• Өндіріс
  • 17 Қыркүйек, 2020

Инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажет

Республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі қыркүйек айының 1-і күні көп кешіктірмей қолға алуды қажет ететін өзекті мәселелерге баса назар аударылған және олардың шешу жолдарын айқындаған, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілеген жаңа Жолдауын жариялады. Оның осы орайда алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің қазіргі жағдай талаптарына сай келетініне күмән жоқ болса керек.

 

Президент Жолдауында эконо­микалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінген. Оны мына бір сөздерден байқауға болады: «Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқ­талған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Әртараптандырылған және техно­ло­гияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Сонымен қатар экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлт­тық табыстың өсімінен түсетін игілік­тер­ді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифті­лер­ді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өт­кір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан еліміздің жаңа эконо­ми­калық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек: Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлі­нісі; Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;
Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу;
Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту;
«Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау;
Мем­лекет тарапынан дәйекті ше­шім­дер қабылдау және сол үшін қоғам ал­дында жауапты болу»
.

Жолдау белгілеп берген міндет­терді орындау барысында үкіметіміз бағдарламалық негізге сүйенуге тиіс. Ондай ауқымды құжат тез арада дайындалды. Және де ол үкіметтің кезекті отырысында қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ұсынған «Жалпыұлттық жоспар» (ЖҰЖ) мемлекет басшысы белгілеп берген негізгі бағыттарға сай 143 тармақтан тұрады, оның ішінде «мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» – 10 тармақ, «жаңа жағдайдағы экономикалық даму» – 42 тармақ, «теңгерімді аумақтық даму» – 2 тармақ, «азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» – 10 тармақ, «қолжетімді және сапалы білім беру» – 16 тармақ, «денсаулық сақтау жүйесін дамыту» – 10 тармақ, «экология және биоалуантүрлілікті қорғау» – 8 тармақ, «азаматтардың мүдделерін қорғаудағы әділетті мемлекет» – 30 тармақ, «цифрландыру – барлық реформалардың базалық элементі» – 8 тармақ, «мемлекетті басқаруға азаматтық қатысу» – 7 тармақ. Өздеріңіз көргендей, осы құжатта ең көп көңіл бөлінген та­қырып – ол «жаңа жағдайдағы эко­но­ми­калық дамуды» қамтамасыз ету. Бұл мақсат қазіргі уақытта орындалып жатқан бағдарламалар негізінде жүзеге асырылмақ.

Өйткені экономикада кез-келген ұзақ мерзімдік іске нақты жоспар қажет. Нәтиженің жоғары емес болғанына қарамастан бұрынғы бағдарламаларды табыссыз болды деуге келмейді. Олар өздеріне жүктелген мақсаттардың орындалуына мүмкіндігінше септігін тигізді. Елге инвестициялар тартылды, бірлескен кәсіпорындар ашылды, бұрыннан жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар қайта жабдықталды. Мәселен, жергілікті атқарушы билік органдарының мәліметтеріне қарағанда, индустриялық-инно­вациялық даму стратегиясы ауқымында республиканың аймақ­тарында барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы сомасы 246 млрд. теңгені құрайтын 154 инвестициялық бағдарлама іске қосылған.

Қазақстанда экономиканы ин­дустриялық-инновациялық жедел дамытудың 5 жылдық бағдар­ламасының басты құралы ретінде  2015 жылға дейінгі индустриялан­ды­ру картасы және 2020 жылға дейінгі өн­­дірістік күштерді рационалды түрде орнықтыру схемасы пайдаланылды.

Қазіргі «жаңа жағдайдағы эконо­микалық дамуды» қамтамасыз ету саясаты ауқымында инвестицияларды тарту басты мақсаттардың біріне айналмақ. Өйткені Қазақстанның өз ішкі мүмкіндіктері шектеулі, халықаралық қаржы нарықтарына жету қиын, сондықтан тек тіке шетелдік инвестициялар ғана басты құралға айнала алады.

Қазақстанда қолайлы инвести­циялық климат қалыптастырылған. Бұны шетелдік сарапшылар да растайды. Осы үшін қажетті үш негізгі фактор бұнда табылады.

Біріншіден, бай табиғи және мине­ралдық ресурстар бар. Ғалымдардың бағалауынша, біздің еліміз табиғи ресурстардың қоры жағынан әлемде алтыншы орынды иемденеді. Қазақстан цинктің, вольфрамның және барриттің барланған қоры бойынша бірінші орында, күмістің, қорғасынның, уранның және хромиттердің барланған қоры бойынша екінші орында, мыс пен флюориттің барланған қоры бойынша үшінші орында, молибденнің барланған қоры байынша төртінші орында, алтынның барланған қоры бойынша алтыншы орында көрінеді.

Екіншіден, Қазақстан инвестор­ларға 1,6 миллиардқа жуық адамы бар тұтынушы нарығын (Орталық Азия, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы) ұсына алатындай географиялық жағынан қолайлы орналасқан.

Үшіншіден, Қазақстанда ыңғайлы инвес­тициялық заңнама арқылы, инвестицияларды демеудің тартымды шара­лары арқылы, экономикалық және саяси тұрақтылық арқылы қол­дау көрсетілетін бизнес климаты бар.

Осындай шарттардың бар болуы инвесторлар қауымдастығы тарапынан қызығушылық тудыруда. Сондықтан аталмыш жоспардың оның тарапынан қолдау табуы әбден мүмкін болса керек.

Жалпы, елімізде инвестициялық іс-әрекет жасау үшін қажетті бүкіл құқықтық негіз қалыптастырылған.

 Райгүл ЕҢСЕПОВА

32 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Мұнай-газ, химия саласына $15 млрд салынады
Келесі мақала Қазақстан үшін Әзербайжан – маңызды экспорттық бағыт

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №44

29 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы