• Аймақ
  • 06 Тамыз, 2020

Жолшылар қателіктерін түзетуде

«Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оны жою бағытында жұмыстанатын Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Батыс Қазақстан облысы филиалының мамандарымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің, Орал қаласы әкімдігінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және қоғам белсенділерімен бірге қаладағы бірқатар көше жолдарының құрылысы барысына мониторинг жүргізді.

Мониторингтік топ қаладағы Орынбор, Матросов, Алаш көшеле­рінің жол құрылысымен танысты. Мердігерлер құрылыс жұмыс­тарына қатысты түйткілді ешқан­дай мәселе туындамағанын айтты. Нысандарда құрылыс материалдары жеткілікті. Соның ішінде бұрынғы жылдардағыдай битум жетіспеушілігі жағдайы қайталанбасын деп қала әкімдігі биылғы мамыр айында барлық мердігер мекеме-ұйымы басшыларын жинап, жол құрылысына қажетті битумды ертерек қамдауды тапсырған-тұғын. Содан да шығар, мұндай материал тапшылығы жоқ көрінеді. Мысалға, «Адал арна» ЖШС-ның қоймасында 6 мың тонна битум бар. Енді ауа райы қолайлы болса, жол жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылады, деп сендірді құрылысшылар. Мониторинг тобы бас тіреген алғашқы нысан – Орынбор көшесінің жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары жалғасуда. Жоба құны – 65 млн теңге. Бұл көшедегі жолдың 577 метрі жөнделмек. Мұндағы жұмыс кестеге сай жүргізіліп, алдағы қыркүйек айына дейін бітеді деп жоспарланған. Қала бойынша жол құрылысы саласында 41 жоба іске асырылуда. Оның 10-ы өткен жылы басталып, биыл жалғасын тапқан. Ал 31 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынды. Жалпы бүгінде шаһардағы 55 көшенің ұзындығы 61 шақырым болатын жолы жөнделуде. Бүгінде Ашхабадская, 8 март, Елизаров, Жамбыл көшелерінің жолдарын жөндеу аяқталып келеді. Алдағы аптада Лесозащитный көшесіндегі жол құрылысы аяқталып, ашылмақ. – Ауыспалы құрылыс нысандары Сарытау, Балауса шағын аудандарындағы Елизаров, Светлая, Жүнісов, Аманжолов, Самарская, Жамбыл көшелерінің жолдары жөнделуде. Қала бойынша ауыспалы және биылғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы жобаларға 9,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 5,3 млрд теңгесі ауыспалы жол құрылысы жобаларына, 3,7 млрд теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделетін жолдарға бағытталған, – деді Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылан Даубаев. Оның мәлімдеуінше, шаһардағы 55 көшенің барлығының жолы биыл аяқ­талмақ. Қыркүйек айына дейін Аман­жолов, Самарская, Жүнісов көше жолдарына асфальт төселіп, тапсырылады. Қаладағы көше жолдарының құрыл­ысын жергілікті құрылыс ком­па­ниялары атқаруда. Олардың қайсы­бірінің жол жөндеуде тәжірибесі мол болса, енді бір шоғыры алғаш рет «қолға күрек алғандар». Жол құрылысы жұмыстарына негізінен отандық құрылыс материалдары пайдаланылады. Мысалға, битум Ақтаудан, қиыршық тас Ақтөбеден, құм қиыр­шықты тас қоспасы, бетон, жиектас, поребрик-жиектас, асфальтты бетонды қоспа жергілікті өндірісшілерден алынады. Биылдан бастап тапсырыс беру­ші, мердігер, техбақылаушымен бірге жолдың сапасын «Жол актив­тері­нің ұлттық сапа орталығы» Батыс Қазақстан облыстық филиалы қадаға­лайды. Осының өзі жол сапасын арттыруға бастамақ. Сапаны қадағалаушы топ құрылыс жұмыстары басталысымен асфальт төсегенге дейінгі жұмыстарды, сондай-ақ қолданылатын материалдардың сапасын, көлемін, жол жабы­нының тығыздығын қарайды, кем­шіліктер болса, ескертеді, түзетуге мерзім береді. Жол құрылысы саласында 30 жылға жуық еңбек еткен зейнеткер Серікқали Ізбасаров «Иском» ЖШС-ның басшы­лығының шақыруы­мен жастарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік етуде. Сала ардагерінің айтуынша, Матросов көшесінің жолын жөндеу жұмыстары мамыр айының 11-інде басталған. Жол төсемі тазаланып, қиыршық тас төселген соң, материал сапасы талапқа сай келмейді деп жол сапасын қадағалаушылар құрылысты тоқтатып тастаған. Поребрик-жиектастың да беріктігі талап үдесінен шықпаған. Сондықтан мердігер жасалған жұмы­сты қайтадан істеп, материалдарды жаңадан төсеген. – Бұдан бұрын анықталған бірқатар кемшіліктер түзетілгені анықталды. Матросов көшесіндегі поребрик-жиектастың 2,5 мың данасы жаңасымен ауыстырылған. Жолға төселген қиыршық тас сапасына қатысты олқылықтар да жойылған. «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында қаладағы бірқатар көше жолының құрылыс сапасына мониторинг жүргізудеміз. Бұдан бұрын Иманов, Матросов, Коняхин көшелерін­дегі жол құры­лысы барысындағы олқылықтар анықталып, құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Мердігер мекемелер құрылыстағы ақауды түзетті, жол салу қайтадан жалғасты. Коняхин көшесінің жолына асфальтты бетон жамылғының астыңғы қабаты төселді. Ол жерден материал сынамаға алынды. Қазір Орынбор, Миханова көшелеріндегі жолдарға қиыршықтас төселуде. Ондағы құрылыс нысандары жобаларының талаптарында кемшіліктер бар. Мұндай жағдайда мердігерге көп күш түседі. Авторлық жобалармен келісім жұмыстары жүргізіледі. Сол жоба талаптары негізінде сараптама жүргізетін боламыз, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының жол-құрылыс жұмыстары бойынша инженері Зәуірбек Қыпшақбаев. Биыл қаладағы жол құрылы­сы жұмыстары барысында қада­ға­лаушылар тарапынан 50-ге тарта кемшілік анықталған. З.Қыпшақ­баевтың сөзіне сүйенсек, құрылыс нысандарында көбіне жұмысты орындау құжаттары, инертті материалдарды әкелу журналы жоқ, құрылысшылар нысанды тезірек тапсыру мақсатында құрылыс материалдары сапасының қорытындысын күтпей, қиыршықтас, құмды қоспаны төсеп тастайды. Мысалға, Ярославская көшесіндегі жол құрылысындағы материал сапасыз болып, 1,5 мың тонна құмды қиыршық­­ты қоспа қайтадан жаңаланып төсел­ген. Бастамасында құрылысшылар жұмыстағы олқылықтарды жоюға жайбарақат қараса, енді қырағы көз­дерден құтыла алмасын сезініп, «қатемен» жұмыс істеуге кіріскен. «Омега» көпірі құрылысына қатысты мердігерге поребрик-жиектасты сапалысына ауыстыру жөнінде ұйғарым берілген. Құрылысшылардың мойцнында әлі 28 кемшілікті жою ескертпесі тұр. Бастысы, салық төлеушілердің, яғни сіз бен біздің, жол салып жатқан құрылысшылардың салығымыздан құралған қаржыға салынып жатқан көше жолдары сапалы болуы шарт. Мониторингтік топтың мақсаты да осыған сай.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

32295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы