• Билік
  • 19 Наурыз, 2020

Президент Тоқаев: Алтын Орда – қазақ мәдени кодының маңызды бөлшегі

Қарға тамырлы қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Қазақстан біртұтас Еуразия құрылығының бел ортасын алып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес». Қазақтың ата-бабалары сол Еуразия аймағында бой көтерген бірқатар мемлекетті құруға атсалысқан, олардың іргесін қалауға және өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан. Ондай мемлекеттік құрылымдардың қатарында Алтын Орданың алатын орны ерекше. Ол тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп те аталады.

Өткен жылғы қыркүйекте Сочиде болып өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубының жыл сайынғы XVI отырысында сөз алған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орданың қазақ мәдени кодының маңызды бөлшегі» екенін нықтап айтты. «Қазақстанға келсек, өздеріңіз де білесіздер, ол шын мәнінде және географиялық тұрғыда да еуразиялық ел саналады. Әрине, ел аумағының басым бөлігі Азияда орналасқан. Дегенмен, Қазақстан территориясының 4 пайызы еуропалық континентте жатқанын ұмытпау керек. Ол дегеніміз – 120 мың шаршы километр жер», - деп атап өтті президент. Бірақ сол көрші Ресейде осындай ақиқатқа күмән келтірушілер жетіп жатыр. Бұлардың ішінде А.Солженицын мен В.Жириновский сияқты қазаққа келгенде ойын­дағысын іркілместен лақ еткізіп ақтара салатындар ғана емес, В.Трепавлов сынды өз ортасында беделді тарихшы мамандар да бар. Бірақ бәрібір алдыңғылардан кейінгілердің айырмашылығы шамалы. Олардың бәрінің айтқанынан туындайтын тұжырым біреу-ақ: тарихы тұрғыдан алғанда, қазақ – «ұша­рымды жел біледі, қонарымды сай біледі» дейтін қаңбаққа ұқсайтын тұрақты жері де, шекарасы да жоқ қаңғы түз тағысы. Әлгі В.Трепавлов, мәселен, былай дейді: «При этом нужно отметить, что территория проживания казахов того времени не полностью совпадала с нынешними границами Рес­публики Казахстан. Скажем, на Яике казахи стали появляться только в XVII веке (Младший жуз), а до тех пор этот регион служил местом жительства ногаев, калмыков и уральских (яицких) казаков. Лишь когда массы кочевников, спасаясь от джунгар, откатились на запад в конце XVII – начале XIX веков, там возникло постоянное казахское население» («Российские вести», 31.05.2001, 16-17 бб.). Осылайша белгілі ресейлік тарихшы Ресей Федерациясының ресми басылымының бетінен «Қазақстан Республикасының бүгінгі шекарасы қазақтар бұрын өмір сүрген ауқымымен үйлеспейді» деп жар салды. Сонымен, ол алдағы уақытта Қазақстан Рес­публикасы жерінің біртұтастығын ресми деңгейде даулауға мейлінше қолайлы негіз қалыптастырмаққа ниет танытты. В.Трепавлов жай адам емес. Ресей ғылым академиясының өкілі. Осы кісіге ноғай халқының тарихын жазып шығуға тапсырыс берілген. Енді ол өзін Ресейдегі ноғай мен қазаққа қатысты тарихтың ең үздік маманы ретінде көрсетуге бейімді. Дұрыс-ақ делік. Бірақ оның негізгі тұжырымдарының көбі тіпті де ақылға сыймайды. В.Трепавловтың ғылым ретіндегі біліміне, тақырыбын білетіндігінде ешқандай күмән жоқ. Мәселе басқада. Пейілде. Қазаққа деген пейілінің терістігінде. Орал казактары 1991 жылы өздерінің 400 жылдығын тойлауға талпыныс жасады. Демек, өздерінің есебі бойынша, олар осы өзен жағасына 1591 жылы табан тіреген. Қалмақтың Жайық жағасына шамамен 1616 жылы жеткені белгілі. Ал сонда қазақтар ол жаққа алғашқы рет бұдан да кеш келіп жеткен болып шығады. Бұны тарихи деректер емес, қасақана пейіл негізінде жасалған тұжырым деуден басқа амал жоқ. Сол Жайықтың арғы жағында қазіргі Қазақстан территориясының еуропалық конти­ненттегі 4 пайызы орналасқан. Ресейлік тарихшы әлгі пікірін қандай оймен атты екен? Бұл бізге белгісіз.

Осы жердегі В.Трепавловтың әңгімесі Жайыққа қатысты болған соң, қазақы түсініктің (казахские представления) тарихи айғақтарының бірі ретінде «Қыз Жібек» жырын алып қарастырайық. Алғашқы рет оны қағазға түсіріп, ғылми айналымға енгізген орыс этнограф-ғалымдары екен. Бұл XIX ғасырда болған. Сол орыс ғалымдары жазып алған жырдың тексті мынадай сөздерден басталады: «Баяғы бір заманда Қара теңіздің жағасында жағалбайлы деген ел болыпты...». Сол жағалбайлы руынан шыққан Төлеген деген жігіт өзінің аттастырған қалыңдығы Жібекті іздеп, Жайық жағасын қоныстап отырған шекті жеріне келеді. Бұл екі рудың екеуі де сол В.Трепавлов айтқан Кіші жүзге кіреді: жағалбайлы – жетіру тайпасына, шекті – әлімұлына. Жырда қалмақпен боған соғыс суреттеледі. Мәселе оның барысында кімнің жеңіп, кімнің жеңілгенінде емес. Мәселе «Қыз Жібек» дерегіне қарағанда, сол заманда Кіші жүз қазақтарының Жайыққа жетпек түгілі, осы өзеннен бастап әрі қарай Қара теңіз жағалауына дейінгі кеңістікті қоныстанып отырғаны байқалады. Бұндай дәлелдер қазақ ауыз әдебиетінде жетіп артылады. Ондай айғақтар тіпті сол В.Трепавлов тарихын мұқият зерттеген Солтүстік Кавказда тұратын ноғайлардың фольклорында да бар. Оны тіпті біздің заманымыз­да шығып жатқан сол Ресей Феде­рациясының энциклопедия­ларының өзі-ақ тамаша дәлелдеп бере алады. Мәселен, «Энциклопедия народов России» деген бірегей еңбекте ноғайларға қатысты мындай мәлімет жарияланған: «Развит фольклор: богатырские поэмы (Ахмед сын Айсыла, Копланлы батыр, Эдиге, Мамай, Манаша, Аманхор и др.), обрядовая поэзия (родильные, свадебные, трудовые и др. песни, песни-оплакивания), лирические дестаны (Боз йигит, Козы-Крпеш, Боян Слу и др.), казацкие песни (къазакъ йырлары), сказки, легенды, анекдоты, пословицы, поговорки, загадки». Бұл жердегі «къазакъ йырлары» дегеннің «казацкие песни» емес, «қазақ жырлары» екені өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Біріншіден, қазіргі ноғай тіліндегі «къ» әріптік тіркесі қазақтың «қ» әріпінің баламасы. Бұлардың екеуі де сол қазаққа үйреншікті «қ» дыбысын береді. Сондықтан ноғай тілінде «къазакъ» деп жазылса, бұл «қазақ» дегенді білдіреді. Ал «казак» атауы – ол ноғай тілінде де өзгеріссіз «казак» болып жазылады. Екіншіден, аталмыш энциклопедияның «песни» дегені орыс казагынікі болса, оның «йырлар» деп аталауы да, ноғай фольклорында туған әдебиет мен мәдениет туындылары ретінде қаралауы да мүмкін емес болар еді. Сондықтан бұл жерде энциклопедиядадағы ноғайға қатысты материалдың авторы да, оның редакторлары да, әрине, қателікке ұрынған. Бүгінгі Ресейдегі жалпы тарих ғылымы ауқымындағы ғылми сана (!!!) үшін бұндай бұрма­лаушылық өзінше заңды болып табылады. Өйткені В.Трепавлов сияқты ғалымдардың билігіндегі көшпенділерге қатысты ресейлік ресми білік бұрын қазақтар Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауында қоныстамақ түгілі, Жайық өзенінің жағасына да жақындап келе алған жоқ деген қасақана қырсықты, шындыққа қиянатты түсініктерге негізделген. В.Трепавловке осыншама көңіл бөлетін себебеміз мынада. Ол А.Солженицын не В.Жириновский сияқты тарихқа қалай дегенде де, тек әуесқой автор ретінде ғана баға бере алатын тұлға емес. Ол – маман тарихшы. Және жай тарихшы емес, тарих ғылымдарының докторы. Жай ғылым докторы емес – ноғай және сонымен туыстас халықтар тарихынының бүгінгі Ресейдегі ең үздік маманы. «Энциклопедия народов России» сияқты басылымдарда шындығындағы «қазақ жырларының» жоқ жерден «казацкие песни» дегенге айналып кетуіне осындай мамандардың сіңірген таудай еңбегі бар. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда атап көр­сетілгендей пікір танытуы өте ма­ңызды іс болып табылатына күмән жоқ. Мемлекет басшыларының осындай жағдайларда алатын орны бөлек қой. Мәселен, Түрікменстанның алғашқы президенті С.Ниязов «Рухнама» деген кітап жазды. Оның негізгі бөлігі – түрікпен халқының бұрында қаншалықты ұлы болғаны, түрікпен тайпаларының қанша аймақты бағындырғаны туралы. Былай қарасаң, тіпті ертегіге ұқсайды. Бірақ осы жерде мынадай нәрсеге назар аударайық. Мысалы, ол кітапта біздің Маңғыстауға қатысты сөз де бар – «Огуз хан туркмен подчинил себе Мангышлак, Сырдарью, Амударью и Копетдаг как свою исконную землю». «Рухнама» бізде қазақшаға аударылып шықты. Қыңқ деген ешкім жоқ. Сыртқы істер министрлігіне президент С.Ниязов тарапынан «Рухнамеде» айтылғанды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы жерінің бөлінбестігі және біртұтастығы туралы нақты мәлімдеме жасауға тапсырма берген жөн болған болар еді. Бірақ бұл іс істелген жоқ. Тәжікстанның қазіргі президенті Э.Рахмонов Ресейдің «Наш современник» журналына берген сұхбатында былай деді: «Трудно представить такие науки, как астрономия, математика, естествознание, философия, без величайших открытий и достижений, О. Хайяма, Ал-Беруни, Ал-Хоразми, Имома Тирмизи, Фороби и других. Имя Фараби (Фороби) - славного сына таджикского народа - стоит в одном ряду с другими гениями человечества» («Таджики - в зеркале истории», 228-233 бб, №3, 1998 г.). Бұл жерде тіпті Фарабидің шындығында ұлты жағынан кім болғандығы туралы дауласпай-ақ қояйық. Мүмкін, түркі болған шығар. Мүмкін, тәжік болған шығар. Мүмкін, Батыс энциклопедияларында айтылғандай, тіпті араб болған шығар. Қалай болғанда да, Фарабидің бүгінгі Қазақстан жерінде дүниеге келгені – ғалымдар тарапынан танылған факті. Ал оның ұлтының фактін қазір дәлелдеу тіпті мүмкін емес, өйткені ол заманда паспортқа ұлттық белгісін жаздыру түгілі, сол паспорттың өзі де болмаған. Бірақ қазіргі заманда Фараби аты – Қазақстан Республикасының бас­ты символдарының бірі. Негізгі ұлттық университетімізге соның аты берілген. 2020 жыл Әбу Насыр әл-Фараби жылы болып жарияланып, біздің республика басшылығы оның 1150 жылдық мерейтойын өткізу туралы іс-шараларды қамтитын арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан жоғарыда көрсетіл­гендей жайттерді аяқсыз қалдырмауға тырысу қажет. Біз айналадағы көршілеріміздің барлығын казақ мәдениетін еуразиялық Ұлы дала мәдениетінің мұрагері ретінде тануға дағдыландыруды қолға алуға тиіспіз.

Қайрат ҚАЗАҚПАЕВ

544 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы