• Цифрлы Қазақстан
  • 21 Қараша, 2019

ӘЛЕМДІК ДЕРЕКТЕР ТРАНЗИТІНЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖОБА

Үкімет басшысы Асқар Мамин және Әзербайжанның премьер-министрі Али Асадов Ақтау қаласында Каспий теңізінің табаны арқылы тартылатын екі ел арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі – «TransCaspianFiberOptic» жобасы құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.

«TransCaspianFiberOptic» транс­құрлықтық жобасы Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құрады. Каспий теңізінің түбінде 380-400 шақырымға жуық қашықтықта жүргізілетін кабель тарту жұмыстарын «Транстелеком» АҚ, «KazTransCom» АҚ және әзербайжандық «Azer­Telecom» байланыс операторы жүзеге асырады. Екі ел арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі, ол кемінде 4-6 терабит/с сыйымдылықта ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді. Трансқұрлықтық жоба құрылы­сының басталуына арналған салтанатты рәсімде сөз алған премьер-министр Асқар Мамин: – Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әзербайжан халқының жалпы­ұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев негізін қалаған елдері­міз арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстар дәйекті жалғасын табуда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саяси бағдарын жалғастыра отырып, Әзербайжанмен екі жақты қарым-қатынасты дамытып, тереңдетуге ерекше көңіл бөледі, – деп атап өтті. Үкімет басшысы «TransCaspian­FiberOptic» бірлескен жобасы деректер табыстаудың жедел және жақсы қорғалған инфрақұрылымын дамытудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жетекші Еуропа-Азия магистралды бағыттарының қатарына қосылуға және әлемдік деректер транзитінде лайықты орын алуға мүмкіндік беретінін айтты. Салтанатты рәсімнен кейінгі кездесу барысында Қазақстан мен Әзербайжанның үкімет басшылары екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, ауыл шаруапшылығы, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы мен оның даму мүмкіндіктерін талқылады. Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр Асқар Мамин метанол және олефин өндіретін зауыт құрылысының қазығын қағу рәсіміне қатысты. Жоба құрылысын сингапурлық «WestGasOil» компаниясы жүзеге асырады, 1,8 млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция салынады. Зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна метанол мен 600 мың тонна олефин өндіруге жетеді. Құрылыс кезеңінде 4000 жұмыс орны құрылады, 2023 жылы пайдалануға берілген соң кәсіпорында 650 адам жұмыс істейтін болады. Үкімет басшысы «AktauResort­Hotel» көпбейінді қонақүй-ту­ристік кешен құрылысының барысымен, сондай-ақ «ҚазАзот», «MangystauOilRefining» кәсіпорын­дарының және «Maga-Bread» нан-тоқаш зауытының жұмысымен танысты. Премьер-министр Әбіш Кекіл­баев атындағы мәдени орта­лық­та болып, Қазақстанның халық жазушысының мұражайын аралап көрді.

Рымтай Сағынбекова

1753 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы