• Әлеумет
  • 27 Тамыз, 2020

Халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету – басты міндет

Қазақстан ел Конституциясында өзін әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетті. Оның мәні – қоғамның әлеуметтік өмірінің барлық салаларында азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерінің кешенді түрде қамтамасыз етілуі мен қорғалуында. Бұл шарт ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген мемлекет қамқорлығынан да көрініс табуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолда­уында «мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпші­лікпен бірдей жағдай жасауға міндетті» екенін бөле-жара атап көрсетті. Яғни қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, мемлекеттік қызметтер алуда да мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауы тиіс. Осы орайда, «Аза­маттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұйымдастыруда мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға қолжетімділігін көтеруге ерекше мән беріп отыр. «Барлық фронт-офистерге келетін мүгедектігі бар жандар көліктерін қоятын автотұрақ, арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері, көтеру лифті, көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар, Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалар орнатылған. Әрбір фронт-офисте мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы терезелер жұмыс істейді. Құлағы естімейтін немесе нашар еститін жандарға арнайы курстардан өткен сурдоаудармашы маман ымдау-ишара тілімен қызмет көрсетеді», – дейді филиал ди­ректоры Данияр Қырықбаев.
Арбаға таңылған мүгедек Дәурен Асылбекұлы Алатау ау­дандық фронт-офистің тұрақты қызмет алушысы. Ол мұнда келген сайын көпшілікпен бірдей, еш кедергісіз қызмет алатынын айтады.
Мүгедектер үшін көптеген қызметті онлайн режимде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары онлайн режим­де мемлекеттік корпора­цияға беріліп, осында барлық жәр­дем­ақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйым­­­дас­тырылады. Сондай-ақ «Аза­маттарға арналған үкіметтің» мамандары 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан қарт адамдарға, ҰОС қатысушыларына және мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді. «Жыл басынан бері біздің ма­мандар үйлерге барып (1737 үй), 2 мыңға жуық қызмет көрсетті. Ең көп талап етілетін қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктер беру. Мүгедектерді сурдо-тиф­лотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қам­тамасыз ету, протездік-ортопе­диялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу және т.б. қызметтер де сұранысқа ие», – дейді Данияр Қырықбаев.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметтерде 807, Алматы филиалында 67 мүмкіндігі шек­теу­лі жан жұмыс істейтінін айта кет­кеніміз жөн.
Сонымен қатар биыл Алматы ХҚО-лары арқылы мыңға жуық адамға спорттық атақ-дәреже рәсімделді. «Азаматтарға арнал­ған үкіметтің» фронт-офистері арқылы қанша спортшы атақ пен санатқа ие болғаны есептеліп, бұл тарапта биылғы жеті ай ішінде 1 544 мемлекеттік қызмет көрсетілгені анықталды. Оның ішінде 952-сі Алматы қаласының үлесіне тиіп отыр.
«ҚР еңбек сіңірген жаттықты­ру­шысы», «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері», «ҚР халықара­лық дәрежедегі спорт шебері», «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы», «Жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі», «Ұлттық спорт төрешісі» және тағы басқа да бірқатар атақ-санаттарды беру туралы мемлекеттік қызметтерді алу үшін тапсырылатын құжат­тар­дың тізімі атақ-санаттың дәре­жесіне қарай әртүрлі. Оның үстіне бұл қызметтер бірнеше кезеңнен тұратындықтан, мерзімі де 24 жұмыс күнін құрайды.
Спорттық атақ пен санаттарға қатысты қызметтер жеке тұлға­ларға тегін көрсетіледі. Нәтиже­сінде қызмет алушының қолына ХҚО-да спорттық атақ беру туралы куәлік немесе біліктілік санатын беру туралы куәлік, тиісті омырауға тағатын белгі немесе спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру туралы бұйрықтың көшірмесі немесе дәлелді бас тарту туралы жауап ұсынылады.
Айта кету керек, азаматтар спорттық атақ пен санаттарды халыққа қызмет көрсету орталық­тарында ғана емес, сондай-ақ спорт және дене шынықтыру саласындағы өкілетті орган мен egov.kz электрондық порталы арқылы да рәсімдей алады.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы