• Қаржы
  • 22 Мамыр, 2020

Капитал жылыстауын тежеу мүмкін бе?

Еліміздің өз ішінде, әсіресе республикамызда жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар мен жекелеген ірі квазимемлекеттік кәсіпорындарда жалақыны жасырып төлеу, тіпті шет мемлекеттерге түрлі желеулермен асырып жіберу фактілері орын алатыны ешкім үшін жасырын емес. Мұны Covid-19 пандемиясының өсуіне байланысты дағдарыс кезінде Қазақстаннан заңсыз әкетілген капиталды қайтарудың өзектілігі артып отыр деп http://finreview.info сайты да атап көрсетеді. Ақпарат көзі «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасынан әкетілген капиталдың көлемі шамамен 200 миллиард АҚШ долларын құрады» деп жазып, көлемді пікір білдірген болатын. Енді соған жан-жақты тоқталып өтсек.

Шын мәнінде соңғы жылдары ақпараттық айдында заңсыз әкетілген капиталды Қазақстанға қайтару қажеттілігі туралы мәселе бірнеше мәрте көтерілді. Осыған қатысты мынаған да назар аударған жөн болар еді. Естеріңізде болса, 11 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағ­дай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қоры­тынды отырысында сөйлеген сөзінде, басқалармен қатар «ұлттық компанияларға тиесілі жекелеген құрылымдарды шет­елдік юрисдикциялардан AIFC-ке кезең-кезеңімен көшіру бойынша жұмысты бастау керек» деп мәлімдеді. «Егер өзіміздің компаниялар шетелдік юрисдикцияларды таңдаса, біз шетелдік инвесторлардың сенімін жүзеге асыра алмаймыз», деген болатын сонда президент. Халықаралық сарапшылар­дың бағалауынша, тәуелсіздік жылдары шетел асырылған капиталдың көлемі 200 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл Ұлттық қордың ағымдағы актив­терінен 3,5 есе көп. Алайда елге тек 90 млн АҚШ доллары ғана қайтарылыпты.

Капиталды қайтарып алудың әртүрлі тәсілдері бар және де, көп жағдайда, бұл толықтай заңды. Сыртқы эко­номикалық келісім-шарт­тармен түрлі айла-шарғы жасау арқылы бизнес те осы процестерге өз үлесін қосып жатады. Сонымен қатар, экспорттық-импорттық операциялар ар­қылы елден жылыстайтын ақша ағымының динамикасы да тұрақты болып табылады. Бір өкініштісі, еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан ұзақ уақыттан бері Қылмыстық кодекстің тиісті бабын қылмыссыздандырды, осылайша елден ақшалай қа­ра­жаттар жылыстатушы экспорттаушылар мен импорттаушыларды соның кесірінен туындайтын ауыр зардаптардан азат етті. Тек әкімшілік ықпал ету тетіктері, соның ішінде өсімақылар мен айыппұлдар, ғана қалды.

Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар декларацияны өздері дербес ұсынады, онда келісімшарт бойынша қарыз сомасы толтырылады. Алайда, бұл құжат қарыздың нақты неден туындағанын айқындап бере алмайды. Мәселен, бұл экспорттық түсімнің уақтылы түспеуі немесе жеткізілмеген импорттық тауарлар үшін алдын-ала төлем салдарынан туындауы мүмкін. Қалай дегенде де, еліміздегі іскер белсенділікті уақытша тоқтатып тас­таған, сөйтіп, бюджет пен Ұлттық қорға түсімдерді едәуір қысқартқан, коронавирус індеті кесірінен заңсыз шығарылған ақшалай қаржылар ай­тарлықтай ұлғайған. Сондықтан да ортамерзімді келешекте мемлекет өсе түскен шығындарды, экономиканың мұнайлы емес секторының түсімдері есебінен, бюджетті теңгерімдеуге ұмтылуда. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуының іс үстіндегі бол­жамында трансферттерді есепке ал­мағандағы бюджеттің табыс бөлігін 2019 жылы 9,7 трлн теңгеден 2022 жылы 13 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Бұл таяудағы үш жылда мұнайлы емес экономикадан қосымша 2,5 трлн теңге салықтық түсімдер алу жоспарланып отыр деген сөз. Бұл ретте бюджеттің табыс бөлігін арттырудағы басты құралдардың бірі нақ осы – көлеңкелі экономикамен күрес болып табылады (1-таблица). Әйтсе де, елден шығарып әкетілген капиталды қайтару үшін жүргізілген заңдастыру бағдарламасы көзге көрінерліктей нәтижелер бермеді – олардың көлемі 10%-дан аспайды. Жұртшылық үшін офшорлар тақы­рыбы саяси алаңда 2010 жылдар­дың басында кеңінен жария болды. Соның айғағындай 2013 жылғы тамыз айында офшорды заңдастыру бойынша жұмысшы тобын құру жүзеге асырылды. Ал 2014 жылдың аяғында Қазақстан осы бағытта жаңа бір қадам жасап, 1988 жылғы Страсбург конвенциясына қосылды, бұл қазақстандық салық органдарын халықаралық ұйымдармен бірлесіп қимыл танытуды жақсартуы тиіс. Конвенцияға қол қоюға 90 елдің, соның ішінде 19 офшорлық құзіретті органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Аталмыш келісім қатысушы-елдерге резиденттер бойынша са­лықтық ақпаратпен алмасуға мүм­кін­дік береді, Қазақстан шет елдерде өз азаматтарының мүліктік меншіктері мен ақшалай қаржылары барын бақылап, оларды декларация бойынша мәліметтермен салыстыра алады. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері үш рет заңдастыру жүргізілді. 2017 жылы аяқталған солардың соңғысының қорытындысы бойынша 151 мың жылжымайтын мүлік объектісі заңдастырылған және 4,1 трлн теңге тартылған. Бұл активтер салықтық түсімдерді жылына 950 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік берген. Алайда, қазақстандықтар табыста­рының баршаға ортақ деклара­циясымен бірге мүлікті заңдастыру қар­жылардың ішінара қайтарылуын қамтамасыз етеді де, капиталдың безінуі мәселесін кешенді түрде шеше алмайды. Оның үстіне, Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, елдегі экономикалық қылмыс­тар өсе түскен. Ал бұл қазақ­стан­дықтардың ел ішінде, өз капиталдары­ның сақталуы мен оны ұлғайту мүм­кін­дігіне, бұрынғыдай әлі де сенбей­тінін аңғартады.

2019 жылы қазақстандық инвесторлар шекарадан тыс 2,7 млрд АҚШ долларын шығарып әкеткен Дегенмен де соңғы бес жылда тікелей инвестициялардың шет елдерге жылыстауы 2,6 есе қысқарған. Бәрінен де жиірек ақшалай қаржылар Кипрге, Нидерландқа және Кайман аралдарына – 1,4 млрд АҚШ долларына жуық асырылады екен. Сақтандыру және зейнетақы қорларын есепке алмағандағы – қаржылық қызметтердің ауқымды саласы – капиталды шығарып алып кету аясындағы іс-қимылдың негізгі түрі болып табылады (2-таблица). Инвесторлар атап көрсеткендей, елден капиталдың жылыстауы Қазақстанда банктік салымдарға баламалы құралдардың әлсіз дамуы салдарынан болып отыр. Мәселен, сомасы 100 мың АҚШ долларынан асатын жеке тұлғалар капиталын сақтауға және арттыруға бағытталған private banking қызметін қазақстандық 27 банктің 10-ы ғана ұсына алады екен. Қызметтің осы түріне сұраныс төмен күйде қалып отыр, өйткені қазақстандықтар қаражатын көп жағдайда халықаралық банктерге сеніп тапсырады. Сондықтан Қазақстанның қаржы секторы, ауқымы 1 трлн теңге құрайтын private banking нарқының әлеуетінен қағылып отыр, дейді сарапшылар. Қазақстандық капитал жылыстауы қалай төмендейді? Қазақстандық инвесторлардың ақшалай қаржыларын шекарадан әрі асыруды қысқартуларын елімізде private banking жүйесін дамыту арқасында ынталандыруға болады. Бұл қызметтің, бірінші кезекте, қаржы секторының түйінді мәселесі – жоғары деңгейдегі құнсыздану мен инфляциялық болжамдар жетегіндегі – жергілікті ЕДБ-терге сенімсіздікті шешуге мүмкіндік жасайды. Атап айту қажет, private banking қызметі – активтердің жылыстауы мен ағылуының себебі емес, құралы ғана. Оны дамыту, тек ішкі нарыққа сенім барда ғана, ел ішіндегі инвесторлар капиталын жергілікті жағдайға бейімдеу арқылы мүмкін болмақ. Сондықтан Қазақстанға аталған қызмет түрін көрсететін халықаралық ұйымдар келгені қажет, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық банктермен де, инвестициялық компаниялармен де ынтымақтастық орнатқан жөн. Соның нәтижесінде нарық 2025 жылға 2,5 млрд АҚШ долларына дейін өсе алады. Коммерциялық банктерден өзге, private banking пен мемлекеттік бастама – «Астана» халықаралық қаржы орталығы даму негізін құрайды. Атап айтқанда, АХҚО құрылуымен, Қазақстанда активтер мен инвести­­цияларды басқару бойынша қазіргі заманғы құралдар пайда болды. Мәселен, активтерді сенімгерлік (трас­товое) басқаруға беруге мүмкін­дік беріліп отыр. Мүліктік қаты­нас­тардың мұндай түрі дәулетті қазақстандықтарға өз активтерін түпкі бенефициарлардың табыс табу мақсатымен сенімді басқаруға беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар трасттың (сенім қоры) негізгі мақсаты – орын алуы мүмкін тәуекелдерден қорғау. Сенім қорлары – қолданылула­ры қарапайымдылықты, түсінікті тұжырымдаманы, құрылымының икемділігін және ұсынылатын активтерінің заңды қорғалуын қамтамасыз ететін – ағылшын-саксон құқықтық жүйесінің құралы болып табылады. Қазірдің өзінде АХҚО құзырлы құрылымында private banking жүйесінде жұмыс істейтін аса ірі халықаралық компаниялар тіркеліп үлгерген. Мәселен, солардың қатарында швей­ца­риялық Blackfort Capital және Clarus Capital компаниялары бар. Ал, бұл қазақстандық қаржы орталығына шетелдік қаржы институттарының жоғары сенімін айғақтайды. Міне, енді қазақстандық нарыққа нақ солардың келуімен дәулетті қазақстандықтар үшін, әзірге олар мұны шет елдерден іздеуге мәжбүр, VIP-қызметтің бүкіл аясы алдарынан ашылып отыр.

Исатай ҚАМБАРОВ

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы