• Ақорда & Үкімет
  • 15 Қазан, 2020

ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады.

Қазақстан Президентіне биылғы 9 ай ішіндегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар салада дамудың оң қарқыны байқалатыны баяндалды. Атап айтқанда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3,3%-ға жеткен, құрылыс көлемі 10,5%-ға, тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі 9%-ға немесе шамамен 9,6 миллион шаршы метрге артқан. Ауыл шаруашылығындағы өсім көрсеткіші 5%-ды құрады. 1 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанның алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтері 91,1 миллиард долларға жетті.
Үкімет басшысының айтуынша, қыркүйекте қызмет көрсету саласындағы белсенділікті қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Осы ретте тамыз айымен салыстырғанда сауда-саттық көлемі 2,7%-ға, байланыс – 1,3%-ға, көлік және қойма – 1,2%-ға артқан. Қызмет көрсету секторындағы өсім шағын және орта бизнестің жанданғанын білдіреді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.
Премьер-министр 11-12 қазан күндері Абу-Даби қала­сына жасаған жұмыс сапары­ның қорытындылары туралы есеп берді. Аталған сапар барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтардың нақты жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізілді. Сонымен қатар екі ел үкіметтері Инвестициялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онда құны 6,1 миллиард доллар болатын 21 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аталған құжат жоғары қосымша құны бар және пайдасы мол, сондай-ақ ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да үлкен сұранысқа ие болатын өндіріс орындарын ашуға бағытталған.
Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың оң қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі Үкі­меттің атқарған іс-қимылдарын атап өтіп, азаматтарымыздың денсаулығына, шағын және орта бизнестің жұмысына, сондай-ақ жалпы экономиканың дамуына шетелде кең тараған коронавирус індетінің кері әсерін болдырмау үшін премьер-министрге еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

* * *

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты қабылдады.
Мемлекет басшысына Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің биылғы жұмыстары және Оқу орнын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жоспары туралы ақпарат берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев университет жұмысының қорытындыларына оң баға беріп, оның аймақтағы жетекші жоғары оқу орны ретіндегі халықаралық мәртебесін нығайту қажеттігіне назар аударды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына университет жанынан ашылған «Абай академиясы» туралы мәлімет берілді. Президент шетелде Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлттық бренд ретінде насихаттау жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Сыдықовқа Еуразия Ұлттық университетінің базасында ашылатын оқу-зертханалық кешенінің құрылысы жөнінде және басқа да бірқатар тапсырма берді.

759 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы