• Билік
  • 06 Тамыз, 2020

Коронавирус қаһары, қашықтықтағы білім: Шаралар нендей нәтиже беруде?

Үкімет сейсенбідегі отырыста эпидемияға қарсы шараларды іске асыру барысын талқылады. Және де жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық мәселесін қарады. Премьер-министр Асқар Мамин ағымдағы жағдай бойынша өзекті тапсырмаларды жүктеді.

Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша, коронавирус инфекциясының растал­ған жағдайларының тәуліктік өсуі 1,2%-тен аспайды, бұл сан күн сайын төмендеуде. Қазіргі сәтте емделіп шыққан адамдар барлық ауру жұқтырғандардың 68%-ін құрайды, қалған науқастар қажетті медициналық көмек алуда. Ауруханалардың жүктемесі 36%-ке төмендеді. 3 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 93 820 науқас тіркелген, оның ішінде 27 597 адам ем алуда, 65 132 (69,4 %) адам емделіп шықты, 1091 адам көз жұмған. Жалпы, еліміз бойынша өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда ауру жұқтырғандардың тіркелуінің 18%-ке төмендегені байқалады. «Карантиннің 4 аптасында төсек­тер­дің бос болмауы 56%-ке, оның ішінде реанимациялық төсек орындарының бос болмауы 36%-ке төмендегені байқалады. Жедел жәрдемді шақырулар, оның ішінде коронавирус бойынша шақырулар саны 40%-ке азайды. Инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 24%-ке, яғни 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендеді. Осылайша денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді», – деді министр. Аптаның қорытындысы бойынша инфекцияның репродук­тивтік деңгейінің 1-ден төмен болуы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында тіркелген. Сонымен қатар Қоста­най мен Ақмола облыстарында инфек­цияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары болуы тіркелген. Үкімет басшысы осы өңірлер­дің әкімдеріне эпидемияға қарсы шараларды күшейтуді тапсырды. «Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың тара­луын төмендету жөніндегі қар­қынды жұмысты, оның ішінде санитарлық нормаларды, карантин талаптарын азаматтардың сақтау қажеттігін түсіндіру жалғаса беру керек», – деді А.Мамин. Премьер-министр қазіргі таңда әлемдік статистика 126 мемлекетте ауру жұқтырғандар санының жаңа өсімін көрсетіп отырғанын, осыған байланысты күзде пайда болуы ықтимал пандемияның жаңа толқынына дайын болу керек­тігін, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жос­парланған шаралар кешенін іске асыру қажеттігін атап айтты. Селекторлық отырыста жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін уақытша атқарушы Б. Мусин және де бірқатар облыстардың әкімдері есеп берді. Алдағы оқу жылында еліміздің 7 391 мектебінде 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында сақталады. Үкімет басшысы оқыту әдісте­месін толық пысықтап, биыл­ғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республи­калық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды. «Үкімет аса мұқтаж отбасы­лардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімдіктер жергі­лікті деңгейде компьютер техни­касымен қамтамасыз ету мәсе­лесін пысықтасын», – деді А.Мамин. Осы ретте Премьер-министр Білім және ғылым министрлі­гіне әкімдіктермен бірлесіп, 25 тамыз­ға дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оқулықтар қағаз жүзінде болуы шарт және олардың электрондық нұсқаларының болуы міндетті. Сонымен бірге олар қолжетімді болуы және 25 тамызға дейін берілуі тиіс. Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету тапсырылды. Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мек­теп­тің «кезекші» сыныптарында және шағын мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы