• Өндіріс
  • 13 Тамыз, 2020

Бағдарлама жаңартылды, өзгеріс қандай?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын болдырмау. Ауылға барып өмір сүремін, қызмет қыламын деген жалынды жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бағдарлама қабылданғалы бері арада құмдай сусып он жыл өтті. Осы уақыт ішінде қоғамда әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды, соған орай аталмыш бағдарламаны заман лебіне сай жаңғырту қажет болды.

Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиеваның айтуынша, үкіметтің 2019 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына сәйкес «Дипломмен – ауылға» жобасына қатысушыларды әлеуметтік қолдау шаралары­ның жаңа көлемі анықталған. Оның ішін­де біржолғы көтерме жәрдемақы шамасы 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК – 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 277800 теңге), тұрғын үй сатып немесе салып алуға жыл сайынғы 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейін 1500 АЕК көлемінде несие беру (2020 жылғы 1 сәуірден бастап 4167000 теңге) болып белгіленді. – Жалпы осы бағдарламаға қатысушы мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы 2014 жылдан бастап жергілікті бюджет «иығына» артылғаны мәлім. Ауылдық жерлерге, елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен бе­кітілген әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету Қағидаларына сәй­кес жүргізіліп келеді, – деді Райса Еркеғалиева. Маманның сөзіне сүйенсек, об­лыста 2009 жылдан бастап 2020 жыл­дың 1 шілдесіне дейін ауыл­­дық жер­лерге 6439 маман тартыл­ған. Олардың 4364-і – педагог, 1230-ы – денсаулық сақтау саласының ма­­маны, 102-сі – әлеуметтік сала ма­маны, 415-і – мәдениет, 140-ы – спорт, 188-і – агроөнеркәсіп кешені сала­сының жас маманы. Осы жылдар ішінде «Дипломмен – ауылға» жоба­­сы бойынша оларға әлеуметтік қол­дау көрсетуге 2 млрд 42 млн теңге шама­сында қаражат берілді. Сонымен қатар әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешенінің 3279 маманы 9 млрд 494,2 млн теңге шамасында бюджеттік несие алған. – ҚР Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 27 ма­мыр­дағы №43 бұйрығымен жоғарыда айтылған Қағидаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ендігі кезекте әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну бойынша тұрақты түрде жұмыс жасайтын комиссия болмайды. Әлеуметтік қолдау шаралары жергілікті атқарушы билік қалыптастырған ауылға қажет мамандарға ғана ұсынылады. Бұрын берілген несие берешектері бар мамандарға бюджеттік несие берілмейді. Бюджеттік несие тұрғын үйді жақын туыстарынан және өзі тұрып жатқан үйді сатып алуға берілмейтін болды, – деді Райса Еркеғалиева. Жас мамандар ендігі жерде алақандай қағаз үшін әрлі-берлі сабылмайтын болды. Жоба қағидасына енгізілген өзгерістерге сәйкес ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндігі бар анықтамалар сұратылмайды. Әлеуметтік қолдау шараларына өтініш беру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдары және «Е-gov» электрондық порталы арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері біржолғы жәрдемақы бойынша 27 жұмыс күнінен 6 жұмыс күнге дейін, бюджеттік несие беру бойынша 47 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Алайда әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тек қаржы жылына бөлінген қаражат шеңберінде ғана іске асырылады. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда мамандар кезекке қойылады және оларға бір жылдан артық емес мерзімде қолдау шаралары ұсынылуы тиіс. 2020 жылы Ақ Жайық өңіріндегі 539 маманға бюджеттік несие беруге республикалық бюджеттен 2 млрд 246 млн теңге қарастырылған. Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша 137 жас маман 530 млн теңге шамасында несие алды. Аудандарда жергілікті бюджеттерден жоба бойынша қыз­мет етуге келген 738 жас маманға 497 млн 700 мың теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Соның ішінде 196,3 млн теңге шамасында жәрдемақы берілген. Соңғы, 1 шілдедегі мәлімет бойынша 223 млн 600 мың теңге бюджеттік несие беріліп, 541 жас маманға 145 млн 400 мың теңге жәрдемақы төленген. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында тұрғын үй сатып немесе салып алу үшін бюджеттік несиені өңірдегі 411маманның алу мүмкіндігі бар. Бұл мақсатқа үкімет 1 млрд 713млн 900 мың теңге қаражат бөлген. Ең басты ескеретін мәселе, әлеуметтік қолдау шараларына ие болған мамандар сол ауылда үш жылдан кем емес мерзімде жұмыс жасауы керек.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

2216 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы