• Еңбек нарығы
  • 15 Қазан, 2020

Ауыл еңбеккерлері межеден көріне білді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ел ырыздығын еселеп, егін даласын еңбек күйіне бөлеген жиын-терін науқаны да мәреге жетті. Бүгінде қарабарқын атырапта сүдігер жыртқан механизаторлар ғана көзге жиі шалынады. Ендігі қызу тірлік элеваторлар мен қамбаларға ауысып, астық жинау науқанының нәтижелерін сараптауға ойысқан. Осы ретте диқандардың таралғылы тартуларына Мемлекет басшысының ризашылық білдіріп, толымды табыстарымен құттықтауы ауыл еңбеккерлерінің жұдырықтай жұмылған жыл бойғы жұмысына берілген лайықты баға болды. «Биылғы егін егу науқаны коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайда жүргізілгеніне» назар аударған Президент «соған қарамастан еліміздің егіншілері ұйымшылдық танытып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді уақытылы аяқтады. Нәтижесінде қамбаларымыз астыққа толды. Негізгі астық өсіретін облыстарда жаз маусымы жауын-шашынсыз, құрғақ болды. Бүгінде ел өңірлерінде 20 миллион тонна көлемінде астық жиналды», деп айырықша атап өтті.
Сарапшылар мен ақпарат көздері көрсетіп отыр­ғанындай, бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ экспорттық әлеуетімізді арттырып, Қазақстанның астық державасы мәртебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Егін жинау науқаны бір айға ерте аяқталып, қоймаларға екі есе көп астық жиналды. Биылғы жиналған астықтың сапасы жоғары және барлық талаптарға сай келеді. Мұндай жоғары нәтижеге технология талаптарын қатаң сақтау арқасында қол жетті. Сондай-ақ аграрлық өндірісті әртараптандыру мен саланы басқару тәсілдерін жетілдірудің, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды күшейтудің де бергені мол болды. Мәселен, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне барлық салықтар бойынша 70 пайыз жеңілдік қарастырылып отыр. Мұнымен қатар Президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу міндеті қойылды. Қазіргі таңда негізгі назар тігінен топтастырылған зәкірлі кооперацияға аударылуда. Себебі ірі қайта өңдеу кәсіпорындарымен арадағы өзара іс-қимылсыз ұсақ шаруашылықтардың өркендеп, дамуы қиынға соғады. Алайда заман талабы тікелей кооперациямен қатар көлденең кооперацияны да қолға алуды, яғни шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды да өзара қауымдасуға тартуды талап етуде. Статистика деректері бойынша үстіміздегі шілдеде елімізде 2 906 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген, олар 52 мыңға жуық еңбеккерді, оның ішінде 27 мың жеке шаруашылықты біріктірген. Кооперацияның дамуын ынталандыру үшін бүгінде жоғары нормативтер негізінде инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Мал шаруашылығын субсидиялау ережелері шеңберінде аграрлық шикізат құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында кооперативтерге несие «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқы­лы 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайыз мөлшерлемемен берілуде. Осы ретте Жамбыл облысындағы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мұндай қолдауды 2,5 пайыз мөлшерлемемен көрсететінін атап өткеніміз жөн.
Бүгінде өндірістегі жоғары нәтижеге ғылым мен технология жетістіктерін күнделікті қам-қарекетке кеңінен енгізбей жету мүмкін емес. Осыған орай үкімет аграрлық ғылымды қаржыландыруға алдағы 3 жылға 50,4 миллиард теңге бөлмекші. Бұл қаражат аграрлық ғылымды дамытуға және заманауи ауыл шаруашылығы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға жұмсалмақ. Дерек көздеріне жүгінсек, қазіргі таңда әлемдегі фермерлердің шамамен 70 пайызы білімнің жетіспеушілігінен ашқан істерін жабуға мәжбүр болып отырғанын байқаймыз. Бұл бір жағынан кәсіби оқу және біліктілікті арттыру мүмкіндігінің жоқтығынан да туындаған ахуал. Кеңес заманында ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қайта даярлау курстары тұрақты жұмыс істегенін, әр ауданның тірек нүктелері ретінде таңдап алынған кеңшарлар мен кәсіпорындарда озық әдістерді енгізу жөніндегі семинар-кеңестер жыл сайын өткізіліп тұрғанын көзіміз көрді. Бұл ұтымды тәжірибеге қайта оралуды өмірдің өзі талап етуде. Осы ретте агрокешен нысандарына білім беру қызметтерін ұсыну тәсілдерінің қайта қаралуы көңілге үміт ұялатады. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының еншілес ұйымдары құрылымының өзгертілуі, халықаралық стандарттар талаптарына және бизнес қажеттіліктеріне бағдарлануы құптарлық іс. Осы орайда ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік станциялардың, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың базасында 22 білім беру орталығы құрылғанын, тұрақты кеңес беру қызметтері ұйымдастырылғанын да айта кету керек. Сондай-ақ аграрлық ғылымды жеткілікті қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биыл Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алдағы 3 жылға бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 50,4 миллиард теңге бөлу жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Бұл қаражат осы уақытқа дейінгі үш жылдыққа бөлінген қаражатпен салыстырғанда 2,3 есе көп. Бюджеттен бөлінген қомақты қаражатқа 10 басым бағыт бойынша, атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу жөніндегі 36 ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу жоспарлануда. Келесі жылдан бастап агрокешен нысандарының ғылыми зерттеулерін енгізуге арналған шығындарды субсидиялау жоспарлануда. Бұл қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қосымша экономикалық ынталандыруды, сондай-ақ бизнес пен ғылымның ықпалдасуын қамтамасыз етеді.

281 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы