млрд. теңге) 98,3%-ға кеміді. Жеке тұлғалар 112,3 млрд. теңге көлемінде несие алған, ол өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 24,5%-ға артық, заңды тұлғаларға берілген несие шамасы 125,5 млрд. теңге, бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 30,8%-ға артық. Екінші деңгейдегі банктер шағын кәсіпкерлік саласына 22,6 млрд. теңге, облыс тұрғындарына құрылысқа, баспана сатып алуға 18,4 млрд. теңге, тұтынушылық мақсаттарға 86,1 млрд. теңге көле­мінде несие берген. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша несие бойынша жалпы берешек 288,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда, 18,9 %-ға өсті. Жеке тұлғалардың несиелік берешегі 176,9 млрд. теңгені құрап, 15,4%-ға өсті. Ал заңды тұлғалардың несие берешегі 111,3 млрд. теңге болды және ол 7,5%-ға өсті.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

1712 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы