• Бизнес & Қоғам
  • 15 Қазан, 2020

Жолдар тақтайдай тегіс болады

Ақ Жайық өңіріндегі Тасқала ауданының орталығында 35 көше жолына қатты асфальт жабыны төселіп, бұрынғы ойдым-ойдым жолдар тақтайдай тегістеліп жатыр.

Ауылдағы көше жолдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен жаңартылуда. Соның ішінде бірінші жоба бойынша Ш.Қалдаяқов және Шежін, Т.Жароков, А.Сабыров, Әбілқайыр хан, Д.Нұрпейісова, Скоробогатов көшелерінің бір бөлігін, Көктем, Самал шағын аудандарының көше жолдарын күрделі жөндеуге мердігер «Айдана» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Екінші жоба бойынша да аталмыш мердігер Қ.Сәтбаев, Керей хан, Жәнібек хан, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов атындағы көше жолдарын жөндеу­де. Үшінші жоба бойынша С.Ахметқа­лиев, Саябақ, Т.Шевченко, И.Панфилов және Халықтар достығы көшелерінің жолдарын жөндеуді «Ануш құрылыс» ЖШС мойнына алған. Төртінші жоба бойынша Б.Жасыбаев, Сәулет шағын ауданы, Жамбыл, Қ.Мұңайт­пасов, Ә.Молдағұлова, А.Нечаева, М.Жұма­­ғалиев, Доспамбет жырау, Ғ.Ержанов, Жеңіс көшесінің (бір бөлігі) жолдарын «Айдана» компаниясы күрделі жөндеуден өткізуде.
Мамандардың айтуынша, екі жоба бойынша жолдарға ескі әдіс­пен қиыршық тас төсеу арқылы, ал қалған екі жобадағы көше жолдарына жаңа технологиямен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа технологияның өзгешелігі неде десек, онда қиыршық тастың орнына жергілікті материал – құм мен топырақты пайдаланып, оған цемент және топырақты біріктіргіш қосылады да, үстінен асфальт жабын төселеді. Жаңа әдісте қаржы шығыны аздау болады, алыстан қиыршық тасты «арбалап» жүрмейді. Аталмыш төрт жоба екі жылға жос­парланған. Алайда тиісті қаражат толықтай бөлінгендіктен, жоспарлы шаруаны келесі жылға қалдырмай биыл аяқтау көзделіп отыр. «Төрт жоба бойынша ауылдағы көше жол­дарының 20 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар жоба шеңберінде жаяу жүргіншілер жолы, лайсаң суды өткізетін құ­бырлар, аутотұрақтар орны да ретке келтіріледі. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бүгінде барлық нысандағы жұ­мыстың 60 пайызы атқарылды. Құрылыс материалдары жергілікті өндірушілерден, цемент Ақтау қаласынан және тұрақтандырғыш Ресейдің Волгоград қаласынан тасымалдануда», – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі Әлібек Тәшімов.
Жол жөндеу жұмыстарына жер­гілікті тұрғындарды тарту қиынға соғып тұр деседі мамандар. Көше жолдарын жөндеу жұмыстарына 60 адам тартылуы тиіс еді. Жалақысы 85 мың теңгенің қара жұмысын ауырсына ма, кім білген, ауылдан жұмыс істеуге құлықты азаматтар табылмай отырғаны таңғалдырады.
Ауданда «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында облыстық және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, Мерей ауылына кіреберіс 13 шақырымдық аутожолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер «Асфа» ЖШС жеті шақырым жолға асфальт жабынын төседі.
Алдағы жылы Тасқаланың екі, Мерей, Мереке ауылдарынан бір-бір ауылішілік көшелердің және Аманкелді ауылының кіреберіс жолдарын жөндеу жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстарының құ­жат­тамалары жасақталған. Тасқала ауданының орталығында барлығы 67 көше бар. Биыл 35 көше жөндеуден толық өткен жағдайда, Тасқала ауылының көше жолдарының 85 пайызы асфальтталып, сүргіленген тақтайдай теп-тегіс болады.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАР ДЫБЫСҚАЛИ

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы