• Бизнес & Қоғам
  • 08 Қазан, 2020

«Өркениетті базар жасау – азаматтығыма сын»

Жұмабек ЖАПБАРҚҰЛОВ,
кәсіпкер, Орал қаласындағы «Ел ырысы»
ауыл шаруашылығы тауарларының көтерме-бөлшек
сауда базары» ЖШС-ның құрылтайшысы:

– Жұмабек Қахарұлы, бұған дейін «Ел ырысы» коммуналдық базары бірнеше мәрте саттыққа шығарылғанымен, қалталы азаматтар тарапынан оны сатып алуға құштарлық байқалмады. Ол да түсінікті. Орталықтан қашық, өнім бағасы қолжетімсіз, жалдық ақысы қымбат болғандықтан, мұнда өнім сатушылардың да, тұтынушылардың қарасы қалың болмады. Жөндеу көрмеген жадау павильондары, күн жауса, ауласы ми батпаққа айналатын сұрық­сыздау, қомақты инвестицияны қажет ететін сауда орнының «бағын ашу» оңай емес. Бірақ сондай жағ­дайын күнделікті тірлікте көре тұрып, сенімгерлік басқаруға алуы­ңызға не түрткі болды?
– Әу баста «Ел ырысы» базары ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз төмен бағаға сатып алу үшін ашылған болатын.

 Бірақ базар өз бағытында тиісті деңгейде жұмыс жасай алмады. Директорлары жиі ауысты, мемлекеттікі болғаннан кейін «иесіздік», «жетім» баланың күйін кешті. Мүсәпірдің күйін кешкен базардың кескін-келбеті осы шаһардың азаматы ретінде көңілге қаяу түсіретін. 2011 жылы бұл орын «Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның еншісіне берілді. Әсілі, сауда орынның тұрған жері жүк көліктеріне қатынауға ыңғайлы, базар аумағының жер көлемі 3 гектар, әрине, ол аз емес. Тозығы жетіп, шаруасы шатқаяқтаған сауда орнын сенімгерлік басқаруға алғымыз кеп алаөкпе болып жү­гір­дік, құжат жинап конкурсқа қа­­тысып, он шақты қатысушының ішінен айдарымыздан жел есіп, жеңіске жеттік. Осы елдің, өңірдің азаматы болған соң, қамшының сабындай қысқа ғұмырда ел-жұрттың есінде қалатын, елге шапағатың тиетіндей бір іс жаса­ғың келеді емес пе?! Бұдан 3-4 жыл бұрын кірпіш зауытын салып, іске қостым. Қазір онда 30 шақты жұмысшы нәпақасын тауып жүр. Неге базар орнын жаңғыртып, халыққа қолайлы сауда орнын жасамасқа деген ой келді санамызға. Бірден шешім қабылдадым десем, жалған сөйлегенім болар, көп ойландым, ақыры сол идеяны іске асыруға бел будым. Қасыма іскер, інім деп сыйласатын бір азаматты серіктес етіп алдым. Енді осы сауда орнын жарқыратып, жұмыс істету – азаматтығыма сын.
– Сенімгерлікке берудің өз жолы бар. Сіздердің мойындарыңызға қан­дай міндет-тапсырма жүгі артылды? Базарды жаңғырту жұмыстарын неден бастадыңыздар?
– Сізге өтірік, маған шын, ай жарым уақыттан бері неше жылдан бері базардың қуыс-тесі­гіне қордаланып жиналған қоқыс қалдықтарын шығарумен болдық. Күніне үш «КамАЗ» қоқыс шығарылды десек, жұрттың бәрі таңғалады. Жергілікті атқарушы құрылым бізге «Ел ырысы» базарын үш жылға сенімгерлік басқаруға, аманат есебінде беріп отыр. Базардың 90 пайыз акциясы бізге сенімгерлік басқаруға берілді. Ал 10 пайызы әкімдікте қалды. Қазір 50 пайызының ақшасын төлеп, қалған жартысының ақшасын 2021 жылғы мамыр айына дейін төлеуіміз керек.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен арадағы келісім­шартқа сәйкес мойнымызға алған міндеттемелерімізді орындауымыз керек. Бірінші кезекте базар аумағынан 4,5 мың текше метрлік көкөніс сақтайтын қойма салмақпыз. Қазіргі уақыт­та құрылыс жұмыстарының құ­жат­тары жасақталуда. Онда темпе­ратуралық режімде пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз бөлек-бөлек сақталады. Компьютермен аутоматты түрде басқарылатын қойма орнында оператор, жүк түсірушілер жұмыс істейтін болады. Бұл құрылыс нысанын алдағы жылдың қыркүйек айына бітіру жоспарланған. Одан басқа 100 орындық асхана құрылысын бастағымыз келеді. Әзірге бұрынғы шағын асхана жұмыс істейді. Мал сататын, мал соятын орындарға шаруасы тіреліп, алыстан ат арытып, шаршап- шалдығып келетіндер көп. Үлкен жүк көліктері, фуралар дамыл таппай, тәулік бойы алыс-жақын жерлерден көкөніс, бақша дақылдарын тасымалдайды. Сол көліктерді жүргізетін адамдарға демалып, жуынатын жағдай туғызатындай 20 адамдық қонақүй немесе хостел салу мойнымызда. Алыс жолдан шаң басып, шаршап келгенде жуынып-шайынатын шағын қоғамдық монша салу да – ойымыздағы шаруа. Құрылыс нысандарының барлығының салынып, іске қосылатын мерзімі белгіленген. Сауда орнының аумағын түгелдей дерлік асфальт­тауымыз керек. Қазір ол жұмысты бастадық.
Осының барлығы халық үшін, базарға жоғын іздеп келетін тұр­ғындарға қолайлы, жайлы болуы үшін жасалмақ. Орал қалалық әкімдігі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері келіп, жасап жатқан жұмысымызды қарап-қадағалап тұрады. Күні кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев келіп, нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысып кетті. Ғали Нәжімеденұлының айтуынша, базар деген тек дүние табатын орын болмауы керек, яғни ол келген кісі демалатындай орын болғаны жөн. Облыс басшысының сөзінің жаны бар, Өзбекстанға барып көрсеңіз, ондағы базарларда паркте демалып жүргендей боласыз. Бір базарының өзінде он шақты шайханасы болады. Сол он шайханасының өзінің тұрақты клиенттері бар. Біздегідей бір базардың ішінен екіншісі ашылып жатса, ашылмасын деп аяғынан шалу деген атымен жоқ. Бізде бәсекелестік дегенге үрке қарайды. Содан кейін бір орыннан тамақ ішу үшін ұзыннан-шұбақ кезекке тұрады. Сондықтан ондай қызмет көрсету орындары ашыла берсін деуіміз керек. Атам қазақ «Не тапсаң да, пейіліңнен табасың» демеуші ме еді? Пейілің кең болса, ешкімнен кем болмайсың, соны жақсы білемін. Іштарлық ешқашан байытпайды, өрге сүйремейді.
– Кәсіпкерлік жолында ұстана­тын қағидаларыңыз бар ма? Базарды өркендетуге қанша көлемде инвестиция құю жоспарланған?
– Кәсіпкерлікті бастаған кезде көп нәрсені түсінбеуші едік. Менің ішкі істер құрылымдары саласының үш бірдей оқу орнында білім алғанмын. Алматы қаласынан саяси мектепті, Белоруссиядан милиция мектебін бітргенмін. Зейнетке шықпай, сол салада қызмет жасай беруіме болатын еді. Бірақ шыны керек, мінезіме, ұстанымыма сай келмеді. Содан қолымды сілтеп, бизнеске кетіп қалдым. Өзге кәсіпкерлер секілді Еуропадан оқып келмедім, сондықтан кәсіпкерлікті неден бастау керек екенін анық білмедім. Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра мақал-мәтелдерді жақсы білетінмін. Сондықтан кәсіпкерліктің те, адамдықтың да тура жолы – темір­қазығы сол деп білдім. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікте жүріп, таза дүние табу дегеніңіз өте қиын. Қара­пайым адамдар­дың көпшілігі кәсіпкерліктің айналасындағыларды шетінен алаяқ деп ойлайды. Рас, алаяқтар да аз емес, бірақ таза тер төгіп, адал еңбек ететін адамдар да бар. «Сұқ семірмейді, қары байымайды» деген мақал бар. Ойланып отырсаң, қалайша терең айтылған ой деп таңғаласың. Бүгінде билікті сынап-сыбамайтын адам кемде-кем. Бірақ билік жаман болсын, сен неге біреуге қарайсың, әркім өз қарекетін жасауы керек. Менің басым, қолым, аяғым бар. Биліктегілерге берілген бас, ми бәрімізде бар. Сондықтан халқымыз «Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастама» деп бекерге айтпаған. Өз шаруаңды істей бер, ешкімге өкпелеме.
Кәсіпкерлік жолында жүргеніме көп болды. Үнемі басшылыққа алатын қағидаларымның бірі – «Біреуге қарыз болып, саймен жүргенше, біреуді қарыз етіп қырмен жүр» деген. Расында, қырмен жүрген кісінің көңілі ашық, ешкімнен жасырынбайды, қорықпайды. Біздің де банктен басқа ешкімге қарызымыз жоқ. «Ел ырысын» көр­кейтіп дамытуға банктен қарыз ала қоймадық, алдағы уақытта алатын шығармыз. Өйткені мұндағы шаруа бастан асады. Кәсіпкерлікте жүріп бар жиған-тергенімізді сауда орнын өркен­детуге салып отырған жайымыз бар.
Бірінші кезекте жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсетіледі. Жүк көліктеріне көлік тұрағы салынады. Қасапхананы қайта құрмақпыз. Бұрын қой соятын орын екеу болса, қазір оны төрт орын етіп кеңейттік. Енді қасына тағы 8 орын қосамыз, сонда 12 орын болады. Биыл мал соя­тын орындардың құрылысын бастап, аяқтаймыз. Ірі қара соятын қасапхананы ретке келтіріп, ішінен бір бөлмені мал етін қоятын тоңазытқышқа айналдырамыз. Тірі мал сататын базар жұмыс істейді. Бұрын қой сататын әрқайсысы 20 шаршы метрлік қора секілді тоғыз орын болды, енді оның ұзын санын 23-ке жеткіздік. Қолайлы үлкен әжетхана салу жоспарда тұр. Аузы-мұрнынан толып тұрған септиктерден, кәріз құдықтарынан 80-90 текше метр лас сұйықтықтар апта жарым бойы шығарылды. Өмірге қауіпті, төмен түсіп кетейін деп тұрған кәріз плиталары ауыстырылды. Ауланың сыртындағы күре жол мен базардың арасындағы ылдиды топырақ төсеп, көтердік. Сол жерден көлік тұрағы жасалады. Трансформатор, тоқ сымдары ескірген. Соны жөндеуіміз керек. Аумақты абаттандыру, көркейту жұмыстары жүргізіледі.
– Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімімен орталық «Мирлан» базарындағы көкөністің, жеміс-жидектің, бақша дақылдарының көтерме саудасымен айналысатындар «Ел ырысы» базары аумағына көшірілді. Бұған дайын ба едіңіздер?
– Жоқ, дайын емес едік. Шешім шығардан бір күн бұрын білдік. Әлеуметтік желілерде нақ осы туралы неше түрлі пікірлер жазылды. Орталық базарға жан-жақтан ағылып келетін жүк көліктерінің өзінің салмағы 20 тонна, оңтүстіктен өнім тасымалдайтын ағайын оның үстіне 30-40 тонна көкөніс тиейді. Тауарды көбірек апарса, соғұрлым пайдаға кенелмек. Осылайша шаһардың орталығына 2-3 мәрте қатынағанда ондай жүктемені көтере алмайтын жолдың беті, асфальтты қабаты қопарылады. Содан соң орталықтағы көшелерде жүк көліктерінің қозғалысынан кептеліс пайда болады. «Мирлан» базарына жақын тұрғын үйлердің барлығы дерлік көкөніс сақтайтын қоймаға айналған. Бұл – қаланың, облыс орталығының бұрыннан келе жатқан түйткілді мәселесі. Айнала толған қоқыс қалдығы. Іс жүзінде бұл базар – Алматы қаласындағы көкбазар секілді көкөністі бөл­шектеп сатуға арналған орын. Қазір сол жерде көтерме сауда­мен айналысатындарға тегін орын ұсынудамыз. Күніне 200-дей «ГАЗель» көлігі келеді. Бір байқағаным, тегін орын беріп, жағдайымды жасап жатыр-ау деп жүрген адамды аз көресіз. Қауын-қарбыздың іріп-шірігенін тау қылып төгіп кететінін айтсаңызшы. Осы шаруаны мойнымызға алып, қаржы құйғаннан кейін көздеген мақсат-мұратымызға жетуіміз керек.
Бірінші, пейілің дұрыс болса, ел үшін деп жұмыс істеу керек. Сонау өтпелі кезеңдегі ақша реформасы кезінде шекараның осалдығын пайдаланып, алаяқтар, жеңіл ақша табуға «құштар» адамдар Ресейден «деревянный рубльді», ақшаны қапшықтап тапсыратын. Тіпті ұшақпен қапшықтап тасығандар да болды. Сол кездері социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінде (ОБХСС) қызмет жасап жүргенімізде, күніне 10-15 қап ақшаны келілеп өлшеп, Ұлттық банк филиалына тапсыратынбыз. Пейіліміз таза, ақшаны пайдаланып кету деген ойымызға кіріп те шықпайтын. Сол қап-қап ақшаны мемлекеттің қазынасына құйдық. Ол не қылған нөпір ақша деп Президент аппаратынан келіп тексеретін. Чернобыль апатын жоюға қатысушы ретінде үй кезегінде тұрғанмын. Алайда адал еңбегім үшін облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев маған үш бөлмелі пәтер берген еді. Патриоттық тәрбиемен өскен біздің ұрпақтың өкілдері ел десе еміреніп, елеңдеп тұратынымыз өтірік емес. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, ашық-шашық нәрселер әлі де көп. Жемқорлық, ынсапсыздық жайлаған жерге тап болсам, кетіп қаламын. «Арамнан тапқан мал ас болмайды». Бұл дүниеден небір пат­шалар, хандар мен байлар өткен. Ешқайсысы байлықты арқа­лап кеткен жоқ. Соны түсінсек дей­мін. Бірақ ер- азаматқа еңбек ету – парыз, Құдай денсаулық берді, ең­бек етіп, артыңа ел-жұрт сүйсіне ай­­та­тын із қалдырып кетсек, несі бар?!
Қазір «Ел ырысында» 30 адам жұмыс істейді. Арадағы келісім­шартқа сәйкес олардың 90 пайызын жұмыстан шығармауым керек. Енді штатты 68 адамға жеткізуді сұрап өтініш жаздық. Еден жуушылар, сантехник, тракторист, прораб және басқалары алынуда. Қойма, хостел және басқа нысандар құрылысы салынып болғаннан кейін тағы жұмысшылар алынбақ. Бір ғана асхананың өзіне 15 адам жұмыс істейді.
– Жұмабек Қахарұлы, «Ел ырысы» неше жылдан кейін мықты базар болады?
– Алла тағала амандығын бер­сін, боламыз. Оны уақыт көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет. Қолға алған ісіңіз қайырлы болсын.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы