• Атамекен
  • 28 Мамыр, 2020

Демократиялық үдерісті жалғастыруға бағытталған батыл қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi» атты Жолдауында елiмiздi дамудың жаңа сапалы кезеңiне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын, осы ретте реформаларды, оның iшiнде экономиканы реформалауды елдiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғырту арқылы ғана icке асыруға болатынын атап айтқан болатын.

Мемлекеттiң қоғамдық-саяси өмiрiнде азаматтардың өз ойлары мен ұстанымдарын жеке немесе топтасып бiлдiруi ерекше орын алады. Ол негiзiнен бейбiт жиналыстар арқылы жүзеге асырылады. Бұл әлемде кеңiнен тараған және адам құқықтары мен бостандықтарына байланысты халықаралық құжаттарда шешiмiн тапқан. Елiмiзде «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заң 1995 жылы 17 наурызда, тәуелсiз мемлекеттiң қалыптасу кезеңiнде қабылданған болатын. Бұл заң құрылымдық және мазмұндық сипаттағы кемшiлiктерiмен бірге, қоғамның бүгiнгi даму деңгейiне, оның сұраныстарына толық сәйкес келмейтiн еді. Осыған байланысты Президент Жолдауында митингілер туралы заңнаманы жетiлдiру туралы тапсырма берілді. Онда «Егер бейбiт акциялар заңның шеңберiнен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсiнiстiкпен қарап, жиындарды өткiзу үшiн арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетiнде болмауы тиic», – деп атап көрсетілдi. Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» заңның қолданыста болған бұрынғы заңмен салыстырғанда тұжырымдамалық тұрғыдан да, осы саладағы туындайтын қатынастарды реттеудiң құқықтық тетiгi жөнiнен де көп айырмашылығы бар. Үш тараудан және 21 баптан тұратын заң Қазақстан азаматтарының бейбiт және қарусыз жиналып, бейбiт жиналыстар өткiзу құқығын icке асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейдi. Еліміз Конституциясының 32-бабына сәйкес бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға (пикет) тұруға Қазақстан азаматтары ғана құқылы. Бұл мәселеде Конституцияның ең жоғары заңды күшi барын және республиканың бүкiл аумағында тiкелей қолданылатынын ескеру керек. Ұғымдар түсiнiгi – заңды қолдану кезiнде бiркелiлiктi қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн маңызды норма. Заңда негiзгi ұғымдарға, оның iшiнде, бейбiт жиналыстардың барлық бес түрiне, «қатысушы», «ұйымдастырушы», «арнайы орын» ұғымдарына түсiнiк берiлген. Заңда бейбiт жиналыстарды шектеу негiздерi нақты айқындалған. Атап айтқанда, бұл – мемлекеттiк қауіпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұдан басқа жағдайларда бейбiт жиналыстарды шектеуге жол берiлмейдi. Аталған норма «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактiге (21 бап) сай келедi. Бейбiт жиналыстарды ұйым­дастыру және өткiзудiң 6 қағидаты белгiленген. Соның бiрi – бейбiт жиналыстар өткiзу пайдасына презумпция. Бұл қағидат – бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзуге қатысты мемлекет тарапынан ұсынылып отырған тың және халықаралық тәжiрибеге үндес бас­­тама. Тағы бiр ерекшелік бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды анықтауға байланысты. Бұл жерде астананың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органдары – мәслихаттарға үлкен жауапкершiлiк жүктелдi. Парламент Сенаты заңды же­тілдіруге бағытталған бірнеше өз­герістер мен толықтырулар енгізді. Олардың бір тобы бейбiт жиналысты ұйымдастырушының мiндеттерi мен бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге бейбiт жиналысқа қатысу­шының әрекетiне тыйым салу туралы тармақтарға қатысты болды. Заң жобасында бейбiт жина­лысқа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету ұйымдастырушыға мiндет қылып жүктелген. Сол сияқты, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Бұл нормалар алынып тасталды. Себебi, кей жағдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану кажеттiлiгi туындауы мүмкiн. Мұндай жағдайда жоғарыдағы нормалар азаматтардың құқығын шектейдi. Сол сияқты бейбiт жиналысқа қаты­сушының денсаулығын сақтау­ға бағытталған жеке қорғаныш құрал­дарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн толықтыру енгізілді. Бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар көтерiлдi, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түскен болатын. Осы ретте астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталық­тары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешiм қабылданды. Бұл жиналыстар, митингiлер, тосқауыл қоюға қатысушылардың «көрiну мен естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады. Қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заң бұзушылық орын алмаған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беретін маңызды нормамен толықтырылды. Жаңа заң азаматтардың өз ойын білдіруге қатысты мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Ол еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі демократиялық үдерісті жалғастыруға бағытталған батыл қадам деп айтуға болады.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Парламент Сенатының депутаты

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы