• Аймақ
  • 06 Тамыз, 2020

Маңызды шаралар қолға алынды

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл шілде айында республикадағы мал шаруашылығының дамуына оң әсер ететін бірқатар өзгерістер ұсынды. Ең басты назар аударатын жаңалық – министр Сапархан Омаровтың 17 шілдедегі бұйрығымен бекітілген «Мал шаруашылығын дамыту ережелеріне» енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, деп атап көрсетеді АШМ Баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, негізгі өзгеріс қой шаруашылығының субсидиясына енгізілді: асыл тұқымды түлікке селекция жүргізу және асылдандыру жұмыстарының нормалары 2500 теңгеден 4000 теңгеге дейін, тауарлы қойларға – 1500 теңгеден 2500 теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ асыл тұқымды отандық (8 мыңнан 15 мыңға дейін) және импортталған қойларды (бір басына 150 мың теңгеге дейін) сатып алу нормалары жоғарылаған. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында министрлік мал сатып алуға берілетін несиенің ке­пілдік саясатын өзгертті. Сонымен қатар, фермерлік шаруашылықтар мен бордақылау алаңдарының несие алу өтініштерін қарау мерзімі де оңтайландырылып отыр. Енді малды 1:1 өтімділік коэф­фи­циентімен сатып алуға болады. Сонымен бірге, фермерлер субсидия алғаннан кейін тұрақты кепілдік – 15% болады. Қалған 85%-на сатып алынған малды фермер кепіл ретінде қоя алады. Мал өсірушілерге қосымша қолдау көрсету үшін карантин кезіндегі диагностикалық зерттеулердің бағасы сиырға 23,5 мыңнан 4271 теңгеге дейін, ал Еуропалық одақ елдерінен әкелінген бұқаға 28,5 мыңнан 8741 теңгеге дейін төмендетілді. Әкімдіктер мен ауыл шаруашы­лы­ғы тауарын өндірушілердің өті­ніш­теріне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі карантин кезінде импортталған малға диагностикалық сынақтар жүргізу шығындарын оңтайландырды. Еуропалық одақта жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты эпизо­отиялық жағдай тұрақты болған­дықтан, карантин кезінде Шмаллен­берг ауруына Еуропалық одақтан әкелінетін жануарларды бір ПТР (полимеразалық тізбекті реакция) тестілеуге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Зерттеу жұмыстарының құнын төмендету шетелден мал әкелетін фермерлердің жұмысын жеңілдетеді. Карантиндеу кезіндегі импорттал­ған жануарларды диагностикалық зерттеу құны Қазақстан Республикасының барлық аймағында бірдей. Канададан әкелінген ірі қара малды (ІҚМ) тексеру құны (ветеринарлық сертификаттарда көрсетілген аурулар­дың тізіміне сәйкес), 1 сиырға – 1978 теңге, бұқаны зерттеу құны – 6448 теңге; АҚШ-тан әкелінген мал үшін: сиырға – 2697 теңге, бұқаға – 7167 теңге; Австралиядан әкелінген ІҚМ: сиырға – 1408 теңге, бұқаға – 2984 теңге; Латын Америкасынан әкелінген ІҚМ: сиырға – 4120 теңге, бұқаға – 8590 теңге; ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден (Ресей Федерациясы және Беларусь) әкелінген ірі қара малға: сиырға – 3183 теңге (вирустық диарея мен жұқпалы ринотрахеитке қарсы егілмеген) және 1978 теңге (егілген), бұқаға – 7653 теңге (егілмеген) және 6448 теңге (егілген). Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылы Қазақстанға 95 мың бас етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал әкелу жоспарланып отыр. Осы жылдың бірінші жартысында елге 22 мың бас мал әкелу үшін қаржы бөлінді, қазіргі уақытта оның 10 мыңы жеткізілді. Шетелден ірі қара мал әкелу есебінен бүгінгі таңда асыл тұқымды мал басының үлесі едәуір өсіп, 12%-ды құрады. Соңғы жылдары ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды қолдану арқылы ІҚМ басын асылдандыру бағдарламасына қатысатын шаруа­шылықтар санының өсіп келе жатқа­ны байқалады. 2014 жылдан бері мұн­дай шаруа қожалықтарының саны үш есеге артып, 20,6 мыңға жетті. 1,1 миллион бастан асатын мал немесе ірі қара малдың 33%-ның тұқымы түрлендірілген. Сүт шаруашылығы саласында импортты алмастыру мақсатында сүт фермалары желісін құру және кеңейту жобалары жүзеге асырылуда. 2019 жылы қуаттылығы 40 мың тонна болатын 8 өндірістік және 14 отбасылық ферма іске қосылды (алдыңғы жылдары тек 3 тауарлы сүт фермасы іске қосылған). Қабылданған шаралардың арқа­сында өңделген сүтті 5 жылда 500 мың тоннаға көбейту арқылы импортты алмастыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр. 2020 жылдың 1-жартыжылдығында Қазақстанда жалпы 3810 ірі қара мал басы­на арналған 6 ірі тауарлары сүт фер­масы пайдалануға берілді, жыл соңы­на дейін тағы 16 тауарлары сүт фер­масын іске қосу жоспарланып отыр. Мал шаруашылығы жобаларын (тауарлары сүт фермасы, шошқа фермалары және т.б.) салу кезінде міндетті кешенді ведомстволық емес сараптамадан өткізу тәртібін жеңілдету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ғимараттар мен құрылыс­тарды техникалық және (немесе) технологиялық тұрғыдан жіктеу тәртібін айқындайтын ҚР Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігінің ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Ауыл шаруашылығы министрлігі 1500 басқа дейін малы бар мал шаруа­шылығы кешендерін техни­калық тұрғыдан күрделі объектілер санатына жатқызбауды ұсынды. Бұл фермерлердің мал шаруашы­лығы кешендері мен техникалық-экономикалық негіздемесіне мемле­кеттік сараптама жүргізбей-ақ қоюына мүмкіндік береді. Өйткені бұған өте көп уақыт кетеді. Айта кету керек, Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің ұсынысы қолдау тауып, өзгертулер енгізілген бұйрықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де мақұлдап отыр. Енді мал шаруашылығы кешен­дерінің және сүт, ет өнімдерін өнді­ретін фермалардың, мал басының саны 1500-ге дейін жететін бордақылау алаңдарының, сондай-ақ мал басының саны 10000-ға дейінгі шошқа шаруа­шылықтарының жобаларын міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу талап етілмейді. Шын мәнінде, министрлік тарапы­нан қолға алынып отырған бұл игі іс-шара мал шаруашылығындағы инвес­­тициялық жобаларды іске асыруды жеделдетеді және фермерлердің шығын­дарын азайтады, деп есептейді мамандар. Әрине, ең алдымен мал өсірушілердің өздері осынау маңызды шаралар ата кәсібімізді ілгерілетуге айтар­лықтай ықпалын тигізетініне сенімді.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

32590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы