• Қаржы
  • 24 Қыркүйек, 2020

Тамыздағы әлем нарықтарындағы жағдай туралы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Алдағы күнге жорамал жасап, түйткілді тұстарға сабанды молынан төсеуге ұмтылатын экономика мамандары балапанды күзде санауға ақыл қосқанымен, көз жетер келешекке жадыраған жаздың соңында, тамыз айында-ақ болжам жасай бастайтыны бекер емес. Себебі, сорабы түскелі тұрған үдерістің белгі-бедері нақ осы тұста қылаң бермек. Биыл да солай болды. Дуалы ауыздар «тамыздағы сыртқы жаңалық аясы бейтарап болғанын» баса айтып, негізгі экспорттық өніміміз – мұнайға баға белгілеу бір ай ішінде елеулі өзгеріссіз және артық құбылмалылықсыз 44,15-45,86 АҚШ долларына парапар тар ауқымда саудаланғанын алға тартты. Өйткені айдың басында инвесторлар бақылап отырған маңызды экономикалық көрсеткіштердің бірі – АҚШ және Еуроаймақ өндіріс секторындағы іскерлік белсенділік бойынша деректер жарыққа шыққан болатын.
Осы бір дерек-дәйектерге сәйкес 50 тармақтан жоғары индекстер мәндері әлемнің жетекші экономикаларында өндіріс қуатының қалпына келгенін көрсетті. Қолайлы макроэкономикалық статистика аясында әлемдік қор индекстері өсуін жалғастырды, мәселен, америкалық акциялар индексі тамызда 7 пайызға өсті, акциялардың жаһандық нарығының жай-күйін көрсететін MSCI World индексі тамызда 6,5 пайыздан астам артты. Алайда, инвесторлардың тәуекелге әуестігінің одан әрі артуын коронавируске қатысты жағдайдың өрбуі жөніндегі қауіптену және жетекші елдер арасындағы сауда келіспеушіліктерінің күшеюі тежеді. АҚШ Федералдық резервтер жүйесі басшылары вирустың таралуына байланысты АҚШ экономикасы келешегінің белгісіздігі жоғары екенін атап көрсетті. Геосаяси жағдайда АҚШ президенті Қытаймен арада жоспарланған келіссөздерді белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Өткен айда АҚШ дол­­лары бағамының әлсіреуі елеулі үрдіс болды. Да­мыған елдер валюталарына шаққандағы доллар индексі инфляцияның орташа көрсеткішіне бағдарды өзгерту туралы АҚШ Федералдық резервтер жүйесінің мәлімдемесі аясында тамыздың соңына қарай екі жылдық минимумға жетті. Бұл шара мөлшерлемелерді төмен деңгейлерде мейлінше ұзақ уақыт ұстап тұруға мүмкіндік беретіні болжануда. Доллардың дамыған елдер валюталарына қатысты әлсіреуіне қарамастан, дамушы елдердің валюталары түрлі бағыттағы, көбінесе ішкі факторларға байланысты қозғалатын серпінді көрсетті. Мәселен, бір айда теңгенің ресми бағамы 418-ден 420,11-ге дейін 0,5 пайызға әлсіреді. Биржада тамызда теңгенің орташа бағамы 417,87-420,11 тар аралықта қалыптасты. Еліміздің Ұлттық банкі тамызда валюта нарығына қатысқан жоқ. Бағамның өзгеруі орташа құбылмалықпен сипатталды және көбінесе ішкі факторлардың әсерінде болды. Биржада сауда-саттықтың жалпы көлемі шілдемен салыстырғанда 2,1 млрд доллардан 2,2 млрд долларға дейін аздап өсті. Бейрезиденттердің 13 млрд теңге сомада республика бағалы қағаздар нарығына шамалы келуі байқалды және ай соңында ноттардағы шетел инвес­тицияларының көлемі 172,1 млрд теңге болды. Бұл салық төлемдеріне байланысты шетел валютасы ұсынысының маусымдық ұлғаюына қатысты жағдай. Салық аптасының әсер етуші нәтижесі мұнайға баға белгілеу ең төменгі мәндерге дейін құлдыраған ағымдағы жылғы наурызда дағдарыс басталу кезінен бері алғаш рет байқалды. Әдетте, тамызда басқа маусымдық фактор – жазғы демалыс кезеңімен байланысты сұраныс байқалатын. Алайда ағымдағы жылы пандемияға байланысты шектеулер себебінен бұл фактор орын алмады.
Тамызда кепілдік берілген трансфертті қамта­масыз ету мақсатында бас банк Ұлттық қордан 681 млн АҚШ долларына валюта сатуды жүзеге асырды. Енді Ұлттық қордың валюталық активтері туралы бірер сөз. Алдын ала деректер бойынша қордың валюталық активтері тамызда 0,44 млрд долларға ұлғайып, 58,68 млрд доларды құрады. Әлемдік қор нарықтарындағы жағымды жағдай қор көлеміне оң әсер етті. Тамызда трансфертті жүзеге асыру үшін конвертациялау мөлшері алдыңғы айлармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды, бірақ бұл валюта нарығындағы теңгерімсіздікке әкелмеді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары өз міндеттемелері шеңберінде бір айда 266 млн доллар сомаға валюталық түсімнің бір бөлігін сатты, бұл да сұранысты теңдестірді. Алдын ала деректер бойынша Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда Қазақстанның халықаралық резервтері тамыздың соңында 94,1 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері тамыздың қорытындысы бойынша бір айда 22 млн долларға шамалы ұлғайып, 35,4 млрд долларды құрады. Бір ай ішінде екінші деңгейдегі банктер Ұлттық банктегі валюталық шоттарына қаражат әкелді, ол негізінен 300 млн доллар мөлшеріндегі мемлекеттік борыш бойынша төлемдерді жүзеге асырумен теңестірілді. Резервтер құрамындағы алтын тұрақты деңгейде қалып отыр. Айдың бірінші жартысында алтын бағасының рекордтық өсуі үшін бір унция құны 2075 доллар тарихи максимумға дейін жетті. Тамызда сары металдың бағасы 1975 доллардан 1956 долларға дейін 1 пайызға төмендеді. Құбылмалылықтың артуына қарамастан, бас банк мемлекеттің отандық алтын сатып алуға басым құқығын іске асыруды жалғастыруға ниет білдіріп отыр.

369 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы