• Өндіріс
  • 20 Тамыз, 2020

Көкжиегі кең кәсіпорын

Түркістан облысындағы «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауыты өзінің жоғары деңгейлі заманауи өндірісімен танымал. Кәсіпорын шығаратын жабдықтар тау-кен өндіру өнеркәсібі, мелиорация мен ирригация, химия, мұнай-химия, мұнай-газ индустриясы, энергетика, коммуналдық және жеке шаруашылық салаларында кең қолданысқа ие болуда.

Еліміздің нарығында 2003 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан компания осы уақыт ішінде нақты салаға: сорғы, электротехникалық, ерекше жабдықтар, құбыр арматуралары, әртүрлі болат пен қорытпалардан жасалған құймаларды өндіруге, монтаждауға және сервистік қызмет көрсетуге терең маманданды.

2013 жылы зауытта сумен жабдықтау және жерасты шаймалау технологияларында қолдану үшін неміс технологиясы бойынша тиелген өнеркәсіптік сорғылардың өндірісі басталған. Сол кезден бастап әр жыл сайын электротехникалық жабдықтар өндіретін цех, металдарды меха­ни­калық өңдеу цехы, консоль сорғыларын, штамптарды және құбыр арматураларын өндіруге арналған бояу және сынау стенд­тері цехтары ашылды. Кейін Ордабасы ауданындағы «Бадам» ин­дустриялық аймағында дайын өнім бойынша жергілікті қамту үлесін жоғары деңгейге жеткізу мақсатында құю цехы салынды. Бұл Қазақстанда сорғы жабдығы мен құбыр арматурасының корпустық бөлшектерін құю өндірісін жолға қоюға және зауыттың мүмкіндіктерін ТМД елдері мен алыс шетелдердің кәсіпорындарымен бәсекеге қабілетті етуге жол ашты. Құю цехында тот баспайтын, қоспаланған және дуплексті қорытпаларды қоса алғанда, қара металдардан құймалар шығарылады. Құйылған әзірлемелер мен бөлшек­тердің сапасы технологиялық процестерге сәйкес балқытудың әр кезеңінде арнайы зертханада тексе­ріледі. Зауыт сумен жабдықтау, су дайындау, жылыту және кәріз жүйесі саласында кешенді техникалық шешім­дер әзірлеумен де айналысады. Өнеркәсіптік жабдыққа қойы­­латын негізгі талаптардың бірі – пайдалану шығындарын азайту. Сондықтан зауыт сорғы жабдығын жоғары және ең жоғары энергия тиімділігі санаттарына сай еуропалық стандарттар бойынша өндіреді. Еуропалық өлшемдермен талап етілетін электр энергиясын үнемдеуге жиілік түрлендіргіштерді және технологиялық процестерді басқару жүйелерін автоматтандыру есебінен қол жеткізілуде. Цифрландыру үрдісін дамыту аясында тапсырыс берушілермен өзара байланысты жүргізу бойынша CRM жүйесі іске қосылған. Жасалған келісімшарттардың циклдық кезеңдеріне тұрақты мониторинг пен бақылау жүр­гізіледі. Кәсіпорын ресурстарын тиімді басқару бойынша ERP кешенді жүйесі және Ин­дус­трия 4.0. құралдары енгізілуде. Бағдарламаларды және автомат­тан­дырылған жүйелерді дамыту қызмет­керлер жұмыс барысында жасауы мүмкін қателіктерді азайтып, компанияның барлық үдерістерінің қадағалануы мен ашықтығын қамта­масыз етеді. Компанияның жобалық қуаты жылына 7000 тонна құйма өнімі мен ерекше жабдықтар, сондай-ақ 2500-10000 дана сорғы жабдығы немесе құбыр арматурасы. Барлық өнімнің сәйкестік сертификаттары және қазақстандық CT-KZ сертификаты бар. Бұйымдар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркия және Шығыс Еуропаға экспортталады. Қолда бар қорларды тиімді пайдалана және қызметкерлердің біліктілігін арттыра отырып, кәсіпорын қазақ­стандық бұйым­дарды экспорттау үлесін ұлғайтуды көздеуде. Енді отандық зауыт әлемдік сорғы жабдық­тарын өндірушілердің онды­ғына енуді мақсат етіп отыр. Кадрлар әлеуетін дамытуға үлкен мән беретін компанияда өнім шығару бойынша негізгі жұмыс жергілікті мамандар­дың, ел азаматтарының күшімен жүзеге асырылады. Бұл үдерісті жалғастыру мақсатында 2016 жылдан бастап дуальді білім беру жүйесі бойынша кадр резервін дайындау бағдарламасы жұмыс істеуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы