• Өндіріс
  • 17 Қыркүйек, 2020

Карантинге қарамастан, жеміс-жидек жинау қарқыны артты

Алматы облысының «Шелек фермерлері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі пандемия кезеңінде көкөніс өндіруге байланысты өзекті мәселелерді талқылау үшін онлайн-конференция өткізді.

Басқосу барысында «Еңбекші­қазақ ауданының жергілікті қоғам­­дастықтар қорының» (ЖҚҚ) және «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауы­мен құрылып, бүгінде даму үстіндегі «Шелек фермерлері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АӨК) өкілдері пандемияның қиын кезеңіндегі өздерінің жұмыс тәжірибесі, туындайтын проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы айтып берді. Кооперативтің рестораторлар мен ритейлерлерден бастап қызанақтың ірі тапсырыс берушісіне дейінгі негізгі серіктестері карантин кезінде өз қызметін тоқтатты, бұл өнімді өткізуді едәуір қиындатты. Дегенмен, пандемия уақытындағы барлық қиындықтарға қарамастан, бұл кооперативтің бірегей моделі тиімді және өміршең екенін көрсетті, өйткені кооперация күш-жігерді үйлестіруге және дағдарыстан аз шығынмен шығуға мүмкіндік береді.
2014 жылдан бастап Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қоғамдастықтар қоры Шелек ауылындағы Агробизнес орталығы базасында «Шелек фермерлері» кооперативімен бірлесіп «алқаптан сөреге дейінгі» өндірістік-өткізу тізбегін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Ірі сауда желілері мен басқа да серіктестерге қатысты бірыңғай бәсекеге қабілетті заңды тұлға ретінде әрекет ететін өміршең кооператив – бытыраңқы жеке фермерлерді біріктірудің бірегей жүйесі құрылды. Қазір фермерлер бірге жұмыс істеу перспективалы және тиімді екенін нақты түсінеді. Ал кооперативтің көрсеткіштері мұны айқын растайды: егер 2017 жылы кооператив заңды тұлға ретінде ресми тіркелген кезде 12 млн теңгеден астам сомаға 124 тонна өнім сатылса, 2019 жылы «Шелек фермерлері» АӨК 33 млн теңгеден астам сомаға 233 тонна өнім сатты. Тиісінше, фермерлердің табысы да өсті – бір фермердің сату бойынша ең жоғары көрсеткіші 2017 жылы 1 071 920 теңге болса, ал сол фермердің табысы 2019 жылы 5 377 776 теңгені құрады.
Кооперативтегі бірлескен жұмыс фермерге тиімді және оған тек өнім өсірумен айналысуға және белгіленген өткізу нарықтары бар екенін білуге мүмкіндік береді. Сату тізбегін ұйымдастыру ұсақ фермерлерге қажетті көлемді бірлесіп орындауға, сапа стандарттарына сәйкес келуге, өнімді бірлесіп сертификаттауға, логистика, трансфер, жалдамалы персонал және бухгалтерлік қызмет шығындарын азайтуға жол ашады. «Бізді жетістіктеріміз шабыттандырды және биылға біз ерекше үміт артқанбыз. Өткен жылдардағы тәжірибе мен практикалық қызметке сүйене отырып, 2020 жылы біз кооператив жұмысын одан әрі жетілдірдік. Тағы 12 жылыжай салынды, қыза­нақтың бір сұрпы отырғызылды, бірыңғай өсіру технологиясын ұстандық, қабылдау, сұрыптау және калибрлеу, тоңазытқыш камерасында қажетті температураға дейін салқындату және рефрижераторда тасымалдау тетіктерін пысықтадық, сату көлемінің ұлғаюына үлкен үміт арттық. Табыс 80 миллионнан астам соманы құрайды және кооператив өзін-өзі ақтайды деп күттік, бірақ коронавирустық пандемия, өкінішке қарай, өз түзетулерін енгізді», – деді «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қоғамдастықтар қорының» атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.
Карантиндік шектеулер мен кооперативтің бірқатар серіктес-кәсіпорындарының жабылуы нәтижесінде сатылған өнім көлемі 33%-ға, ал сату сомасы 41%-ға азайды. Егер өткен жылы осы кезеңде кооператив фермерлері 17 миллион теңгеге өнім сатса, бұл ретте – тек 10 миллион теңгеге ғана. «Шелек фермерлері» АӨК төрағасы Марат Мансұров осы жылы орын алған жағдайдың себептері мен проблемаларға тоқталды. «Карантинге байланысты проблемалар туындады, дегенмен біз қолдан келгеннің бәрін жасадық – жылыжайлар салдық, мейрамханалар, фаст-фудтар, көтерме маркеттер үшін көкөніс дақылдарының қажетті сұрыптарын өсірдік. Яғни олар сапалы өнім беруге дайын болды, бірақ біздің серіктестеріміз өз қызметін тоқтатты және өнімді қабылдай алмады. Осыған байланысты біздің қызанақтың бағасы бірнеше есе төмендеді. Карантин аяқталғаннан кейін сұраныс жанданды, бірақ фермерлер егіннің бір бөлігін базарларда арзан бағамен сатты, өйткені олар көкөністердің сақталуына алаңдады. Қазір карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан соң, біздің ірі серіктестеріміздің бірі «Цин-Каз» қайта жұмыс істегеннен кейін жағдай жақсарып келеді. Қалай болғанда да, бізде елдің оңтүстігіндегі кейбір шаруашылықтар сияқты өнімнің жай егістікте қалуы болмайды. Осы маусымға дейін бізге қосылған кооперативтің жаңа мүшелері жалпы дән риза. Бірақ біз алдыңғы жылдары бірлесе атқарылған жұмыспен салыстырсақ, құлдырау жүріп жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен, бұл – объективті құлдырау, елдегі жағдайға байланысты, бірақ біздің модельдің емес», – деді Марат Мансұров
Пандемия кезіндегі жұмыс қиындықтарына қарамастан, кооперативте ауылдық кооперация – бұл жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және оларды кооперациялау есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында АӨК үшін мүмкіндіктердің бірі екеніне сенімді. «Атамекен» ҰКП мамандарының бағалауынша, «Шелек фермерлері» кооперативі еліміздегі жеке фермерлерді тиімді біріктірудің және «алқаптан сөреге дейінгі» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің нақты тізбегін құрудың бірден-бір үлгісі болып табылады.
Пандемия әлемде қанша уа­қытқа созылатынын және одан кейінгі дағдарыстың салдарымен қанша уақыт күресетінімізді ешкім білмейді, алайда мұндай жағдайда да ауылшаруашылық кооперациясы өзінің тиімділігін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауымен АӨК Қазақстанға азық-түлік қа­уіпсіздігі мәселелерін шешуде, елдің ауыл тұрғындарын жұмыспен және қаражатпен қамтамасыз етуде септігін тигізетіні анық.

НҰРЛАН ҚҰМАР

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы