• Ақорда & Үкімет
  • 24 Қыркүйек, 2020

АШЫҚТЫҚ ПЕН АЙҚЫНДЫҚ – ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР ЖОЛЫНДАҒЫ ОРТАҚ МІНДЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада сөз сөйледі. Мерейтойлық шара коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Даг Хаммаршельдтің: «Біріккен Ұлттар Ұйымы бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған» деген қанатты сөзімен бастады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бастапқыда бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем халықтарын ортақ мақсаттар мен қағидаттар төңірегіне біріктірді. Қалыптасқан бел­сенді әрі кең ауқымды халық­аралық ынтымақтастық дәуірі – соның айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы бүгін­гі күннің жаһандық сын-қа­терлеріне алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, мультилатерализм қағидаттарына төнген қатерлерге, коронавирус пандемиясын ауыздықтау­дың қиындығына, жаппай қару­ланудың жаңа бәсекесіне қатысты қатерге, дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі құбылмалы жетістіктеріне назар аударды. Сондай-ақ Президент БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген пікірлерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
– Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз, – деді Қа­зақ­стан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған орнықты даму­дың күн тәртібін жүзеге асыру үшін бірге жұмылудың өте маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, осы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіріп, ортақ жауапкершілікті арттыру қажет.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сенімді көшбасшылық қызме­тіне ризашылық білдіріп, оның бүкіләлемдік ұйымның тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыруға бағытталған іс-қимыл­дарын қолдады.
– Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Сонымен қатар, еліміз тұрақты, әді­­лет­ті және өркендеген әлем құру жолын­дағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысады, – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның, шын мәнінде, бірден-бір әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым болып қала беретініне сенім білдірді.

713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы