• Саясат
  • 09 Қыркүйек, 2020

Дамуға бағдар: Өткеннің сабағы келешекке арқау болады

Үкімет Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды қабылдады. Жиында сондай-ақ еліміздің биылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы, эпидемиологиялық жағдай баяндалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспарын ұсынған ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуынша, құжат Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады. Оның ішінде «мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» – 10, «жаңа жағдайдағы экономикалық даму» – 42, «теңгерімді аумақтық даму» – 2, «азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» – 10, «қолжетімді және сапалы білім беру» – 16, «денсаулық сақтау жүйесін дамыту» – 10, «экология және биоалуантүрлілікті қорғау» – 8, «азаматтардың мүдделерін қорғаудағы әділетті мемлекет» – 30, «цифрландыру – барлық рефор­малардың базалық элементі» – 8, «мемлекетті басқаруға азаматтық қатысу» – 7 тармақтарды қамтиды.
Премьер-министр Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру екенін атап өтті. Бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінде ұлттық басымдықтар қамтамасыз етіледі және бюджеттен тыс қор­лардың қаражатын ескере отырып, «кеңейтілген бюджет» енгізіледі. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейту, қо­лайлы отбасылық-демографиялық жағдайлар жасау, экологияны, білім беру сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. «Бүгін таныстырылған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге сай келеді. Президент жоспарды бекіткеннен кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны дереу орындауға кірісуі тиіс», – деді А. Мамин.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3 %-ке қамтамасыз етілді, оның ішінде машина жасауда – 16,3%, тамақ өнімдері өндірісінде – 3,6%, фармацевтикада – 34,1%, жеңіл өнеркәсіпте – 11%, химия өнеркәсібінде – 3,1% және дайын металл бұйымдарының өндірісінде – 18,8%. Құрылыс көлемі 6,5%-ке артып, тұрғын үйлердің 6,4%-і немесе шамамен 8,1 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 4,9% деңгейінде қамтамасыз етілді. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша алтын-валюта резерві жыл басынан бері 22,2%-ке артып, $35,4 млрд құрады. ОПЕК+пен қол жеткізілген келісімдерді орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-2,5%) байқалады. Сонымен қатар тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр, оның ішінде көмір өндіру – 1,2%, металл кенін өндіру – 1,3% өсті. Қызмет көрсету сек­торында, соның ішінде көлік пен сауда саласында көрсеткіштердің төмендегені (-6,1%) байқалады. Бұл қатаң карантиндік шектеу шараларының тек 17 тамызда ғана алынуына байланысты.
А.Мамин орталық және жер­гілікті органдардың басшыларына қаражатты уақытылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар қабылдаумен бюджет қара­жатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қарау барысында денсаулық сақтау министрі А.Цой уақытылы қабылданған шаралардың арқасында коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтанғанын баяндады. Коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсуі 0,5% шегінде. Бүгінгі таңда осы инфекцияны жұқтырған адамдардың 94%-і емделіп шықты, инфекциялық ауруханалардың жүктемесі – 15%. Коронавирусқа байланысты жедел жәрдем шақыру 80%-ке дейін төмендеді. Ауруханадағы орындар санын 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 2 стационар қайта жөнделуде. Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жедел жәрдем автокөліктерімен, автобустармен және барлық қажетті жабдықтармен (өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары) қамтамасыз етілуде. Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты орнатылды. Биыл 1 қазанға дейін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. Елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды, тапшылық болмайды. Оның үстіне, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек (ыстықты түсіретін, антикоагулянттар) беріліп жатыр. ПТР тестілеу мүмкіндігі артты (тәулігіне 40 мыңға дейін, 63 мыңға дейін жеткізілуі мүмкін). Вакцина сатып алу және өзімізде вакцина жасап шығару жөнінде келіссөздер өткізілді. 15 қыркүйектен бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасалады.
«Жалпы, Үкімет тарапынан ау­қымды жұмыс жүргізілуде. Қа­был­данған шаралардың нәтиже­сінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе алды. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек», – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы әлемдегі эпи­де­мияның тұрақсыздығын ескеріп, вирустың қайтадан өршу мүм­кіндігіне дайындық жұмыстарын жалғастыру және кейбір шектеу шараларын – қашықтан білім беруді, демалыс күндері локдаунды сақтау қажет екенін атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы