• Қаржы
  • 27 Тамыз, 2020

Карантиндік шектеулер: Ақша-кредит саясатының көрсеткіштері жаңартылды

Төрткүл дүниеге таралған коронавирус індеті әлем елдерін әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қайта қарауға мәжбүр етті. Әлемнің ірі экономикаларының жандана бас­тауына қарамастан, Covid-19 екінші толқынының келу қаупі және АҚШ пен Қытай қарым-қатынасының шиеленісуі жаһандағы күрделі жағдайдың жақын арада жақсара қоймасына көз жеткізгендей. Осы ретте сейсенбіде өткен үкімет отырысында еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды.

Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев биылғы және алдағы кезеңдегі инфляция болжамы, төлем теңгерімі, ақша-кредит саясаты, бюджет тапшылығы мен Ұлттық қор қаражатының жағдайына тоқталды.
Әлемдік экономиканың қалпына келе бастауы және энергия ресурстарын тұтынудың өсуі нәтижесінде Brent маркалы мұнайға баға белгілеу биылғы сәуірдегі ең төменгі мәннен 25 тамызға бір баррель үшін $45,1 дейін, 2,8 есе өсті. «Биыл мұнай бағасының одан әрі өсуі коронавирус инфекциясының екінші рет қайталану мүмкіндігіне, АҚШ пен Қытайдың сауда қатынасының шиеленісуіне байланысты, сондай-ақ ОПЕК+ қатысушыларының биыл 1 тамыздан бастап мұнай өндірісін ұлғайтуы аясында шектеледі. Ұлт­тық банктің қазақстандық кәсіп­орындарға жүргізген сауалнамасы биыл 3-тоқсанда экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің төмен қарқыны күтілетіндігін көрсетеді. Биыл шілде айында басталған іскерлік белсенділіктің төмендеуі тамызда да карантиндік шектеулер аясында жалғасуы мүмкін», – деді өз сөзінде Ерболат Досаев.
Ұлттық банк төрағасы өзек­тендірілген макроэконо­микалық деректерді ескере отырып, ақша-кредит саясатының көрсеткіштері бөлігіндегі әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы жаңар­тыл­ғанын атап өтті. Дезинфляциялық әсер көрсететін әлсіз ішкі сұраныс аясында биылғы жылға арналған инфляция болжамы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бірінші кезеңіндегі 9-11%-дан 8-8,5%-ға дейін қайта қаралды. Күтілетін төлем теңгерімі тап­шылығы аясында айырбастау баға­мының бағаларға тасымалдануы, сондай-ақ ұлғайған фискалдық импульс инфляцияға әсер етеді, оның инфляцияға ықпалы 2021 жылы да жалғасады. «Тиісінше, біздің бағалауымыз бойынша, 2021 жылы мұнай бағасының біртіндеп өсуі және ішкі экономиканың қалпына келуі аясында жылдық инфляция 4-6% дәлізінің жоғары шекарасына жақын қалыптасады және 2022 жылы да осы дәлізде болады. Осыған байланысты инфляция болжамы мынадай таргеттерге сәйкес келеді: 2021-2022 жылдары 4-6%, 2023-2024 жылдары 4-5% және 2025 жылы 3-4%», – деді ол.
Биыл алғашқы жартыжылдықта төлем теңгерімінің қолданыстағы шотының профициті (алдын ала бағалау бойынша 2,1 млрд АҚШ доллары) тікелей инвесторларға төленетін кірістердің төмендеуі және жыл басындағы мұнайдың салыс­тырмалы түрде жоғары бағасы мен жеткізілімдері есебінен тіркелгені атап өтілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша пандемия салдарынан төлем қабілеттілігінің төмендеуі және инвестициялық жобалардың іске асырылуының баяулауы аясында биыл тауарлар импортының 13,1%-ға қысқару болжамына қарамастан төлем теңгерімінің қолданыстағы шотының тапшылығы күтіледі. Ағымдағы шоттың тапшылығы биыл өткен жылмен салыстырғанда мұнай бағасының жалпы төмендеуіне және мұнай өндіруді қысқарту бойынша OPEC+ мәмілесінің талаптарын сақтауға, сондай-ақ екінші жартыжылдықта тікелей инвес­торларға төленетін кірістерді біртіндеп қалпына келтіруге байланысты тауарлар экспортының қысқаруы аясында қалыптасады. Бұдан кейінгі импорттың болжамды серпіні импортты алмастырудың белсенді саясатын іске асыруға негізделген. Бұл ретте, 2021 жылы кейінге қалдырылған сұраныс пен 2020 жылы тоқтатып қойылған инвестициялық жобаларды жеделдетіп іске асыру салдарынан импортты қалпына келтіру және оның 8,1%-ға өсуі күтіледі. Тауарлар экспортының болжамы шикізаттық емес тауар экспортының ұлғаюы бойынша күтулерді көрсетеді, бұл 2025 жылға қарай экспорттың 50 млрд АҚШ долларынан жоғары деңгейге дейін кезең-кезеңімен өсуіне алып келеді. Ұлттық банк үкіметтің өңдеуші өнеркәсіп өнімдері экспортын 2025 жылға қарай 42%-ға ұлғайту жөніндегі жоспарын қолдайды.
Ақша-кредит саясатының көрсет­кіштері, ақша көлемін, депозит­тер мен кредиттерді қоса алғанда, Ұлттық экономика министрлігі орта мерзімді кезеңге ұсынған жалпы ішкі өнім­нің номиналды өсу болжамы негізінде қарастырылады. Биыл жыл қорытындысында депозит­тердің әлсіз өсуі күтілуде, оның есебінен халықтың нақты табысының төмендеуі аясында тұтыну шығыстарының бір бөлігі қаржыландырылады. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі биылғы шілдеде 39,5%-ға дейін төмендеді (былтырғы желтоқсанда 43,1%). Депозиттерден басқа, айналыстағы қолма-қол ақша көлемі әлеуметтік төлемдердің өсуі аясында өседі, бұл жиынтығында осы жылы ақша көлемін арттырады. «Біздің күткеніміздей, ағымдағы жылы іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында экономикаға берілетін несиелер де баяу өсетін болады. Болжамымызға сәйкес, экономикаға берілетін кредиттер де іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында баяу өседі. Осы жылдың басынан бері ЕДБ кредиттері шілденің соңында 0,5%-ға (немесе 67,1 млрд теңгеге), 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық банк қазіргі уақытта «тамыз-қыркүйек» болжам раундын өткізіп жатыр, оның шеңберінде макроэкономикалық ин­ди­каторлардың болжамдары қайта қара­лады. Атап айтқанда, биыл 7 айда ІЖӨ-нің 2,9%-ға қысқаруы бойынша нақты деректерді ескере отырып, ІЖӨ-нің 2020 жылға қысқаруының ағымдағы болжамы жаңартылады», – деді Ерболат Досаев.
Республикалық бюджеттің жобасы мемлекеттік бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемінің едәуір артуын көздейді. Болжам бойынша, 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты жалпы ішкі өнімнің 30,8%-ын құрайды және оның 30%-ына тең азаймайтын қалдығына жақындайды. Е.Досаев осыған байланысты 2021 жылы контртізбектік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту үшін шаралар қабылдау қажет болатынын атап өтті. 2021 жылға арналған кепілдендірілген трансферттер көлемі 2,7 трлн теңге, 2022 жылға 2,4 трлн теңге, 2023 жылға 2,2 трлн теңге болады. Сондай-ақ 2021 жылға 1 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделген. Ұлттық қордың қаражаты 2020 жылдың соңында 27,3 трлн теңге болып, жалпы ішкі өнімнің 38,5% құрайды, 2021 жылы – 26,6 трлн теңге (34,7%), 2022 жылы – 26,9 трлн теңге (32,7%), 2023 жылы – 27,6 трлн теңге (30,8%) болмақ.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы