• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 17 Қыркүйек, 2020

Тиімді жобалар, қолжетімді азық-түлік: Тұрмыс сапасы түбегейлі жақсаруы тиіс

Үкімет Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру мәселесін талқылады. Және де жиында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу, азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы баяндалып, Премьер-министр Асқар Мамин нақты тапсырмаларды міндеттеді.

Пандемия тудырған күрделі жағ­дайлар мен экономикадағы әлем­дік құлдырауға қарамастан, өткен 8 айда өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалды, өсім – 3,3%. Биыл Индустрияландыру картасы аясында өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға, шамамен 19 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 996 млрд теңгенің 206 жобасын іске қосу көзделген. Салалар бөлінісінде жобалардың негізгі бөлігі машина жасау (170 млрд теңгеге 19 жоба), ТКМК (190 млрд теңгеге 18 жоба), АӨК (195 млрд теңгеге 76 жоба), энергетикаға (126 млрд теңгеге 10 жоба) тиесілі. Алматыда «Hyundai» және Қостанайда «Chevrolet» жеңіл автомобильдерін құрастыруды іске қосу, Қарағанды облысында техникалық газдар өндірісі мен алтын шығару фабрикасын ашу және тағы басқа іргелі жобалар индустрияландырудың көрнекі мысалдары бола алады. Құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры 3%-тен аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру арқылы кәсіпорындарды кеңейтуге және жаңғыртуға ықпал етеді.
Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ағымдағы жылға белгіленген барлық жобаларды іске асырумен қатар, Индустрияландыру картасы жобаларының пулын қосымша пысықтап, кеңейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, барынша тұрақты ішкі және сыртқы сұранысы бар салаларды, оның ішінде жеңіл, азық-түлік және химия өнеркәсібін, машина жасау мен фармацевтиканы, кең ауқымды пайдаланылатын құрылыс материалдарын өндіруді қолдауға, сондай-ақ мұнай-химия және газ өңдеу салаларындағы технологиялық күрделі жобаларды қолдауға бар күш-жігерді жұмсау қажет.
Премьер-министр моноқалаларда индустриялық жобаларды дамыту қажеттігін бас айтты. Табысты мысал – Қарағанды облысының Саран қаласы, онда «Youtong» автобустар мен арнайы техника өндірісі бойынша ірі жобаны іске асыру қолға алынды. Бұл ретте 1 500 жұмыс орны құрылады, автобустар мен арнайы техника өндірісінің қуаттылығы жылына 1 500 бірлікті құрайды. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 3,5 млн болатын автошиналар өндіру жобасы пысықталуда, олардың 30%-ін экспорттау жоспарланған. Бұл тағы 1,5 мың жұмыс орны. Жалпы алғанда, Саран қаласында инвестициялар көлемі 150 млрд теңге, жыл сайынғы өнім шығару 160 млрд теңге болып отыр. Бұған қоса әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру және салу жұмыстары басталды. «Мұндай деңгейдегі өндірісті барлық моноқалаларда дамыту қажет. Сондықтан әкімдер инвесторлармен белсенді жұмыс істеп, олар үшін қажетті жағдайларды жасап, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі керек», – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «цифрлық дәуір» өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуді және цифрлық шешімдерді енгізетін кәсіпорындарды қосымша ынталандыру мүмкіндігін пысықтауды, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өндірістік процестерге роботтандыру мен жасанды зерде озық технологияларын енгізу деңгейіне мониторингті күшейтуді тапсырды. ИИДМ сондай-ақ қазан айының соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуі қажет.
Биыл қалыптасқан жағдайда Үкімет пен әкімдіктер өнім өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы белгіленді, бағаны тежеу міндеттемесімен «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру практикасы кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде форвардтық сатып алу механизмі енгізілді – 24,5 млрд теңге бөлінді, 516,9 мың тонна ауылшаруашылық өнімін сатып алу үшін 159 ауылшаруашылық тауарын өндіруші іріктелді.
Үкімет басшысы Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруды, «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беруді кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасы мәселесін пысықтауды тапсырды. Әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар (қант, көкөніс өнімдері және басқалары) өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым ретпен іске асыруды қамтамасыз ету міндеттелді. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлер әкімдерінің назарын өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасының бағасын өсіруге жол бермеу қажеттігіне аударды. «Азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету қазақстандықтардың тұрмыс сапасының басты факторларының бірі», – деді А. Мамин.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы