• Саясат
  • 02 Қыркүйек, 2020

Жалпыұлттық жаңғыру: Түпкі мақсат – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Президент Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын дамыту, теңгерімді аумақтық даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.

Жолдауда мемлекеттік бас­қару саласындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру, бұл ретте жұмысты, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауап-кершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау қажеттігі айтылды. Мемлекеттік жоспарлау жүйе­сі адам ресурстарын барын­ша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толық­­қанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. «Сан алуан көрсеткіштер мен индикатор­лардан тұратын мемлекеттік бағ­дар­ламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс.
Осындай түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды. Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда алға қойылған тағы бір маңызды міндет – квазимемлекеттік компанияларды корпоративтік бас­қару ісін жақсарту. Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай компаниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс. Көптеген акционерлік қоғамда қалыпты түсініктер ауысып кеткен. Корпоративтік басқару қосымша бюрократиялық рәсімге айналып отыр. Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет.

ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

Экономика ха­лықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағыт­талуы керек. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс. «Сондықтан еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек. Атап айтқанда, олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнім­ділікті көбейту, экономиканың ауқым­дылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту; «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау; мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу», – деді Президент.
Ұлттық экономиканың стратегия­лық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.
Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек.

 Президент сонымен бірге үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек­тігін атап өтті.
Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Осы ретте Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Осы орайда жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдау тапсырылды.
Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриялды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр. Осы орайда үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Салаға қатысты ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.
Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс. «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кеше­нінде қарқын­ды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында», – деп атап көрсетті Президент.
Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу тапсырылды.
Президент жеріміз шетелдіктерге сатылмайтынын атап көрсетті. Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толық­қанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсіл­дерін әзірлеуге тиіс. Өйткені аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.
Президент үкіметке бизнес өкіл­дерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды.

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА КЕШЕНІ

«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді.
Дегенмен, бұл саладағы бәсеке­лестік өте күшті. Орталық Азия өңі­рін­де пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін тө­мендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұр­лы жол» бағдарламасының екінші ке­зе­ңі елі­міздің көлік-транзит сек­торы­­ның же­­­тек­ші рөлін бекемдеуге арналуы керек.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.
Президент wwwшағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салала­рындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Субсидиялау Төтенше жағдай жа-рияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды.
Сонымен қатар Ұлттық банкке қазіргі күрделі ахуалға байланысты шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту қарастырылған арнаулы бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту және оның аясын кеңейту жүктелді. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу арқылы бағ­дарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. «Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын», – деді Президент.
Келесі мәселе – бизнес ахуалы. Мемлекет басшысы саланы реформалау керектігін, өйткені реттеу жүйесі әлі де болса қолайсыз, тіпті жазалаушы сипатынан арыла алмай отырғанын айтты. Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу міндеттелді. «Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн», – деді Президент.

«ӨЗЕКТЕС» МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТАРДЫ ҚАЙТА ҚҰРУ

Жолдауда жұмыстың табысты болуына жол ашатын маңызды фактор – ақша-несие саясатын қайта қарау қажеттігі айтылды. «Біз ұлттық және халықаралық инвесторлардың теңгеге сенімсіздік білдіретінін көріп отырмыз. Экономиканы әртараптандыру ісінің жеткіліксіздігі және бағамның тым құбылмалылығы шетелден инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Бұл, әсіресе, шикізаттық емес секторда айқын сезіледі.
Валюта нарығын реттеуге және капитал қозғалысына қатысты проблемалар да теріс ықпалын тигізуде. Экспорттан түсетін табыстың елеулі бөлігі ішкі валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Үкімет пен Ұлттық банк экспорттаушыларды валюталық табыс­ты сатуға ынталандыруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Ақша-несие саясатының ынталан­ды­рушылық рөлін де күшейту қажет. Қазіргі таңда бұл саясат көбінесе валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейіп кету қаупіне байланысты тежелуде. Банктер валюта нарығы және Ұлт­­тық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатын болған соң, нақты эко­­но­миканы несиелендіруге құлықты емес.
Президент қаржы реттеушісіне осы өтімділікті қайта бағдарлап, бизнеске несие беріп, валюталық алыпсатарлықты тоқтату ісіне бейімдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, заңнамалық және нормативтік база өзгертіліп, қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілді. Бұрын тұтыну несиесін оңды-солды таратып келген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы меке­мелерінің қызметі мемлекет тарапынан реттелетін болды. Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арт­­тыру, сондай-ақ несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу ша­ра­­ларын қабылдауы керектігі атап өтілді. «Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін түйіндей келе атап өткендей, жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болары анық.

Tenge Monitor

Дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Сенатының төрағасы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді.
Жолдауда, ең алдымен, мемлекеттік басқару саласын реформалау мәселесіне көңіл бөлінуі тегін емес. Себебі, қолға алған жаңғыртуларды мемлекеттік аппараттағы өзгерістерсіз жүзеге асыру мүмкін емес екені белгілі. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде анық байқалды. Мемлекеттік аппарат негізсіз мақсаттарды көздемей, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді шешуге жұмылу керек. Өз кезегінде қазақстандықтар қабылданған шешімдердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет. Қазіргі таңда қоғам түсінікті және тиімді мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды талап етуде. Сондықтан ұтымды ұлттық жобалар форматына көшу дер кезінде қолға алынып отыр.
Президент Жолдауында жаңа жағдайдағы экономикалық даму мәселесіне баса мән берілген. Бәсекелестіктің, шағын және орта бизнестің өркендеуі табиғи ресурстарға тәуелділікті төмендету арқылы экономиканы күшейту, азаматтардың бастамаларын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау сияқты үш бірдей маңызды міндетті орындауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Парламент депутаттарының облыстарға сапары кезінде өзекті проблемаларды шешу жолдары пысықталып, азаматтардың ұсыныстары тыңдалған болатын. Жолдаудағы өңірлерді дамытуға арналған басымдықтарды іске асыру және оларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету біздің палатамыздың жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Себебі, сенаторлар өңірлердің өкілі ретінде заң шығару органында аймақтардың мүддесін қорғайды.
Құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалар да одан әрі жалғасады. Президентіміздің жаңғыру бағдарында адам құқығы зор маңызға ие. Оны осы саладағы барлық олқылықтарды өзгертуге және жоюға арналған тың бастамалардан анық байқаймыз.
Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыттағы, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға арналған бастамаларын да заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Өткен айларда бұл бағыттар бойынша жұмыс тәсілін қайта жандандыру қажет екеніне кезекті рет көз жеткіздік. Бұл ретте кейбір мәселелерді білім мен медицинаның тиімділігін арттыратын ұтымды цифрландыру және мемлекеттік қызмет түрлерін алуды барынша жеңілдету арқылы шешуге болады. Сондай-ақ Жолдауда соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жүрген экологиялық білім және жануарларды қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Сонымен қатар Президентіміздің бірқатар стратегиялық мәселелерді қоғамның талқылауына шығаруы өте маңызды. Оның ішінде әкімдерді сайлау, петиция құру, жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау және шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың көптеп қатысуын қамтамасыз ету мәселелері бар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының әрі қарай жүзеге асырыла беретінін білдіреді.
Осындай нақты бастамаларды ескеріп, Президент Жолдауы жан-жақты пысықталған, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат деп айтуға толық негіз бар. Жолдауда экономиканы қалпына келіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін тиісті заңдар қабылданады. Бұл жаңа сессияда депутаттар жұмысының негізгі басымдығы болып саналады.

 

314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы