• Аймақ
  • 22 Мамыр, 2020

Суармалы жер жемісін береді

Суармалы жер көлемін ұлғайту үшін тиімді суару жүйесі болуы керек. Жамбыл облысында осындай алқаптардың аумағын 200 мың гектарға арттыру міндеті қойылған болатын. Бұл межеге жақындауға өңірдегі суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары мүмкіндік береді.

Бүгінде өңірде 110 мың гектар көлемінде суармалы жер бар. Ал суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артуы тиіс. Осыған байланысты Жамбыл облысында жалпы құны 24,7 млрд теңге болатын су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болды. Бұл іс Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі негізінде жүзеге аспақ. Өңірде жұмыс сапарымен болған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге су шаруа­шылығы саласында жүзеге асы­ры­­лып жатқан жобалармен танысты. Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральдық каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Қазірде ондағы 36 шаруа қожалығы жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары осы мәселені шешуге бағытталған. Ұзындығы 8,4 шақырым болатын Исмаил магистральдық каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтірілмек. Сондай-ақ ирригациялық және дре­наждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартады. Осылайша, облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің нысандарына жаңа дем беріледі. «Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев өзекті мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын 8,5 миллионнан 18,5 миллион текше метрге дейін кеңейтуге, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайына назар аударды, «Химпарк Тараз» ЖШС құрылысын жөндеу қажеттігін айтты. – Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті. Мүмкін болса, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, материал ұзаққа төзімді және су шығынын айтарлықтай азайтады, – деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев. Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жер­лердің аумағын 1,6 миллионнан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін атап өтті. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керек. Су мәселесінде тәуелділікті азайту үшін жаңа су қоймаларын құрудың маңыздылығы айтпаса та түсінікті. Осы орайда Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр болатын Ақмола су қоймасын салу жоспарлануда. Құны 4,8 млрд теңге болатын жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету. Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкін екенін ескеріп өтті. М.Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Құрылыс орнымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды. Ондай үлгіде тиімділік екі есе артып, сумен қатар электр энергиясы да жеткізілмек. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Соған сәйкес су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Министр өңір басшысымен бірнеше су қоймасын салу жоспарын талқылағаннан кейін, ТЭН әзірлеуге шешім қабылданды. Аталған жобалар облысты сумен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қазірде магистральдық арналар мен ирригациялық дренаж жүйесін жөндеу жұмысы жүргізілуде. ЕҚДБ қаражатының арқасында ұзындығы 1294,34 шақырым 264 арна қайта салынып жатыр. «Байзақ» магистральдық каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда, нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі. Ал Сәмбет магистральдық каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізбек. Экология министрлігінің басшысы Шу және Қордай аудандарындағы бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады. Сондай-ақ каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданындағы механикаландырылған жасақтың қызметімен танысты. Жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы