• Ақпарат
  • 17 Қыркүйек, 2020

Дамудың бір бағыты – жергілікті өзін-өзі басқару

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Биылғы жыл елге де, ерге де сын ерекше жыл болды. Оның ерекшелігінің бір көрінісі осынау сындарлы сынға төтеп беру жолдары іздестірілген, елді тығырықтан шығарудың, қиындықтарды еңсерудің амал-тәсілдері ой елегінен өткізілген ұрымтал тұс, шешуші сәт болып отырғандығынан байқалуда десек, асыра айтпаспыз. Жұбан ақын айтқандай, халқымыз «мың өліп, мың тірілді». Басқаны былай қойғанда, күні кешегі жиырмасыншы ғасыр тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың алдына талай зұлмат пен нәубетті тартып, бақ пен сордың тайталасқа түскенін қайда қоямыз? Ордалы жұрттың ғана емес, тіпті тұтас бір құрлықтың тағдыры таразыға тартылғанда да халқымыз сырыққа құрық жалғап, тірлік кешіп, болашақтан күдерін үзбеген-тін.
Қаншалық тіл безегенімізбен, қазіргі таңда кездесіп отырған ауыртпалық ат ауыздықпен су ішкен сол бір сол азапты кезеңдегі бейнет-мехнаттың жанында жіп есуге жарамайтын болар. Бұл ретте таршылық-тауқыметті безбенге салғалы отырған жоқпыз. Әңгіме-келешекке көз тігіп, жаңаша пайым-пішімнің жоба-жоспарын жасауда. Енді алдағы қам-қарекетке қатысты тіршілік тынысына тоқталайық. Осы ретте биік мінбеде мәлімделген мемлекетті басқару реформасы алдымен тілге оралады. Мемлекетті басқару – өте кең ұғым, оған саяси жүйе тармақтары да, экономика салалары да, әлеуметтік және рухани өмір өзектері де кіреді. Жаңадан құрылып жатқан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік илейтін терінің бір пұшпағы да осылар. Бұл пұшпақтың бір бүйірінде жергілікті өзін-өзі басқару реформасы да орын теуіп отыр. Қолымызға тиген соңғы деректерге сәйкес биліктің осы түрін дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Тұжырымдама шеңберінде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктік құқықтарын және мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленбек. Жалпы алғанда, округ бюджетін қалыптастыруға ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы көзделуде. Бұл жұмыстың барлығы өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ауылдарды жаңғыртуға, сондай-ақ жергілікті өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға халықтың араласуын арттыруға мүмкіндік беретін болады. Ең бастысы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратын шағын, әсіресе, микробизнестің дамуы серпін алады. Атап айтқанда ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс табылып, жұмыссыздық азаяды. Сонымен қатар салық базасы құралып, жергілікті бюджет нығаяды. Бұл ретте өңірлерді дамыту мен әрбір нақты өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын кеңейтудегі ауылдық жерлер әкімдерінің міндеттері айқындалып, ол үшін ең алдымен жергілікті биліктің дербестігі ұлғайтылмақ. Сондай-ақ әрбір өңір үшін өсу нүктелері, өндіріс мүмкіндіктері және жұмыс орындарын құру тетіктері құрылады. Мұның бәрі «Елдің аумақтық кеңістіктік дамуының болжамды схемалары» деп аталатын пысықталып жатқан құжатта көрініс таппақ. Онымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша елді мекендерді жаңғырту жалғасады. Осылайша биыл 216 ауыл жаңартылады, сөйтіп, ауыл мектептерін, спорт кешендерін, амбулаторияларды, жолдарды салу және жөндеу, жарықтандыру, инженерлік желілер салу жалғасады. Сондай-ақ ауылдық округтер табысының 4 түрі округ бюджеттеріне беріледі, тиісінше, ауыл тұрғындары жергілікті қоғамдастықтың жиналысы арқылы көптеген мәселелерді шеше алады. 2353 ауыл мен ауылдық округ үшін қаржылық мүмкіндіктер артады.
Елді демократияландыру үдерісіне тың серпін беретін бастама бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын қоғам тірлігіне енгендігін және бұл үрдіс 1999 жылғы 27 мамырда Алматы облысында, Қарасай ауданының Шамалған округінде орын алғандығын орайы келгенде атап өткеніміз жөн. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін осы жолдар авторының ұсынысымен Алматы облысы әкімінің аппаратында Социологиялық зерттеулер, талдау және болжау бөлімі құрылғанын, оның қызметкерлері жергілікті өзін-өзі басқару саласы бойынша әлем елдерінде жинақталған тәжірибені ой елегінен өткізіп, ауыл әкімдерін сайлау мәселесі бойынша жер-жерлерде әлеуметтанушылық зерделемелер жүргізгенін, анкеталық сұрау салғанын айтуымыз керек. Зерттеу нәтижесінде алынған эмпирикалық материалдар мен талдама ұсыныстар жоғары билік органдарына, соның ішінде Президент әкімшілігіне де жолданып отырды. Жинақталған деректерді қорытып, тұжырымдауға Халықаралық муниципалдық және жергілікті өзін-өзі басқару институтының Алматыдағы бөлімшесінің мамандары көп көмек көрсетіп, ақыл-кеңестерін берген еді. Сараптама материалдар ғылыми конференцияларда көзіқарақты көпшілік назарына тартылып, республикалық және облыстық басылымдарда жарияланып отырған-тын. Қазақстандық пилоттық жобаға Польша Республикасының төменгі өзін-өзі басқару органы – гминалар тәжірибесі тұғырнама ретінде алынды. Осы орайда Социологиялық зерттеулер, талдау және болжау бөлімі президент Қ.Тоқаев атап өтетін «жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау өлшемдері мен әдістемесін» талдап жасағаны, сондай-ақ Халықаралық институт ұсынысы бойынша ауыл әкімдіктерінің қызметін назарда ұстап, жүйелі социологиялық зерттеулер жүргізгені қазіргі уақыт талабына жауап берерлік құнды әлеуметтік мұра болып табылады. Бүгінде мұның бәрі тарих еншісіне айналды. Сөйтсе де, Жетісуда өмірге келген осынау үрдістің жергілікті өзін-өзі басқару ісін жетілдіруге, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу бойынша оңтайлы басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз бола алатыны сөзсіз. «Өткен күнде белгі бар» деген, осыған орай тілге тиек етіліп отырған ұтымды тәжірибе ұмыт қалмауы қажет.

453 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы