• Бизнес & Қоғам
  • 06 Тамыз, 2020

Жасанды өнімдер халық денсаулығына қауіп төндіруде

Қазақстан алкоголь нарығының қатысушылары елде контрафактілік өнімдердің артқанына алаңдап отыр. «КазАлкоТабак» қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің дерегінше, бұл соңғы жылдары алкоголь акцизінің бес есе көбейіп кеткенін көрсетеді және ол ел тұрғындарының өмір сүру деңгейіне сәйкес емес.

«2019 жылы алкогольдің заң­ды нарығына тықыр таяды. Егер 2013-2014 жылдары Қазақстанда жылына 40-45 млн. литр ішімдік өндірілсе, 2019 жылы оның көлемі екі есеге азайып, 20 млн. литрге дейін төмендеді. Ал тұтыну көлемі бұрынғы деңгейде қалды. Себебі, азаматтар оның орны­на арзан контрафактілік арақ­­тарды сатып алып, іше бастады», – дейді «КазАлкоТабак» қауымдас­тығының президенті Әміржан Қалиев. Ақпараттық порталдардың жазуына қарағанда, пандемия уақытында елімізге этил спирті антисептик деген желеумен, тонналап жеткізіліп жатыр. Ол сосын астыртын жолмен араққа айналып, бес литрлік пластик құтыларымен сатылымға шыға­рылады. Биыл көктемнің соңғы айында жедел алдын алу шара­лары барысында Алматы облысы экономикалық тергеу департа­мен­ті 30 литр этил спиртінің заң­сыз тасымалы мен оның астыр­тын өткізілетінін анықтаған. Ал жуыр­да «Қарасу» шекара бекеті арқылы жүк көлігімен неинва­зивтік өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын алып өтпек болған тұлғалардан 11 тонна этил спирті тәркіленді. Олар заңсыз тауарды антисептик ретінде жалған құжаттар рәсімдеу арқылы әкеле жатқан. Өткен айдың өзінде ғана Ақмола облысында сурро­гаттық алкогольден 18 адам уланған. Олар­дың ішінде 12 адам өмірден өткен. Өлімге уланудың әсерінен болған өткір геморрогиялық панкреатит себеп болған. Қостанай облы­сын­да «этанолдан уланған» деген диагнозбен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, олардың 11-і қайтыс болды. Ақмола облысы Жақсы ауданы Жаңа Қима ауы­лында осы кезеңде 4 адам өмір­ден өтті. Олар 5 литрлік бак­лажка ыдысқа құйылған жасан­ды арақтарды сатып алып ішкені белгілі болды. «Зертханалық тексерулер бары­сында 8 түрлі сынаманың еш­қайсысы талапқа сай емес: Ор­ганолептикалық көрсеткіштер — тұнбасында бөтен заттары қалқып жүрген иісі бар сұйықтық; метил спирті құрамында — метил спиртінің көлемі 20 есе артық екені анықталды. Астыртын жолмен жасалған алкогольдердің бірнеше қатері бар. Атап айтқанда, біріншіден, су сапасыз. Өз кезегінде зауыт өнімдерінде арақ жасауға арналған суға деген талап қатаң болады. Екіншіден, алкогольдік өнім­дерді шығару кезінде зауыттар ас шикі­затынан әзірленетін этил спиртін ғана қолданады. Ал толық та­зартылмаған, құрамында метил спирті бар арақ өнімі адамдарды улайды. Ішімдік құрамында 0,05% метил спирті болған жағдайда, адам өміріне қауіп төндіреді. Үшін­шіден, алкоголь өнімі плас­ти­калық араққа құйылып сатыл­са, қауіпті. «Қазақстанда алкоголь құятын құтыға байланысты бекітілген нормалар мен қатаң талаптар бар. Мысалы арақты темір қалбыр­да, сырадан басқа, күштілігі 12 пайыздан асатын өнімдерді пластикте немесе этикеткасыз ыдыс-аяқта сақтауға тыйым са­лынған. Оған сыра өнімдері мен құйылмалы сыралар жатпайды», – дейді Ә.Қалиев. Әміржан Қалиевтің айтуын­ша, елде астыртын арақ өндірісі мен нарықтағы алко­голь өндірісі­нің жағдайы жаға ұстатар­лық. Оны бір арнаға түсіріп, қа­лыпты жағдайға келтіру үшін бірнеше ұсыныстарды атап өтті. Біріншден – араққа акцизді тө­мен­дету керек, екіншіден- ше­кара­­дағы қырағылықты арт­­ты­рып, пластик құтымен саты­лып жатқан арақтардың кіруіне тыйым салу керек. Соның ішінде Қыр­ғызстаннан келіп жатқан өнім­дерді шектеу керек. Себебі ол елде акциз екі-үш есе төмен. «Контрафактілік және сурро­гат өнімдерден тыс «коньяк» деп аталатын тауарлар да коньяк спиртінен емес, ректификация­ланған бидайдан жасалған. Бұл дегеніңіз – бояулы арақ. Себеп қандай? Себеп – коньяк пен брен­­диге арналған акциз мөлшері араққа қарағанда 1 есе төмен», – дейді QazSpirits алкоголь және никотиндіқұрамы бар өнімдерді өндіруші және импорттаушы қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков. Д.Жуковтың айтуын­ша, «елде заңды алкоголь өнімде­ріне деген салықтық ауырт­палық­тар­ды азай­ту – ең дұрыс шешім: прогрес­сивтік шкала құру қиын емес, ол арақты тұтынуға деген стимулды арттырмайды, тек бағаны реттей­тін болады. Біз мемлекеттік ведм­остволарға осы тығырықтан шығудың жолдарын ұсындық. Ол астыртын арақ өндірісін жойып, қазынаға салықтың түсімін арт­тырады. «Баклажкамен» саты­латын арақтардың саудасына қоғам болып қарсы тұрып, оларды сататын нүктелерге қатаң бақылаулар орнату маңызды», – деді ол.

Нұрлан ҚҰМАР

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы