• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 01 Қазан, 2020

Күн тәртібінде көлемді істер тұр

Министрлер кабинетінің кезекті отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдай, жылыту маусымына әзірлік, Интернетке кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелер қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин жауапты органдарға олардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Санитарлық-эпидемиоло­гиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А.Цой, «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е. Есқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр баяндады.
Үкімет басшысы еліміздегі сани­тарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін айтты. Жан-жақты жүргізілген шаралардың нәтижесінде инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші – 0,93. Дегенмен, әлемдегі және бірқатар шекаралас елдердегі індет жағдайының тұрақсыздығын ескеріп, санитарлық талаптарды сақтау шараларын күшейту қажет. Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне іс-шаралардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді, Денсаулық сақтау министрлігіне алдағы 15 қазанға дейін қажетті техниканы, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды. Ішкі істер және денсаулық сақтау министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтар­дың жұмысын күшейтуі, санитар­лық режимді бұзушылықтарға жол бер­меуі қажеттігіне назар аударылды. Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады. «Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» және әкімдіктермен бір­лесіп, медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың баға­сы­на бақылау жүргізу қажет», – деді А.Мамин.
Бұдан соң селекторлық отырыста өңірлердің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы талқыланды. Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы энергетика министрі Н. Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр, сондай-ақ бірқатар әкімдер баяндады.
Өңірлер 10662 автономды қазан­дық немесе 98,6%, 46561 тұрғын үй (97%) дайындаған. 5 024 км жылу желісі (99,1%), 14 089 км сумен жабдықтау желілері (99,1%) жөнделді. Жылыту маусымына 11 158 (99,6%) білім беру нысаны және 5 963 (99,2%) денсаулық сақтау нысаны дайындалды. Көмір компаниялары 69 млн тонна көмір өндірді. Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрайды. Ең жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 4,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,95 млрд теңге, Шымкент қаласында – 2,5 млрд теңге және Маңғыстау облысында – 1,4 млрд теңге сақталуда.
Үкімет басшысы әкімдерге белгіленген мерзімде барлық жос­парланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткі­зуді аяқтауды, сондай-ақ энергия өндіретін және жеткізетін ұйым­дармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді міндеттеді. Өңірлер әкімдеріне екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттері инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу кес­тесін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ҚТЖ-мен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлер әкімдіктерінің барлық объектілерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылау­ға алып, мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиында тұрғындарды кең жолақ­ты интернетпен қамтамасыз ету мә­се­­лесі бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар барысын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин, бірқатар операторлар басшылары айтып берді.
«Цифрлық Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасына сәйкес елімізде ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жобалар іске асырылуда. Қазіргі кезде интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен 6 459 ауылдық елді мекеннің 4 751-і қамтамасыз етілді (ауыл халқының 97,8%-і). Осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауыл – еліміздегі ауыл халқының 99%-і үшін кең жолақты интернет қолжетімді болады.
Үкімет басшысы әкімдіктерге КЖҚ жобалары бойынша жаб­дықтар орнату үшін учаскелер бөлу рәсімдерін жедел жүргізуді, цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халық саны 250 адамнан аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзекті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығы аталды. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар. «Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелерді шешуі керек», – деді А.Мамин.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы