• Қаржы
  • 22 Қазан, 2020

Қыркүйектегі халықтың инфляциялық күтулері айқындалды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қаржыгерлердің соңғы мәлімдеулеріне қарағанда, нақты жылдық инфляция 7 пайыз деңгейінде тұрақтанған кезде инфляциялық күтулер қыркүйекте 6,5 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар қабылданатын және күтілетін бағаның өсуін тосу азайған. Мәселен, бағаның өсуін атап өткен респонденттердің арасында бір жылдық болашақта күтілетін инфляцияны медиандық бағалау 16,6 пайызға дейін, ал қабылданатын инфляциянікі 18,1 пайызға дейін түскен. 2020 жылғы қыркүйекте өткен 12 айда бағалардың мейлінше тез өскенін атап өткен респонденттердің үлесі 62 пайызға дейін төмендеген. Өткен айдағы баға серпінін анықтау кезінде бағалардың өте жоғары өсуін көрсеткен респонденттердің үлесі 38 пайызға дейін кеміген, шілдеде ол 49 пайыз, тамызда 41 пайыз болған.
Тілге тиек етіліп отырған халықтың және нарыққа қатысушылардың инфляцияның одан кейінгі серпіні туралы болжамдарын бейнелейтін инфляциялық күтулер туралы бірер сөз. Инфляцияның ықтимал деңгейі жөніндегі болжамдар болашақта халықтың және нарықтың экономикалық қызметіне әсер етеді. Егер инфляциялық күтулер төмен болса, онда нарыққа қатысушылар өз ақшасын өндіріске, инвестициялық жобаларға, қаржылық операцияларға орналастыруға тырысады, ал жоғары болса, онда нарыққа қатысушылар тауарларға, жылжымайтын мүлікке, тұрақты шетелдік валютаға, сондай-ақ құны елдегі инфляция деңгейіне қатысты болмайтын басқа құндылықтарға салады. 2016 жылғы қаңтардан бастап Қазақстандағы инфляциялық күтулерді өлшеуге бағытталған халық арасында пікіртерім жүргізіліп келеді. Ай сайынғы пікіртерім 1500 респондент қатысатын телефонмен сұхбат жүргізу арқылы ересек тұрғындар арасында жүзеге асырылады. Сөйтіп, үстіміздегі қыркүйекте жүргізілген пікіртерімге келсек, оның барысында тамызбен салыстырғанда осы айда респонденттердің аз бөлігі тамақ өнімдері бағасының, көпшілігі азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасының өскенін атап өтті. Респонденттер тамақ өнімдерінің құрылымында ет және тауық, жемістер мен көкөністер, сүт өнімдері бағасының өскенін көрсетуді жалғастырды, бұл ретте олардың үлесі тамызбен салыстырғанда төмендеді. Нан-тоқаш өнімдері бағасының өскенін атап өткен респонденттердің үлесі артты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрылымында тұрмыстық техника мен кеңсе тауарларына бағаның өсуін атап өткен респонденттердің үлесі өсті. Қызметтер бойынша тарифтердің, сондай-ақ шаштараз, ателье және басқа тұрмыстық қызметтер құнының өскені атап өтілді. Ағымдағы және болашақтағы материалдық жағдайды бағалау шілде-тамызбен салыстырғанда аздап теріс болды. Бұл орайда жалақы алушылардың үлесі қалпына келгені, респонденттердің ірі сатып алуларға дайындығы артқаны айтылуда. Қыркүйекте жинақ ақшасы бар респонденттердің үлесі төмендеген. Бұл ретте жинақ ақшаның көп бөлігінің банктік депозит түрінде сақталуы жалғасуда. Даму келешегін қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бағалау мейлінше оң болды.
Енді ұлттық валютаның ағымдағы хал-ахуалына аз-кем тоқталып өтейік. Сауда-саттық қорытындысы бойынша қазанның ортасында теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 427,29 доллардан 0,2 пайызға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 428,05 теңге деңгейінде қалыптасты. Сыртқы валюта нарығында үстіміздегі жылғы 9-16 қазан аралығындағы кезеңде коронавирустың екінші толқынының оралуына, АҚШ-та президенттік сайлауға дейін ынталандыру шаралары топтамасының қабылдана алмауына және Covid-19-ға қарсы вакцинаны сынақтан өткізудегі сәтсіздіктерге қатысты қауіптену аясында дамушы нарықтардың көптеген валюталарының теріс түзетілуі байқалды. Сонымен қатар, Халықаралық валюта қоры коронавирустың таралуы тоқтатылғанға дейін әлемдік экономикада бұрынғыша әркелкі қалпына келу мәселесі орын алады деп ескертті. АҚШ Қаржыминінің деректері бойынша қыркүйек айында бұл елде бөлшек сатылым күтілгеннен көп, 1,9 пайызға өсті, бірақ тұтыну шығындарының тез артуы мемлекеттің бюджетті ынталандыруымен байланысты болуы да ықтимал. Ал, біздің елімізбен деңгейлес дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні әрқилы қалыптасып отыр. Мәселен, Индонезия рупиясының бағамы бір аптада 14 700-ден 14 698 деңгейге түсіп, онша өзгерген жоқ. Индонезияның орталық банкі экономиканы ынталандыру үшін реттеуші мемлекеттік облигацияларды сатып алу сияқты шараларды қолдана отырып, 4 пайыздық негізгі мөлшерлемені сақтап қалды. Билеуші партиядағы көшбасшылық үшін күресте екі кандидат жеңіске жеткенін мәлімдеп, мұның өзі аралық конгресс сайлауы алдында саяси бөліну тәуекелін тудырып отырған Мексиканың ұлттық валютасы песо болса бір аптада 21,14 бағамға барып, өткен аптадағы белгілеріне қайта оралды. Үнді рупиясы үстіміздегі жылы ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны төмендеген соң 0,3 пайызға әлсіреді. Оңтүстік Африка ранды карантиндік шаралардың жеңілдегеніне қарамастан тамызда өнеркәсіп өндірісінің теріс өсуі туралы деректердің шығуы аясында 0,5 пайызға, ал түрік лирасы 0,6 пайызға құлдырады. Бразилия реалы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы және реттеушінің спот нарығындағы 560 млн. долларлық интервенциясына қарамастан тәуекел қабылдамауы аясында 2,2 пайызға төмен түсті. Ресей рублі А.Навальныйдың улануына байланысты Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкциялары, сондай-ақ жаһандық инвесторлардың тәуекелге қатысты дәрежесінің төмендеуі аясында 76,77-ден 77,8 долларға дейін 1,3 пайызға әлсіреді. Қыркүйекте бюджет тапшылығы әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесіне төленетін төлемдердің өсуіне байланысты түсімдерден шығыстардың асып кетуі аясында шамамен 3,8 млрд. доллар болды.

417 рет

көрсетілді

17

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы