• Цифрлы Қазақстан
  • 21 Мамыр, 2020

Электрондық коммерция нарығы нығайып келеді

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бүгінгі таңда бүкіл әлемде бөлшек саудадағы электрондық коммерция нарығы дәстүрлі сауданы ығыстыра отырып, озық қарқынмен өсіп келеді. Бұл үрдістен біздің еліміз де қалыс қалып отырған жоқ. Саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттағы шаралар электрондық саудада экспортты арттыру, отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тарту және инфрақұрылымды дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық сауданы ілгерілету сияқты үш бағыт бойынша құрылымдалған. Елімізде екі мыңнан астам интернет-дүкен бар. Олардан сатып алу көлемі 422 млрд. теңгені құрап, халықаралық интернет-алаңдары бойынша 280 млрд. теңгеге жетті. Сатып алулар саны 40,5 миллионға дейін өсті. Бұл ретте ішкі нарықтың негізгі өсімі 2,5 есеге асып, 22 млн. дана болды. Өткен жылы белсенді сатып алушылардың саны 72 пайызға артып, 3,2 млн. адамды құрады. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн. теңге көлемінде болды, электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жағдай POS-терминалды сауда инфрақұрылымының дамуына, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay енуіне, банктердің өз клиенттерін бонустар мен кэшбэк стимулдары арқылы ынталандыруына, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді қолдануға байланысты орын алды. Сондай-ақ халықаралық платформаларды тарту жөнінде шаралардың да көмегі көп болды. Өткен жылы «Wildberries» халықаралық компаниясымен инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды. Оның негізгі мақсаты – аталған платформа арқылы қазақстандық тауарлар экспортын арттыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрып, дамыту болып табылады. «Wildberries» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушысы ретінде тіркелді. Бұл оның инвестор ретінде өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына толық мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 21 қазақстандық компания Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения сияқты бағыттар бойынша осы платформадағы тауардың 594 түрін сатады. Алдағы уақытта сату ауқымы Еуропалық одақ елдеріне кеңейтіледі. Бұл инвестициялық жоба шеңберінде 14,8 млрд. теңге көлемінде қаржы тарту жоспарланған. Қаражат Алматы қаласында «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағы аумағында алаңы 50 мың шаршы метр логистикалық орталықты 2021 жылдың соңына дейін салуға бағытталатын болады. Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже 2 500 жаңа жұмыс орнын құру, сондай-ақ отандық өндірушілердің тауарларын сақтау және жеткізу шығындарын қысқарту болып табылады. Электрондық сауда нарығы экожүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар да өз қайтарымын беруде. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдерін өңдейтін 3 фулфилмент-орталық жұмыс істеуде. 2025 жылға қарай олардың саны 19-ға дейін өседі. Бұл пошта жөнелтімдері көлемін 82,8 млн. данаға дейін ұлғайтуға және бір мыңнан астам интернет-дүкендер қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тауар өткізу инфрақұрылымын құру шеңберінде агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары желісін цифрландыру жоспарланып отыр. Мәселен, олардың негізінде фермерлер мен көтерме сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңдары құрылады. Ақпараттық жүйе тауар ағындарын қадағалауға мүмкіндік береді және теңдестірілген өңір­аралық ағындарды қамтамасыз етеді. Еліміздің географиялық жағдайы трансшекаралық сау­даны дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Ол экономикалық өсудің зор әлеуетіне ие. Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасынан көрші Ресей мен Еуропалық одақ елдеріне транзиттік әлеует шамамен, тиісінше, 26 және 76 млрд. долларға бағаланады. Болжамдық деректер бойынша бұл көрсеткіштер 2025 жылға қарай, тиісінше, 77,6 және 198 млрд. долларды құрайды. Бұл жылына шамамен 4,5 млрд. жөнелтімге парапар. Өткен жылы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында құрылған бондты қойма арқылы Қытайдан Ресейге және Еуропалық Одаққа жөнелтімдер транзиті жолға қойылды. Ол арқылы 5 трлн. 9 млрд. теңгеге 147 мың тонна тауар тасымалданады деп күтілуде. Тауар транзитін жолға қою мақсатында қазақстандық транзиттік бағыттарды Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаны біріктіруге мүдделі сингапурлық PSA компаниясының халықаралық желісімен ықпалдастыру жоспарланып отыр. «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясымен бірлесіп, шекаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін PSA Group мүшесі Global Ports Services Pte Ltd компаниясымен келісім жасалды. Қазақстандық цифрлық сауда алаңдарын құруды қолдауға бағытталған шараларға келсек, азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілмек. Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, «Onay Bazar»-да 85 теңге ғана тұрады. Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр. Сауданы цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге, сондай-ақ ашық баға белгілеуге мүмкіндік бермек.

733 рет

көрсетілді

50

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы