• Билік
  • 23 Сәуір, 2020

Жол маңызын айқындаған бағдарлама

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасы тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құруға, транзиттік және көлік қызметтерін дамытуға, техно­логиялық және инсти­туцио­налдық ортаны жетіл­діруге бағытталған. Бұл ретте жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған. Алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы және реконструкциясы, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100%-ке дейін жеткізу, I және II техникалық санаттағы жолдардың ұзындығын 60%-ке дейін, ақылы жолдардың үлесін 45%-ке дейін ұлғайту, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз ету көзделеді. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Б.Атамқұловтың мәлімдеуінше, биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол қамтылмақ. Бұл саланың ағымдағы жылға арналған бюджеті – 680 млрд теңге. «Республикалық желі бойынша құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қам­тылады. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 1,5 мың шақырым жол қамтылып, оның 1,1 мың шақырымында жұмыстар аяқталады», – деді ИИДМ басшысы. Сонымен қатар жыл соңына дейін 5,7 мың шақырымға төлем жүйелерін орнату, 158 қызмет көрсету нысанын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру, санитарлық-гигиеналық қондырғылармен қамтамасыз етілген 23 жанармай құю станциясын салу, сондай-ақ 62 санитарлық-гигиеналық қондырғы орнату қарастырылған. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі тиісінше 89%-ке және 75%-ке дейін ұлғаюы тиіс. Жыл қоры­тындысы бойынша жалпы ұзын­дығы 2,6 мың шақырымды құ­райтын автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Тақырыпты талқылай отырып, Үкімет басшысы биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Қалбатау – Майқапшағай, Мерке – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Петропавл – Ресей шекарасы, Қостанай – Денисовка сияқты учаскелерде 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылады. «Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жер­гілікті маңызы бар жолдар бойынша биыл 3,5 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Еліміздің тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан біздің міндетіміз – осы игі істі игеру үшін барынша күш жұмылдыру», – деді А.Мамин. Осы ретте Премьер-министр Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК-мен бірлесіп, биылға жос­парланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскелерде төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс маусымын мүмкіндігінше тиімді пайдалану, жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеулер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін жасыл дәліз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударып, отандық құрылыс индустриясының қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды. А.Мамин еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға, оның артуына барлық көлік түрлерінің, сондай-ақ негізгі операторлар – ҚТЖ, ҚазАвтоЖол, Қазаэронавигацияның ықпалы маңызды екендігін атады. Тран­зиттік ағымды қолдау мен ынталандыру үшін қажетті шараларды қолға алу, Шымкент әуежайы­ның жолаушылар терминалының және Түркістандағы халықаралық әуе­жайдың құрылысын аяқтау, сондай-ақ Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларын реконструкциялау жұмысын бастау тапсырылды. Үкімет басшысы темір жол көлігі саласында вагон паркін жаңарту және магистральдық темір жол желісінің тозуын төмендету, сондай-ақ су көлігі саласында кеме қатынасы шлюздеріне күрделі жөндеу жүргізу бойынша жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін, биыл «Нұрлы жол» аясында іске асыру жоспарланған барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде аяқталуы тиістігін баса айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

216 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы