• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 15 Қазан, 2020

Даму мен нәтиже: Экономикада оң үдеріс бар

Сейсенбілік дәстүрлі отырысында Үкімет мүшелері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде байлам жасады. Жиын төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин жалпы экономиканың қалпына келе бастағандығын атап өтті.

Экономиканың, банк сала­сының жай-күйі, респуб­ликалық бюджеттің атқарылу барысы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту деңгейі туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов және энер­гетика министрі Н.Ноғаев, агро­өнер­кәсіп­тік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндады.
Экономиканың базалық сала­ларында қабылданып жатқан шаралардың арқасында осы жылдың тоғыз айының қорытын­дысы бойынша өсудің оң серпіні сақталуда. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде 3,3%-ға, оның ішінде фармацевтикада 39,8%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,9%-ға, машина жасауда 16,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 51,6%-ға, сондай-ақ қағаз өнімдері өндірісінде 15,1%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 14,1%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 10,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9%-ға немесе шамамен 9,6 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді, астық шығымы жоғары болды. Қазақстанның алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қазанда $91,1 млрд құрады. Металл кенін (+1,2%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+0,4%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-3,5%) байқалады. Қыркүйекте қызмет көрсету секторы белсенді түрде жандана бастады – тамыз айымен салыстырғанда, сауда-саттық 2,7%-ға, байланыс 1,3%-ға, көлік және қоймалау 1,2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторының өсуі шағын және орта бизнестің белсенділігін көрсетеді, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-эконо­микалық дамудың өсуін қамта­масыз етті. Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалала­рында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Мұнай-газ секторындағы өнді­рістің төмендеуіне байланысты Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында кейін қалушылық орын алып отыр.
Ағымдағы уақытта мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түскен, бұл жоспардың 95,5%-ға атқарылғанын көрсетеді. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында түсті, яғни бұл жоспардың 85,8%-ға атқарылуы. Қаржы министрлігінің мәліметінше, кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына қатысты болуда.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ға атқарылып, 2 трлн 274 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 348 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалған. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға атқарылды. Республикалық бюд­жеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары – 5,6 трлн теңге. Сонымен қатар өткен 9 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,1 трлн теңгеге 1,2 млн астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша сомасы 726 млрд теңгеге бұзушылықтардың алды алынды, 1,4 мың аудиторлық іс-шара өткізілді.
Үкімет басшысы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қара­мастан, ел экономикасында – нақты секторда, қызмет көрсету саласында көрсеткіштер өсімі тіркелгенін атап өтті. Өңірлердің әкімдеріне Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін жұмысты жандандыруды тапсырды. «Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспардың 100% орындалуына қол жеткізу қажет. Қазіргі жағдайларда бюджеттің атқарылуы тұрғысынан орталық және жер­гілікті органдардың басшылары жыл соңына дейін тиімді және уақытылы игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай уақыт қалғанын қаперде ұстауымыз, бұл ретте барлық жобаларды аяқтап, жоспарларды іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз қажет», – деді А.Мамин.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

204 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы