• Қаржы
  • 10 Маусым, 2020

Енді теміржол билеттерін заңсыз сатушылар ауыздықтала ма?

Еліміздің экономикасында елеулі орын алатын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы наурыз айының 5-інен бастап пойызбен жүру билеті құнының 7 пайызға қымбаттайтынын жария етті.

Өткен жылдың желтоқсан айында осы мәселені көтерген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Әбденов істің мән-жайын былайша түсіндірген болатын: «Жыл сайын тасымалдау құны инфляция деңгейіне көтерілуі керек. Баға жылдың басынан көтерілмегендіктен, біз оны кейін жылдың аяғы болған соң 10 пайызға көтердік. Келесі жылы да баға өседі, инфляция деңгейіне көтеріледі деген үмітіміз бар. Меже – 7 пайыз. Инфляция әсерін билет арқылы қайтармасақ, басқа табыс көзі жоқ қой, өздеріңізге белгілі».

Билет тарифін өсірмеген жағдайда, ұлттық компания сол тұста мемлекеттен 2 миллиард 800 миллион теңге субсидия сұрамақ болған. Теміржол мәселесі ҚР парламентінің жоғарғы палатасында қаралған. Оны талқылау барысында сол кезде Сенат спикері темір жолдардың жағдайының мәз еместігін алға тартты. Дариға Назарбаева «Қазақстан темір жолының» жыл сайын тек жолдардың аз ғана бөлігін жаңартып, жөндей­тініне қынжылыс білдірді. Оның пікірінше, бұндай жағдай шенеуніктердің транзиттік әлеует туралы мақтана айтып жүргенімен мүлдем киыспайтын көрінеді.

«Темір жолдардың жалпы ұзындығы – 16060 шақырым, оның шамамен 3 мың шақырымы ғана жөнделген. Теміржол былай тұрсын, автомобиль жолдары нашар. Шекаралардағы инфрақұрылым туралы айтпай-ақ қояйын. Әрине, мұндай кезде тасымалдаудың өзге түрлері пайда болады», – деді Дариға Назарбаева.

Дегенмен, ақпан айының 24-і күні «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы наурыз айының 5-інен бастап пойызбен жүру билеті құнының 7 пайызға қымбаттайтыны туралы хабар таратты.

Бұндай шараның қолданылуы шығындардың барлық дерлік түрлеріне бағаның өсіп жатқанына байланысты екен. Яғни электр қуаты да, жанармай да, тасымалды қамтамасыз ету үшін қажет материалдар да қымбаттаған. Оның үстіне жұмысшылар мен қызметкерлерге төленетін жалақы да инфляцияға сай жүргізілуі қажет индексация бойынша өсіріліп отыруға тиіс. Сондықтан жолаушылар тасымалы әкелетін шығын деңгейін төмендету мақсатында осындай шешім қабылданыпты.

Не деуге болады? Бұндай өзге­рісті көпшіліктің қынжылыспен қабылдайтыны түсінікті болар. Өйткені қарапайым адамның ең көп күні түсетін салалардың бірі – теміржол тасымалы. Онымен жүрмейтін адамдар, сірә, аз болар. Бұрын, мәселен, Батыс Қазақстан жаққа Алматыдан қыста бір-ақ пойыз қатынайтын.  Оның өзі ол жаққа ғана емес, әрі қарай Мәскеуге баратын да, қайтатын. Дегенмен, сол қыс кезінде ол пойызбен адам жүріп жарымайтын.

Ал кейінгі кезде сол Батыс Қазақстанға төрт пойыз жүретін болды. Бесіншісі сол өңір арқылы Ресейге өтетін. Дегенмен, билет кейде жетіспей жатады. Оның үстіне сол Қазақстан ішінде қатынайтын пойыздарының вагондары ескірген. Кейін алтыншы пойыз қосылды. «Китайский» деп аталады, өйткені вагондары Қытайдан әкелінген. Сонымен, алты пойыз жүріп жүрді. Бұл көп жерге тоқтамайтын «Тальго» жүрдек экспресстерін есептемегенде.

Осы теміржол тасымалының бағасы кейінгі кезде біршама тұрақ­тағандай болып еді. Енді, міне, тағы да қымбаттап жатыр. Бірақ қымбат болса да, әйтеуір, кейініректе билеттің табылуы қиындамаса, болғаны. Солай болар деп сенгің-ақ келеді, бірақ өткен жылы шілденің бірінен бастап, тіпті оған дейін де жолаушылар пойызымен сапар шеккен не шекпек болған мыңдаған, он мыңдаған адамның билет қиындығын көріп, соңы қалайда жуық арада жолға шығу қажет болған соң, қымбатына сатып алуға мәжбүр болғаны фактілерін қайда қоямыз? Және де бұл жердегі себеп билеттің не пойыздағы орынның жетіспейтіндігінде емес, сондай жетіспеушілікті қолдан жасап, жолға шықпақ болған азаматтардан қосымша пайда өндіріп алуды ұйымдастыру әрекетінде. «Бұның артында кім тұр?» деген сұрақты жауапсыз қалдырайық. Нақты билетті нақты азаматтың айтарлықтай тұрақты деген бағаға сатып алуға мүмкіндігі іс жүзінде көбіне жоқ болған соң, қалған әңгіменің қажеті не?! Билет бар, билет көп. Кез келген бағытқа, кез келген пойызға.

Жаз кезінде вокзалға кірсеңіз болды, сондай билетті сатып алуды ұсынушылардан аяқ алып жүре алмайсыз. Тек бағасы әлдеқайда қымбат. Кейде бірнеше есе. Кім көрінгенге жем болып алданғыңыз келмесе, таныс-тамыр арқылы әрекеттенуге болады.

Бірақ сонда бәрібір билеттің ақысы белгіленген ресми бағадан біршама жоғары болады. Өтйкені іс жүзінде алыпсатарлар билетті ертерек және көптеп сатып алады. Әйтпесе, олардың қолында 20-30 билет қайдан жүр? Жабайы сауданың кең таралған екі түрі бар. Біріншісі, алыпсатарлар билеттерді алдын-ала қолға түсіреді, сосын бір-бірлеп үстіне қосымша құн қосып сатады. Екіншісі, пойыздың жүруіне бір сағат қалғанда әлгі артық билеттер кассаға қайта өткізіледі. Бірақ кассир кассаға өз бетінше келіп сұрағандарға «билет жоқ» деп отыра береді. Алыпсатар барғысы келген жерге жетуге асығып, қосымша құн төлеуге дайын клиентті ертіп келген кезде билет те табыла қояды. Ол пойыздың жолға шығар уақыты тақап қалғанда қымбат бағаға сатылады, дейді осындайды басынан кешкен жолаушылар.

Бірақ енді бұл жағдай өзгеретін сияқты. Өткен жылғы желтоқсанда «Теміржол көлігі туралы» заң қабылданды. Енді елімізде теміржол билеттерін белгіленген тәртіпке қайшы түрде сатқандарға қатысты жауапкершілік шарасы күшейтіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде үстіміздегі жылы қаңтар айында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«Жеке және заңды тұлғалардың теміржол билеттерін заңсыз сат­қаны немесе қайта сатқаны үшін 100-ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік көзделген», – деп мәлімдеді сол жерде журналистермен кездескен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Елдос Нестай.

Осындай норманың енгізілуі жол жүру билеттерін заңсыз сату, сатып алумен және теміржол вокзалдарында делдалдармен күресуді күшейтуге мүмкіндік бермек.

Асхат  ҚОДЫҚОВ

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы