• Білім & Ғылым
  • 01 Қазан, 2020

Мұғалім мәртебесі биіктей береді

Жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде білім беру қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күнін атап өтеді. 55 жылдан бері ұстаз ұлағатын дәріптеп келе жатқан осы атаулы күн биыл 4 қазанға сәйкес келеді.

Баршаның жүрегіне бала күннен ыстық қазан айының басындағы айшықты мереке елімізде сонау 1965 жылдан бері сақталып келеді және заңдық тұрғыда бекітілген. Әдеттегі дәстүр бойынша мереке қарсаңында мектептерде өзін-өзі басқару күндері өткізіледі. Алдын-ала дайындалып, мұғалімдерден қажетті кеңестер мен нұсқаулар алған жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптарда сабақ жүргізеді. Концерттер ұйым­дастырылып, оқушылар ұстаз­дары алдында өнер көрсе­теді, астра гүлін тарту етіп, балауса тілектерін жеткізеді, мектеп қабырғасы мерекелік газеттермен безендіріледі. Педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін марапаттар мен сертификаттардың табысталуы да осы ерекше күнге орайластырылады.
Талай жылдар бойы қалып­тасқан кесте бойынша бар­лық бала жаңа оқу жылын қуана қарсы алып, Білім күнінде қо­ңырау сыңғырын қайта естіп, партада отырып, сынып саға­тын тыңдар еді. Алайда, кенет­тен келген жаңа дерт бұл қанатты дәстүрге кедергі жасады. Бала біткеннің базарлы ортасы – мектептер, білім ордалары күтпеген тыныштыққа батып, қаңырап қалды. Әлемді әбігерге түсірген коронавирус пандемиясы қашықтық форматын өмірімізге нық орната бастады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатер баланы да, мұғалімді де, ата-ананы да өзгертіп, үйреншікті қалыптан ажыратып қойды. Бүйірден төнген індеттен бас амандығын қорғап, бала денсаулығына алаңдаған әрбір жанұя барлық өзгерістер мен тәсілдерді түбегейлі қабылдауға мәжбүр болып, жаңаша өмір сүруге көшті.

 

Десек те, өмір бір орында тұр­майды. Сүрінумен талай күресті кешкен адамзат бұл сыннан да өтіп, өз арнасына қайта оралары белгілі. Сондықтан уақытша кедергілерді артта қалдырып, осы күрделі кезеңді өткереріне әрбір отбасы сенеді. Өйткені, сапалы білім – тек қашықта отырып оқу емес, білім әдеттегі сабаққа қатысып, мұғалімдермен, сыныптастармен тікелей араласумен ғана толыққанды бола алады. Осы күрмеулі кезеңді оқушымен бірдей кешіп, қиындықта тірек болған мұғалімдердің еңбегі ересен. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, ұстаз шәкіртіне үздіксіз үйретуін тоқтатпады, тәуліктің кез келген сәтінде байланыстан табылып, жөн сілтеп, оқу-тәрбие барысын түсіндіріп, білім нәрімен сусындатып отырды.
Қай кезеңде болмасын, ұстаз – білім-ғылымға жетелейтін маман ғана емес, өскелең ұрпақты рухани құндылықтарға баулитын, маңызды азаматтық миссияны атқаратын кесекті тұлға болып қала береді. Осыны терең түсінетін Президентіміз мұғалімнің қоғамдағы рөлін, ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегін ерекше атап келеді. 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен әзірленген заң мақсаты – педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Сонымен қатар заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылып, педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. 21 баптан тұратын заң еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтің мүдделерін қорғауды көздейді. Оның нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды. Педагог қызметіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылып, педагог этикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, әрбір білім беру мекемесінде Әдеп жөніндегі кеңес қызметі енгізілуде.
Ел дамуының негізгі бағыттары айқындалған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында Президент білім-ғылым мәселелеріне ерекше назар аударды. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы қаңтардан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да артып, бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.
Сәйкесінше, Үкімет білім беру жүйесін жетілдіру, жаңа оқу бағдар­ламаларын енгізу, балаларды мектепке дейін даярлау, электронды оқыту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды жандандыруда. Президент тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі үздіксіз білім беру тұжырымдамасын қа­лыптастыру, қашықтан оқыту плат­формасы және 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәр­биемен және оқытумен 100% қам­туға қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізуге кірісті. Сала басшысы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл ретте қолданыстағы жүйеден айырмашылығы, мемлекеттік тапсырысты енді білім бөлімдері немесе басқармалары бөлмей, оның орнына балабақшаға жолдама алған балалардың ата-аналары мектепке дейінгі ұйымды өздері таңдайды. Әрине, осындай бәсекелестік есебінен көрсетілетін қызметтердің сапасы да өсуі тиіс.
Бүгінде елімізде қашықтан оқы­ту аясында 8 онлайн-платформа жұ­­мыс істейді. Алайда, олардың бар­лығы функционалы мен мүмкін­діктері бойынша ерекшеленеді. Оқу процесін толыққанды іске асыру үшін БҒМ білім берудің онлайн-платформаларына бірыңғай талаптар әзірлейді. Мұнымен қатар ДСМ-мен бірге барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқыту форматына көшу тәртібі әзірленеді.
Қазірде мұғалімдердің жала­қысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25%-ға арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі тиісті есептеулерді дайындап, ол 2023 жылға дейін қаржыландыру аясында Қаржы министрлігіне енгізілді. Президент бұған дейін тапсырғандай, сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы екі есе өседі, ал мұғалімнің магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы төленеді.
Ауыл және қала мектептері арасында білім беру сапасын теңес­тіру мақсатында жүйелі шаралар қабылдануда. Шағын жинақты мектептердің педагогтарына еңбекақы төлеу жүйесін өзгерту ұсынылды. «Мобильді мұғалім», «уақытша отбасы» жобаларын іске асыру, мықты мектептердің әлсіздерге қамқорлығына ден қою, сондай-ақ интернаттар салу жоспарланып отыр. Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері Президенттің ерекше назарында. Еліміздің хабарлама рәсіміне қатысты Бала құқықтары туралы Конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылуы өте маңызды қадам болады. Балаларды кибербуллингтен қорғау, қосымша білім беру ұйымдарын дамытумен бірге балалардың спорт секциялары мен үйірмелерін жаппай ашу әкімдіктер мен білім беру ұйымдары қызметінің сөзсіз басымдықтарына айналады. Оқушыларды бұқаралық спорт түрлерімен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыс жаңа және жүйелі негізде ұйымдастырылады. Мектептерде спорт залдары салынып, ұлттық және бұқаралық спорт лигалары дамиды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие жұмыстары басталды. Білім алушылардың эко­логиялық мәдениет, эколо­гиялық білім және тәрбие деңгейін арттыру үшін үздіксіз білім берудің кешенді моделі енгізілетін болады. Мектеп бағдарламасына экология мәселелері енгізіледі.
Бүгінгі таңда үздіксіз білім беру тұжырымдамасын дайындауға зор маңыз берілуде. Біліктілікті берудің тәуелсіз жүйесі қайта қаралады. Сондай-ақ барлық деңгейдегі білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша жұмыс жүргізіледі. Пәннің мазмұны еңбек нарығының талаптарын ескереді. Жоғары оқу орындары проблемасын толығымен шешу үшін «диплом басып шығаратын» жоғары оқу орындары жабылады. Талаптар күшейіп, жоғары оқу орындары жан-жақты тексерулерден өтуде.
Мемлекет басшысы елдегі ғы­лымның дамуына көп көңіл бөліп отыр. Бұл ретте ғылыми және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, ғылыми-технологиялық дамудың жеке бағдарламалық құжаты дайын­далады. Қазірде 500 ғалымның жетекші ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өтуі үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жас ғалымдарға қосымша 1000 грант бөлінеді. Білім және ғылым жүйесі осы тапсырмалардың барлығын жоғары деңгейде, уақытылы жүзеге асыру үшін үздіксіз жұмыс атқаруда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы