• Цифрлы Қазақстан
  • 26 Желтоқсан, 2019

Нәтижелі инновацияға назар

Соңғы жылдары «Самұрық-Қазына» қоры Трансформация бағдарламасын қайта қарап, онда өндірістік бизнес-процестерді цифрландыруға ерекше екпін қойды. Сөйтіп, Қор жаңа ақпараттық технологияларды әзірлеу мен енгізуді көздейтін нақты да қолжетімді мақсаттармен цифрлық трансформацияға көшті.

Қазақстан экономикасын цифрландыруға, өсім нүктелерін айқындауға маңыз берілген «Digital Samruk» конференциясында Премьер-министр Асқар Мамин әлемдік аренада тұрақты өсу мен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуде ел экономикасын цифрландырудың өзектілігі күн санап артып келе жатқандығын атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде «Цифрлық Қазақстан» құралы іске қосылды.

Мемлекеттік қызметтерді ұсыну, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы салалары, көлік және тау-кен металлургия секторларында цифрлық технологияларды енгізуде айтарлықтай елеулі жетістіктерге қол жеткізілді, бұл Қазақстанның беделді әлемдік рейтингтердегі орнын жақсартуға мүмкіндік берді. Соңғы екі жылдың көлемінде мемлекеттік бағдарламаның жалпы экономикалық әсері 600 млрд теңгеден асқан. Дегенмен, цифрландыру ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне және тұрақты жұмыс орындарының генераторына тек жаңа құн құрудың тетігі болғанда ғана айнала алады. Осыған байланысты біртіндеп нәтижелі инновацияларға күш-жігер шоғырландыру керек. Нақ солар ел экономикасына жаңа технологияларды әзірлеу мен бейімдеуге серпін беріп, жұмыс орындарын құрудың жаңа тол­қынын іске қосуға мүмкіндік ту­ғызады. Мысалы, жуырда Сан-Франциско қаласында өткен жұмыс кездесулері аясында нарық көшбасшыларымен акселерация және венчурлық қаржыландыру саласында бірлескен қорлар құру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесіп Қазақстанда Аймақтық үлестес төртінші өнеркәсіптік революция орталығын құру бойынша жобаны жүзеге асырудың белсенді фазасы басталды. АХҚО базасындағы жаңа орталық елімізді Израиль, Үндістан, Қытай, БАӘ, АҚШ және Жапонияны қоса алғанда, бүкіл әлем бойынша ірі орталықтар желісімен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша Дүниежүзілік экономикалық форумның жетекші әлемдік серіктес компаниялары желісі арқылы Қазақстанға озық бизнес әріптестерді тартуға ықпалын тигізеді. Бүгінде салада қаражаттың қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Осы ретте «Самұрық-Қазына» қоры стартаптар инновацияларына тұрақты сұранысты қалыптастыру үшін зор әлеуетке және мүмкіндіктерге ие. – Сандық технологияларды одан әрі ықпалдастыру елі­міздің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз экономи­каның тізіміне кіруі және қазақ­стандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін шешуші мәнге ие, – деді Асқар Мамин. Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» басшысы қордың компаниялар тобында Цифрлық трансформация бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталды. Ахметжан Есімовтің атап өтуінше, Трансформация бағдарламасы аясында нақты жобаларды жүзеге асыру есебінен соңғы екі жылда тікелей пайда көлемі 86 млрд теңгені құрады, сондай-ақ табыстың тағы жанама түрі бар. Өткелі тұрған жылдың 11 айындағы қорытынды бойынша компаниялар тобының таза табысы шамамен 1 трлн 150 млрд теңгеге жетті. Шоғырландырылған бюджетке төлемдер 14% өсіп, 813 млрд теңге болды. Бір жыл ішінде Үкіметке дивидендтер көлемі 2 есе, ақшалай түрде 5 есе артты. Ауқымды IT аудит қорытын­дылары бойынша тиімділік тұрғысынан күмәнді жобаларды іске асыруға арналған шығындар оңтайландырылды. IT тиімділігін арттырудан жалпы пайда 60 млрд теңгені құрады. Холдингішілік сатып алу көлемі 4 есе – 2 трлн теңгеден 515 млрд теңгеге дейін азайды. Бір көзден сатып алу 900 млрд теңгеге немесе 1,5 есеге қысқарды. Категориялық сатып алуды дамыту жұмыстары шамамен 24 млрд теңге пайда алуға мүмкіндік берді. Бәсекелі ортаға 618 млрд теңге берілді. Осылайша сатып алу тетігін жетілдіру шамамен 140 млрд теңгені үнемдеуге жағдай жасады. Қор трансформацияны жүзеге асыру есебінен негізгі көрсеткіштерді жақсартуды әрі қарай жалғастыра бермек. Іс-шара барысында Үкімет басшысы Қордың портфельдік компанияларының және олардың серіктестерінің цифрлық технологиялар, «ақылды қалалар» саласындағы жетістіктерімен танысты.

Ботагөз Әбдірейқызы

1852 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы