• Бизнес & Қоғам
  • 12 Наурыз, 2020

Бақытты отбасы: Бағдарламаның екінші кезеңі іске қосылды

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ әлеуметтік маңызы зор «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты.

Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 4 862 қазақстандық отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізді. Сонымен қатар несиелері мақұлдауға ие болған тағы 261 отбасы бүгінде болашақ баспанасын іздестіріп жатыр. Бағдарлама аясында берілген 4 862 займ бойынша жеңілдетілген несиеге 1 768 көпбалалы және 2 408 толық емес отбасы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 686 отбасы қол жеткізді. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы бойынша Алматы қаласында тұратын 284 көпбалалы отбасының тиімді шарттармен баспана алуына көмектесіп, былтырғы жылы осы мақсатта бөлінген 50 миллиард теңге қаражатты игерді. Биыл көпбалалы отбасылар үшін бюджет тарапынан бөлінетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайтылды. Ол 100 миллиард теңгені құрайды. Яғни қолжетімді займ осы жылы шамамен 10 000 отбасыға беріледі. 10 наурыз күні өткен үкімет отырысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бюджеттік несиені бөлу жөнінде қаулы қабылданды. Ал 50 млрд теңге көлеміндегі келесі транш үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында берілетін болды. Биылғы жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдер кешегі күннен, яғни 11 наурыздан бастап қабылдануда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуына қарағанда, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан отбасылар жалпы алғанда 14 000 бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде бұл бүлдіршіндердің бәрінің өз үйі, ойын ойнап, сабағына дайындалатын жеке бөлмесі бар. Оның үстіне, мектептері де жап-жақын. «Биыл біз осы әлеуметтік маңызы зор бағдарламаны одан әрі жалғастыратын боламыз. Бағдарламаның несие беру шарттары да толықтай сақталған. Банкке жергілікті әкімдіктен жолдама алған соң хабарласқан жөн. Займ мөлшерлемесі бұрынғысынша 10 пайыздық бастапқы жарнамен жылдық 2 пайызды құрайды. Биылғы жылы енгізілген басты өзгеріс – ең жоғары табыс көлемі. Енді ол күнкөріс минимумының мөлшеріне сәйкес есептелінетін болады. Талаптарға сай, жеңілдетілген займ алу үшін әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда ай сайын екі күнкөріс минимумынан, яғни 62 366 теңгеден аспауы қажет. Осылайша, бұған дейін осы талапқа сай келмеген отбасылар биылғы жылы бағдарламаға қатысып, қоныс тойын тойлай алады», – дейді Ләззат Ибрагимова. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады. Сондай-ақ бағдарламада жер үй сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы ең жоғары займ сомасы 15 миллион теңгені құрайды, қалған аймақтарда ол 10 миллионға тең.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы