• Цифрлы Қазақстан
  • 29 Қаңтар, 2020

Көлік инфрақұрылымының белді нысаны

Ел экономикасының қозғаушы күші мен локомотивінің бірі – құрылыс саласы. Еліміздің қарқынды дамып келе жатқан жол құрылысы кәсіпорындарының қатарында Алматы көпір құрылымдары зауыты айшықты орын алады. Көлік құрылысына қажетті құрама темір-бетон өндіретін ірі кәсіпорын қазірде мамандандырылған нақты өндірісті жолға қойып, жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Кәсіпорын өткен жылды табысты қорытындылап, өндіріс көлемінің динамикасын 155%-ға арттырды. Осы кезеңде 5 000 вагон дайын өнім тиеліп, жөнелтілді. Шаһардың ірі салық төлеушісі саналатын «АКҚЗ» ЖШС 2019 жылы бюджетке 1,5 млрд теңге көлемінде салық түсірді. Сонымен қатар өндірісті жаңғырту үшін меншікті капиталға салынған инвестициялар 1 млрд 378 432 млн теңгені құрады. «Өткен жылы өндіріс көлемі мен өнім сатылымы едәуір артты. Ең бастысы, біздің өнім бәсекеге қабілетті және үлкен сұранысқа ие. Бұл өндірісті жос­­парлы түрде жаңғыртудың, ин­но­­вациялық жобалар енгізудің нәтижесі деп білемін. Жылдан жылға еліміздің мемлекеттік бағ­дарламаларында белгіленген міндеттерді басшылыққа ала отырып құрылған өзіндік стратегиямызбен жұмыс істеп келеміз, – дейді зауыттың бас директоры, осы саланың білікті маманы Шухрад Шардинов. «АКҚЗ» ЖШС «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында Қазақ­стан нары­ғының 70%-ын көпір құрылымда­рымен қамтамасыз етуде. Зауыт өнімдері Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады. Бүгінгі таңда бұл меке­менің технологтары мен инженер-конструкторлары жаңа технологияларды, өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру процесін белсенді түрде енгізіп жатыр. Еурокодтарға сәйкес және көпір арқалығының құрылысына жұмсалатын бюджеттік қаражатты 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін ұзындығы 42 метр инновациялық көпір арқалығы жасалып, өндіріске енгізілген. Бұл көпір және жол өтпелері құрылысының бағасын айтар­лықтай арзандатады. Сонымен қатар Алматы қаласын абаттандыру бағдарламаларын іске асыру мақсатында еуро­па­лық сападағы жиектастар мен бор­дюрлерді жасап шығаратын желі іске қосылды. Өндірісті әртараптандыру – зауыттың экономикалық тұрғыда өсіп, жаңғыруының тағы бір қозғаушы күші болды. 2019 жылы АКҚЗ жанынан неміс технологиясы бойынша теміржолдарға арналған темір-бетонды шпал шығаратын еншілес компания құрылды. Инновациялық шпалдар пойыздарға сағатына 300 км жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Өнім ішкі нарықта қолданылады және экспортқа жіберіледі. Мұнда қосымша 100-ден астам жұмыс орны құрылды.

2018 жылы кәсіпорын алғашқы­лардың бірі болып Президент­тің жұмыскерлерге жалақыны көтеру туралы бастамасын қолдады. Өндіріске жаңа технологияларды енгізу, жасап шығарылатын тауар желісін арттыру арқылы сұранысқа ие инновациялық өнім көлемі айтарлықтай көбейді. Кезең-кезеңмен жаңғырту арқылы жеке өнім түрлерінің өзіндік құны төмендетілді. Соның нәтижесінде зауыт басшылығы еңбекақыны өсіруге мүмкіндік алды. Мысалы, 2018 жылы зауыт жұмысшыларының орташа жалақысы 168 000 теңге болса, өткен жылы ол 207 000 теңге деңгейіне жетті. Зауытта жұмыс істеген жылдар ішінде кәсіпорынның жаңа буын басшысы өндірістің әлеуметтік мәдени аумағын айтарлықтай кеңейте алды. Ш.Шардиновтың пікірінше, жұмысшыға зауытта үйдегідей қолайлы жағдай жасалуы керек. Осындай көзқараспен АКҚЗ-да дүкен, медициналық орталық, шаштараз, асхана сияқты бар әлеуметтік нысандарға жүзу бассейні мен фин моншасы бар фитнес орталығы да қосылды. Қызметкерлерінің қамын ойлай отырып, зауыт еңбеккерлерінің әлеуметтік қорғалуына барлық жағдай жасауда. Кәсіпорынның үздік жұмысшылары Түркия, Египет, БАӘ елдеріне жолдамамен марапатталды. 84 еңбек ардагері азық-түлік жиынтығын және ақшалай жәрдемақы алады. Жыл сайын көп­балалы отбасылардан шыққан 30 бала жазғы лагерьлерге демалуға жіберіледі. Зауыт – «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі», «Үздік ұжымдық шарт», «Компания қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға және сақтауға қосқан үлесі үшін» конкурстардың лауреаты. Жыл сайын зауыт жұмыскерлерін әлеуметтік қолдауға 60 млн тең­геден астам қаражат жұмсайды. Тұрақтылық пен жоғары әлеуметтік жауапкершілік көрсеткіші – зауытта 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан еңбек ардагерлері. АКҚЗ-да осындай уақыт жұмыс істеген қызметкерлерге машина сыйлау дәстүрі бар. Осы бір дәстүрге сай екі темір тұлпар кілті арматура цехы бригадирі Геннадий Полянский мен арматура цехы бастығы Виктор Чехонадскийге берілді. Компанияның тағы бір ерекшелігі – болашақ ізбасар мамандарды бүгіннен бастап дайындауы. Зауыт еңбек практикасы кезінде келешек мамандардың қабілетін бағалай отырып, студенттердің білімін жетілдіру үшін колледждермен және жоғары оқу орындарымен белсенді әріптестік орнатқан. Өткен жылғы тамызда Премьер-министр Асқар Мамин көпір құрылымдары зауытында Алматы және Алматы облысын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кездесу барысында АКҚЗ бас директоры Үкімет басшысына инновациялық технологияларды енгізу және за­уыт белсенді қатысатын мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асырудың арқасында кәсіпорын қуатының өскендігі туралы баяндады. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі 3 есе артты. Жастар өнеркәсіптік үдеріске белсенді түрде қосыла бас­тады. Зауыт қол жеткізген жоғары жетістіктер бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы құруға, өнеркәсіпті жаңғыртуға және жеке кәсіпкерліктің дұрыс стратегиясын қабылдауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудың нәтижесі қаншалықты табысты болатынын көрсетсе керек.

Ботагөз Әбдірейқызы

667 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы