• Өндіріс
  • 20 Тамыз, 2020

БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ: АРАЛЫҚ НӘТИЖЕЛЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы өз мәресіне жетіп, биыл 1 қаңтардан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа бағдарлама іске қосылды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында бағдарлама қолға алынғаннан бергі он жылда жеткен нәтижелер мен 2025 жылға дейінгі бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлерге берілер жаңа мүмкіндіктер туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин әңгімелеп берді.

«Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасы бойынша 2010 жылы қолға алынған болатын. Бағдарламаны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырады. Бас­қарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин атап өткендей, содан бергі жылдар ішінде бағдарлама отандық бизнеске айтарлықтай қолдау көрсетіп, кәсіпкерлердің сенімді көмекшісі ретінде өз мүмкіндігін толығымен дәлелдей алды. Осы тұрғыда ол бағдарламаның тиімді тұстарын көрсететін сандарды көпшілік назарына ұсынды. Бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер 2010-2019 жылдар аралығында 25 триллион теңгенің өнімін өндіріп, 1,6 триллион теңге сома көлемінде салық төледі. Бизнестің жол картасы аясында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің арқасында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Егер мультипликативті әсер туралы айтатын болсақ, субсидияның 1 теңгесі үшін 10 теңге несие тартылды. Қаржы институттары көзқарасы тұрғысынан бұл жақсы көрсеткіш болып саналады. Кепілдеменің 1 теңгесіне 2,6 теңге несиелік қаражат тартылды. Сонымен қатар нәтиже көрсетіп отырғандай, субсидия үшін 1 теңге бюджетке 135 теңге кіріс пен 8 теңге салық түсімін әкеледі», – деп атап өтті Рустам Қарағойшин. Шағын және орта кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылатын қолжетімді қолдау құралдарының басым бөлігі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына шоғырланған. Шағын және орта бизнесті қолдау құралдарының бірі пайыздық мөлшерлемені субсидиялау болып табылады. Субсидияның арқасында кә­сіпкерлер төмен мөлшерлемемен несие алып, көптеген жоба­ларға қолдау көрсетілді. Осы жылғы 1 тамыздағы мәліметтерге сәйкес, «Даму» қоры 2010 жылдан бастап 2,8 трлн теңге несие сомасына 16 311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде былтыр жалпы сомасы 154 млрд теңге болатын 2 402 жоба қаржыландырылды. Субсидияланатын жобалар­дың салалық құрылымында өңдеуші өнеркәсіп (жалпы сомасы 1,2 трлн теңге, 4 444 жоба), көлік және қоймалау қызметі (жалпы сомасы 413 млрд теңге, 3 629 жоба) жобаларының үлесі басым. Көтерме және бөлшек саудада тиісінше 286 млрд теңгенің 2 293 жобасы, 144 млрд теңгенің 1 220 жобасы субсидияланған. Шағын бизнесті мемлекеттік қолдау барысында тағы бір талап етілетін шара – «Даму» қорының кепілдігі. Кәсіпкерге өз бизнесіне несие алу кезінде кепіл жетіспеген жағдайда, қор кепілгер ретінде әрекет етеді. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 306 млрд теңге несие сомасына 7 518 жоба бойынша кепілдіктер берілген, кепілдеме сомасы 117 млрд теңгені құрады. Оның ішінде былтыр жалпы сомасы 74 млрд теңге болатын 1 726 жобаға қолдау көрсетілді, кепілдік сомасы 27 млрд теңгені құрады. Бұл ретте салалық бөліністе қар­жыландырылған жобалар арасында өңдеу өнеркәсібі (жалпы сомасы 103 миллиард теңге, 2 206 жоба) және сауда саласы (32 миллиард теңге сомасына 1 309 жоба) ең көп үлеске ие. Бағдарлама аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлер қатары жылдан жылға артып, ішкі нарықта сапалы отандық тауарлардың қарасы көбейіп келеді.

Қазақстандық бизнес қазір өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты енгізіл­ген мәжбүрлі шектеу шаралары бизнестің тоқтап, кәсіпкерлердің шығынға ұшырауына әкелуде. Осынау сындарлы шақта шағын және орта бизнесті қолдау – «Бәйтерек» холдингі үшін басым бағыт. Биыл 1 қаңтардан бастап «Биз­нестің жол картасы» бағдарлама­сы тағы бес жылға – 2025 жылға дейін ұзартылды. Осы ретте бірқатар өзге­ріс­тер енгізілген жаңа бағдарлама бизнестің қаржыландыруға қол же­тімділігін айтарлықтай жеңілдетері сөзсіз. Баяндамашы бұл Ұлттық экономика министрлігінің үйлесімді, жедел және жоғары кәсіби жұмысының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Жаңа бағдарлама аясында ке­ңей­тілген құралдарды пайдалану көзделуде. Осы тұрғыда Қарағойшин нақтылап өткендей, субсидиялау құралы бойынша: салалық шектеулер алынып тасталды; кәсіпкерлерге арналған мөлшерлеме 6% деңгейін­де біріздендірілген; субсидиялауға жататын кредиттер сомасы 5 жыл мерзімге 2,5-тен 7 миллиард теңгеге дейін ұл­ғай­­тылды. Ал кепілдік беру құралы бойынша: ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін 360 миллион теңге сомаға дейінгі көлемдегі несиеге кепілдік беріле­ді. Бұл ретте кредит сомасының 85% ке­піл­дендіріледі; жұмысын жал­ғас­тырып отырған кәсіпкерлер үшін 1 миллиард теңгеге дейінгі несиелерге кепілдік беріледі. Бұл жерде несие сомасының 50% ке­піл­дендіріледі; сондай-ақ айналым қаражатын 100 пайыздық толықтыруға бағытталған, 500 миллион теңге сомаға дейінгі кредиттерге кепілдік беріледі. Жаңа бағдарламада аталған өз­геріс­термен қатар, салалық шектеулер алынып тасталды (сауда мен тыйым салынған қызмет түрлерін қоспағанда). Осы ретте төраға орынбасары «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысушылар қатарына азық-түлік, сабын және жуғыш құралдар, санитарлық-гигие­налық тұрғыдағы қағаз бұйымдар өндірісі, автокөлікпен жүк тасымалы, қойма және қосымша көлік қызметі, туризм, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару секілді салаларда жұмыс істейтін ірі бизнес субъектілерінің де қосылғанын атап өтті. Бірінші кезекте орта және шағын кәсіпкерліктегі субъек­тілер санының көбеюіне бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдар­ламасының басты тартым­дылығы да сол – кәсіпкерлерге дамуға мүмкіндік беру. Қазіргі күні елі­міздің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ды құрайды, 2025 жылға қарай оның үлесі 35%-ға жетуі тиіс. «Біз бес жыл ішінде осындай үлкен өсімді күтеміз, сондықтан кәсіпкерлер өз бизнесін бастау немесе дамыту үшін жүрексінбей мемлекеттік қолдауға жүгінуі керек», – деп «Бәйтерек» хол­дингі бас­шысының орынбасары елдің бизнес-қауымдастығын мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен тартынбай, өз ісін өрістетуге шақырды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы