• Атамекен
  • 10 Маусым, 2020

Бизнес басындағы бұлт: Карантин салдары қашан сейіледі?

Елде карантин шаралары енгізілгелі туризм, қоғамдық тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету салаларының жағдайы ең осал деңгейге түскені мәлім. Сын-қатер қоюланған тұста кәсіпкерлер мемлекет қолдауынан үлкен үміт күтеді. Өйткені, экономиканың бұған дейінгі жетістіктерін уыстан шығарып алмаудың басты амалы – осы.

Шығыс Қазақстан облысында тек Алакөл көлінде 176 демалыс базасы ресми тіркелген, оларда кемінде 1000 адам қызмет етеді. 16 мамырдан бастап облыста карантин ішінара жойылып, туристік базалар жұмыс істей бастағанымен, халықтың тұтыну қабілеті елеулі түрде төмендеген.

Бұл бұрынғы сатылым көле­мімен салыстыруға келмейтін деңгейде. Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің ережелерімен қиындай түскен туристік нысандарға демалушылар бас сұқпағандықтан, қаңырап, бос қалуда. Туристік бизнес тарапынан пікірін жеткізген олыстық туризм қауымдастығының төрағасы Асқар Оразбаевтың айтуынша, несиені өтеу мәселесі өзекті болып отыр. Салада табыс күрт төмендеді, кейбірінде кіріс мүлдем жоқ. Ал несие саладағы барлық жағдай карантинге дейінгі қалыпқа келгенше толық көлемде төленуі керек. Эпидемияның екінші толқыны болмаған күннің өзінде бұл кезең бір жарым-екі жылға созылуы мүмкін. Кәсіпкер өз саласында жалақы қоры айына кем дегенде 1,5-3,5 миллион теңгеге, сондай-ақ коммуналдық төлемдердің жалпы сомасы айына 1,5 миллион теңгеге жетіп жығылатынын айтады. Сұраныс төмендеген жағдайда туристік сала нысандарының жартысы жабылуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдай қонақ үй бизнесінде де қалыптасып отыр. А.Оразбаевтың айтуынша, ТЖ режимі енгізілгеннен кейін оның Демалыс үйіне кіруге барлық өтініштердің күші жойылған, қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберілген. Кірістің толығымен болмауына қарамастан, күнделікті коммуналдық төлемдер жүргізіліп, күзетшілерге, әкімшілерге, қызметшілерге жалақы төленеді. «Шығыс Қазақстан облысында жеке тұлғалар үшін жазға сатылымның ең қызатын шағы әдетте наурыз, сәуір, мамыр айларына келсе, бұл ке­зеңдегі үдеріс толық тоқтап қалды. Қалалар арасында саяхат болмағандықтан, келушілер қатары сиреп, қонақүйлер де бос қалатыны белгілі. Қандай да бір бұқаралық іс-шаралардың өтпеуі де жағдайды күрделендіре түскендей. Сондықтан барлық карантиндік шаралардың толық жойылуын, одан соң салдарының реттелуін күтуге тура келеді», – дейді Асқар Оразбаев. 19 наурызда елде төтенше жағдайдың әсер етуінен зардап шеккен шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы мақұлданғаны белгілі. Ол бойынша қорытынды мөлшерлеме 8%-ды құрайды, несие сомасы жеке кәсіпкерлер үшін 50 миллион, және заңды тұлғалар үшін 3 миллиард теңгеге дейін. Әрине, бизнес несиелер мен олар бойынша процент төлеудің кейінге шегерілгеніне риза, дегенмен, оны бір жарым жылдан екі жылға дейін ұзарту керек деп санайды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді 2020 жылдың 2-3 тоқсанына салық төлеуден босату, экономиканың зардап шеккен салаларына жеңілдетілген несие беру, қолданыстағы несиелерді суб­сидиялау қажеттігі алға тартылуда. Қарыздар бойынша процент­тік мөлшерлемені субсидиялау «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Алайда, туризм саласындағы кәсіпкерлерге жылдық 2-3% дейінгі соңғы мөлшерлемемен анағұрлым арзан несие қажет. Бұдан бөлек, бизнес өкілдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тексеру барысында алғашқы шара бұзушылықтарды жою туралы бұйрық болып, айыппұл келесі жолы салынатыны жөнінде түзетулер енгізу қажеттігіне назар аударуда. Олар шынайы көмектің болмауы банкроттыққа, жұмыс орындарының жоғалуына, тіпті түптеп келгенде, әлеуметтік тұрақ­сыздыққа әкеледі деп санайды.

«Регистан» мейрамханалар желісінің иесі Рустам Адамов та осындай пікірде. 20 наурызда Өскеменде кәсіпкердің барлық 5 мейрамханасы жабылған, бірақ жалға беруші солардың біріне наурыз айы үшін ақыны коммуналдық төлеммен бірге толық көлемде есептеген. Мейрамхана қызметкерлерінің 80%-ы демалысқа жіберіліп, нәти­жесінде олардың жартысы өз еркімен жұмыстан кеткен, тіпті кейбіреуі мемлекет төлеген 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны қайтаруға мәжбүр болыпты. Ал штатта қалған қызметкерлердің бұдан арғы тағдыры қалай болатыны белгісіз. «Негізгі 10 жұмыскерді сақтау үшін өнім сатып алуға арналған айналым қаражатынан жалақының 50%-ын төлеймін. Жалпы, төтенше жағдай кезінде біз 2,3 миллион теңгеге жуық шығынға ұшы­радық – бұл коммуналдық тө­лемдер, қолданыстағы несиелер, жалақыны ішінара төлеу. Ал Өскемен бойынша біз сияқты 80%-дан астам мейрамхана бар», – дейді кәсіпкер. Сұлулық саласында қызмет көрсететін Аңсар Ешенбаевтың төтенше жағдай енгізілгеннен кейін облыс орталығындағы 3 шаштараз үйі қызметін тоқтатты. Барлық қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп, әрқайсысына 42500 теңгеден әлеуметтік жәр­демақы рәсімдеді. «4 мамырда шектеулер алынғаннан кейін екі нысанда қызметті қалпына келтірдік. Жалға берушілер келісімге келіп, жалдау ақысы мен кейінге қалдырылған төлемге жеңілдік жасады. Бірақ, жалға берушімен келіссөздер үшінші нысанға қауіп төндірді, ал ондағы сома мөлшері аз емес», – деп бөліседі ол. Жалпы, Өскеменде 120-дан астам сұлулық салоны мен шаштараз жұмыс істейді, олардың жеке үй-жайлары жоқ, жалға алуға мәжбүр. Бұл мекемелерде жұмыссыз қалу қаупі бар қызметкерлердің жалпы саны 300-ден асады. Сфера өкілдері жеке кәсіпкерлерге коммунал­дық тарифтерді қайта қарауды ұсынады. 200-ден астам кәсіпкер жұмыс істейтін «Ануара» сауда үйінің қожайыны сауда үйінің 2 сәуірден бастап бүгінгі күнге дейін жұмыс істемейтінін айтты. Күзетшілердің жалақысына, коммуналдық төлемдерге, салықтарға және басқа шығындарға қарамастан, Ануара Мұхамадиева өз жалға алушыларынан ақы алмауға шешім қабылдапты. «Сәуір-мамыр айларында біз 6,5 миллион теңге шығынға ұшырадық. Бірақ арен­даторлардың көпшілігі үшін сауда жалғыз табыс көзі болып табылады, сондықтан біз бұған түсі­ніс­тікпен қарадық», – дейді ол. Облыста жалпы саны 27 ірі сауда нысанының жұмысы тоқтады. Бұған қоса бизнесі тұра­лаған аумақтардың жалға алу­шыларының қарыздарды, ипотеканы өтеуге міндеттемелері бар, көбісі көпбалалы отбасылардың мүшелері. Төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны мемлекет бұдан былай төлемейді. Бірақ Шығыс Қазақстан облысында карантин аяқталған жоқ, сонымен қатар Семей қаласында індет тұрақты түрде тіркелуде. Осындай жағдайда қалай әрекет ету керек? Бұл көкейтесті сауал өңір кәсіпкерлерін күнделікті мазалауда.

Ботагөз Әбдірейқызы

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы