• Саясат
  • 09 Қыркүйек, 2020

Мұнай-газ, химия саласына $15 млрд салынады

Өткен жұмада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Нұрлан Ноғаевты қабылдады. Ведомство басшысы министрліктің ағымдағы жылдың 7 айындағы жұмыс қорытындылары жайында есеп берді және елдің отын-энергетика кешенін дамыту перспективаларымен таныстырды. Бұл туралы Ақ орданың Баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына бола­шақта Теңіз кенішін кеңейту мен ернеулік қысымды басқару жө­нін­­­дегі жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Бұл жобалар 2022 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай ақ Президентке 2025 жылға дейін мұнай-газ, химия саласында жалпы соммасы 15 млрд АҚШ доллары болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланғаны туралы ақпарат берілді.
Министрдің айтуынша, биыл жыл басынан бері қуаттылығы 432,05 МВттық жаңартылатын қуат көздерінің 15 нысаны іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 260 МВт жаңартылатын қуат көздерінің нысандары пайдалануға берілмек.
Нұрлан Ноғаев 1 қыркүйектен бастап саланы цифрландыру бағ­дарламасы аясында қазба бай­­­лықтарды пайдалану құқығы бойын­ша аукциондарды электронды форматта өткізу жоспарланып отырғанына тоқталды. Бұл конкурстық үдерістердің ашық жүруін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің шығындарын азайтады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы энергетика саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

СЕКТОРДЫ ЭКСПОРТТЫҚ ӨНІМГЕ БАҒДАРЛАУ

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Энергетика саласындағы қазіргі және орта мерзімді жоспарлар туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Үкіметінің Баспасөз қызметі primeminister.kz сайтында.
Мұнай-газ секторы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің шамамен 25%-ын өндіретін және экономикаға 50%-ға жуық инвестиция тартатын ел экономикасының негізгі қозғаушы күші болғанына қара­мастан, министрлік мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары, экспортқа бағ­дарланған өнімді шығаруға және жоғары бөліністі мұнай газ-химия өнер­кәсібін дамытуға қайта бағдарлау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.
Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған хош иісті көмірсутекті, майлар мен полипропиленді өндіру зауыттарының өнімді шығару көлемдерін үдетуіне байланысты жыл сайын мұнай газ-химия өнімдерін шығаруда өсім байқалады. Бүгінгі таңда салада 2025 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 15 млрд долларды құрайтын жобалар қолға алынды.
Министрдің айтуынша, мұнай-газ химиясы саласын дамытуға ин­вес­тициялар тарту үшін Үкімет тарапынан нақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Арнайы аймақта мұнай-газ химиясы өндірісін дамытуға арнал­ған бірыңғай алаңды құру инфрақұры­лымды салу, шикізатпен қамтамасыз ету, көлік шығыстары бойынша шы­ғындарды едәуір үнемдеуге мүм­кіндік береді, бұл өз алдына іске асырылып жатқан жобалардың эконо­микалық тартымдылығын айтар­­лықтай жақсартады. «Ал ірі жобаларға тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда қуаты жылына 500 мың тоннаны және құны 2,6 млрд долларды құрайтын полипропилен өндіру жөніндегі газ-химия кешенінің құры­лысы жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқ­тау мерзімі – 2021 жылдың соңы», – деді ведомство басшысы.
Бүгінде министрлік Полиэтилен өндіру жобасын іске асыру үшін зәкірлі инвесторды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Мұнай өнімдері және электр энергиясы саласындағы биржалық сау­даны тәртіпке келтіру, сондай-ақ бәсекелістікті одан әрі дамыту бойынша Президенттің берген тапсырмаларын орындау мақсатында келесі шаралар ұсынылады: өнімдерді арнайы тауар биржасы арқылы кезең-кезеңімен сатуды жүзеге асыру үшін электрондық сауда алаңдарына және тауарлық биржаға қойылатын талаптарды әзір­леу; электр энергия­сы нарығында бәсекелестікті дамыту мақсатында энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын орталықтандырылған сауда алаңы арқылы өткізуге міндеттейтін заңнамалық актілерді қабылдау; электр энергиясын жеткізушілерді еркін таңдау құқығын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыларды қызмет жеткізушілермен байланыстыратын бірыңғай цифрлық платформаны құру; бизнес ахуалды жақсарту үшін бизнес субъектілерін электрмен жабдықтау жүйесіне қосуға арналған «бір терезе» қағидатын әзірлеу. Бұл шара электр желілеріне қосу рәсімдерін оңайлатуға мүмкіндік береді.
Жер қойнауын пайдаланушы­лардың ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарға міндеттемелерінің жыл сайынғы орташа сомасы шамамен 9 млрд теңгені құрайды.
ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын жинауды орталықтандыру және ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарға қаржыны ашық бөлу үшін келесіні ұсынады: көмірсутектер мен уран саласында ұлттық ғылыми кеңес құру; ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі негізінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландырудың барлық тізбегін оңтайландыру және автоматтандыру.
Н.Ноғаевтың айтуынша, мұнай және газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесін енгізу мұнайды өндіру, өңдеу және тасымалдауды есепке алуды автоматтандыруға, сондай-ақ талаптарды орындауға мониторингті автоматтандыруға мүмкіндік береді. «Энергетика министрлігі өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қалыптастыру мақсатында шетелдік инвесторлармен бірлесіп құрылатын жергілікті қамтуды дамытуға тікелей инвестициялар құру, сондай-ақ жалпы шығындардың 1% мөлшерінде цифрландыруға жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен шығындарынан босататын нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде», – деді энергетика министрі.
«Жасыл экономиканы» дамыту тұжырымдамасы аясында 2050 жылға қарай тұтынатын энергияның 50%-ы жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда, баламалы энергетика есебінен жабылуы тиіс. Экологиялық таза энергия көздерін дамытуды ынталандыру үшін баламалы энергетиканы қолдау жөніндегі жаңа заң қабылдау жоспарланып отыр. «2019 жылы мұнай-газ саласында тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі шамамен 7 трлн теңгені құрады. Ірі жобалардағы жиынтықты жергілікті қамту шамамен 39%-ды құрады. Бұл ретте жергілікті өндіріс тауарларының көлемі шамамен 10%-ды құрады. Энергетика министрлігінің жұмысы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталады», – деді Н.Ноғаев.
Қазіргі уақытта министрлік мұнай-газ секторы нарығындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беретін екі бастаманы іске асыруда. Оларды жақын арада жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл – жергілікті қамту қорын және мұнай-газ машиналарын жасау мен сервисті дамытудың халықаралық орталығын құру. «Аталған орталық жұмысының мақсаты – ҚР мұнай-газ саласы үшін тауарлар/көрсетілетін қызметтер өндірісін жергіліктендіру. Атап айтқанда, жаңа өндірістер мен сервистік орталықтарды ашу, сондай-ақ жұмыс істейтін отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл орталық операторлар қажеттілігі үшін көрсетілетін қызметтер мен тауарлар өндірудегі және жеткізудегі жергілікті тауар өндірушілердің/сервистік компаниялардың олқылықтарын жоюға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Нұрлан Ноғаев.

Исатай ҚАМБАРОВ

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы