• Еңбек нарығы
  • 01 Қазан, 2020

Еңбек нарығын көп өзгеріс күтіп тұр

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Кезінде айдарынан жел есіп, бәсекеде бәсі жүрген, алпауыт салалармен тайталаста тегеурін танытқан өндіргіш күштер уақыт дегеніне төзіп, замана ырқына көнгенін көзіміз көріп келеді. Айдағаны ақбозат, ысқырығы жер жарған арбакештер өткен ғасырдың басында Нью-Йорк көшелерінде өздігінен қозғалатын көлік-автомашина жүргізушілеріне ығысып орын берді. Арбакештермен қатар жылқы баптайтын, атқора тазалайтын мыңдаған қаймана жұрт жүген ұстап кетпей, өзге кәсіптің тұтқасына ие болып, керегесін кеңге жайған жаңа нарықтан нәпақасын тапты.
Өміршең өнертабыстар мен соны технологиялар сыны мен сипатын күн санап өзгертіп жатқан экономика салалары бүгіндері бұдан ғасырдан астам бұрын Нью-Йорк арбакештері бастан кешірген кепке кез келіп отыр десем, қызыл сөз қумаспын. Ақпарат пен кәсіпкерліктің өндіргіш күшке айналуы, цифрландыру арқылы адамзат өркениеттің тың табалдырығынан аттағанымен, әлем жұртшылығы алдына тарих тағы да тосын сауалын тартты. Пандемия қоғам тіршілігіне, өндіріске, қызмет түрлері мен жұмыс орындарына деген дәстүрлі көзқарасты түбегейлі өзгертті. Осы орайда ордалы ой мен пайымды пікірге көптен құлақ түріп келе жатқан Мемлекет басшысының сындарлы кезеңде халыққа үн қатып, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдау қабылдап, дәуір сұрағына жедел жауап бергенін ел ертеңіне деген жауапкершіліктің кешенді көрінісі деп қабылдауымыз керек. «Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланыстылығына» баса көңіл бөлінген құжатта өзге мәселелермен қатар еңбек ресурастарын ұтымды пайдаланып, адам капиталын дамытуға баса назар аударылған. «Іс тетігін кадр шешеді» деген қанатты сөзден туындайтын тұжырымдар Жолдаудың әр тарауында жаңа мазмұн-мәнге ие болып, болашақ іс-қимыл бағдарламасы ретінде көрініс тапқан.
Жолдауда айқын айтылғанындай, біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізіп, табысы орташадан жоғары деңгейдегі елдер тобына кірді. Мұндай орнықты өсу кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, тұрғындардың біршама бөлігін анағұрлым нәтижелі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатын жақсартуға, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздар мен нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың, әсіресе, ауылдық жерлердегі санын азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, өңірлер арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. «Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керектігі дау туғызбайды», делінген Жолдауда. Өйткені, осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті.
Енді құжаттағы осы тұжырымға статистика деректері арқылы аз-кем түсінік бере кетейін. Тілге тиек етіліп отырған ахуалға өңірлік сәйкессіздік пен демографиялық теңгерімсіздік әсер етіп отыр. Мәселен, бұдан төрт жыл бұрынғы мәліметтерде солтүстік өңірлер тұрғындарының саны 2 946 мың адамды құраса, екі жылдан соң ол 2 934 мың адам болған, яғни 12 мың адамға қысқарған. Ал оңтүстік өңірлерде халықтың саны 186 мың адамға, яғни есепті мерзімде 6 564 мың адамнан 6 750 мың адамға дейін өскен. Бұл ретте солтүстік өңірлердің барлық тұрғындарымен салыстырғанда 15 жастан кіші тұрғындардың үлесі орта есеппен 19 пайызды, ал оңтүстік өңірлерде орта есеппен 34 пайызды құраған. Ұлттық сарапшылар жүргізген болжамды бағалауға сәйкес еліміздегі тұрғындардың саны 2050 жылға қарай 24,5 млн. адамға жетеді. Бұл ретте ағымдағы үрдістер сақталғанда солтүстік өңірлердің тұрғындары 0,9 млн. адамға азайып, ал оңтүстік өңірлердегі тұрғындардың саны 5,3 млн. адамға өседі деп күтілуде. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы солтүстіктен төрт есеге артық болады. Сондықтан жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру бойынша Жолдауға сәйкес шаралар қабылдау арқылы еліміздің еңбек нарығын үйлесімді дамытуға қол жеткізе аламыз. Әлемдік тәжірибеде сондай-ақ еңбек нарығындағы түйткілдерді шешу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің еңбек ресурстарын дамыту, жұмыс күшіне сұранысты арттыру, еңбек нарығы институттарының қызметін жетілдіру, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту сынды белсенді шаралар пайдаланылады. Мұның өзі экономикалық тұрғыдан еңбек өнімділігі мен жалақының өсуін нысанаға алса, әлеуметтік тұрғыдан жұмыссыздықты қысқартуды, еңбек белсенділігінің өсуін және адами әлеуетті дамытуды көздейді. Жолдауда айтылғандай, «әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес». Осы ретте ақпараттық экономиканың талаптарын ескере отырып, жұмыс күшінің дағдылары мен біліктіліктеріне жаңа талаптар қойылатынын атап өтуіміз керек. Экономиканы сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз етіп, еңбеккерлердің қызмет түрін ауыстыруға мүмкіндік беру, сонымен қатар, еңбек ресурстарын жаңа экономиканың қажеттіліктеріне бейімдеу қажет болады. Технологиялық жаңғырту еңбек нарығындағы көп өзгеріске алып келеді, біз оған дайын болуымыз керек.

244 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы