• Өндіріс
  • 17 Қыркүйек, 2020

Қазақстан үшін Әзербайжан – маңызды экспорттық бағыт

ТМД ауқымында Әзербайжан – Қазақстанмен ең тығыз экономикалық қарым-қатынас орнықтырған елдердің бірі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ол қазір біз үшін Ресейден кейінгі екінші орында болар. Бұл жерде айтқалы отырғанымыз – екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы көрсеткіштерінен туындайтын тұжырым емес, олардың экономикалары арасында қалыптасқан өзара тәуелділік.

Қазақстанның сыртқы саудасы қазір, негізінен, екі мемлекет арқылы жүзеге асып жатыр. Бұның біріншісі – Ресей де, екіншісі – сол Әзербайжан. Әрине, бүгінгі таңда Қазақстан сыртқы экономикалық байланыстарының ресейлік бағытқа тәуелділігін әзербайжандық бағыт­қа тәуелділігімен салыстыруға болмайды. Бұл жағынан алғанда, біз үшін, Ресейдің маңызы әлде де өте зор. Әзербайжан болса, әзірше соншалықты маңызды емес.
Бірақ Қазақстанның осы соңғы бағыттағы сауда-саттық айналымы тез ұлғайып келеді. Қазір бұрыннан пайдаланылып жатқан Ақтау айлағының мүмкіндігіне кейінде салынып эксплуатацияға берілген Құрық айлағының мүмкіндігі қосылған соң, оның көрсеткіштері күрт өсіп шыға келді. Бірақ бұндай жағдай бірден қалыптасқан жоқ.
Ақтау айлағының тарихы Маң­ғыстаудағы уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындарының өнімін тасымалдау қажеттілігі туындаған 1963 жылдан басталады. Оған қатысты құрылыс жұмыстары басты және қосымша толқын тосқыларын және төрт құрғақ жүк айлағын салудан басталды. 1969-1986 жылдары төрт мұнай құю құрылғысы мен паром кешені салынды. 1999 жылы Ақтау теңіз айлағы толық қайта құрастырудан өтті. Қазір ол – шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай жылына 12 ай және тәулігіне 24 сағат жүк тасымалын қамтамасыз ететін заманауи көп мақсатты терминал.
Ал жаңадан жоспарланған Құрық айлағындағы паромдық кешен құрылысы бірінші кезеңінің тұсауы 2016 жылғы желтоқсанда, екінші кезеңінің тұсауы 2018 жылғы тамызда кесілген-ді. Былтырғы жыл барысында Құрық айлағы арқылы 1,3 миллион тонна жүк тасымалданған. Оның ішінде 234 мың тонна жүк автокөлікпен тасымалданған. Сонымен қатар Құрық паромдық кешені арқылы 11 мыңға жуық жолаушы тасымалы ұйымдастырылған. Демек, осы аймақтың транспорттық әлеуеті арта түспек болса керек. Солайша Құрық және Ақтау айлақтары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіндеріне айналған. Құрық айлағы арқылы Әзербайжанға және сол елдің үстімен Грузия мен Түркияға жіберілетін жүктер жөнелтіледі.
Осы жерде мынаған назар аудару керек. Сыртқы саудада біз Ресейге өте қатты тәуелдіміз, ал ол бізге онша тәуелді емес десе де болады.
Әзербайжанның жөні басқа. Біз оған ғана емес, ол да бізге тәуелді. Өйткені Баку-Тбилиси-Джейхан мен Баку-Супса құбырлары мен Баку-Батуми (Баку-Поти) теміржол маршрутының Қазақстан мұнайынсыз ұзақ мерзімдік негізде, тиімді түрде жұмыс істеуі мүмкін емес. Яғни, біздің елдің сыртқы саудасы Әзербайжан экономикасының жағдайына тікелей әсер ете алады. Және әсер етіп те жатыр.
Ал Әзербайжан, өз кезегінде, Қазақстанға балама экспорттық бағытты қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, ол біздің еліміздің сыртқы саудасын қамтамасыз етудегі Ресейдің монополиясын бұза бастаған сияқты. Сондықтан да Қазақстан үшін Әзербайжан экономикасының жағдайы өте маңызды. Ал ол жағдай соңғы кезде өте жақсы болып қалыптасып келеді.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 2019 жылы 229,6 миллион долларды құраған. Бұл жерде мынаны атап өткен жөн. Сол өткен жыл барысында Қазақстан Әзербайжанға жалпы құны 205 миллион доллар болатын тауар жөнелткен де, ол елден жалпы құны 24 миллион доллардан асатын тауар қабылдаған.
Өткен, 2019 жылы Әзербайжанның ЖІӨ (жалпы ішкі өнімі) 2,2 пайызға ұлғайған. Сөйтіп, 47,17 миллиард долларды құраған. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 4 689 долларға дейін өскен.
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнықты. 2004 жылы ол елдің Қазақстандағы елшілігі ашылды.
Қазақстанда 100 мыңнан астам әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады. Олардың басым көпшілігі Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында өмір сүріп жатыр.

Марал САЛЫҚЖАНОВ

505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы