• Өндіріс
  • 22 Қазан, 2020

КТЗ: Өткені өрісті, келешегі келісті кәсіпорын

Кентау трансформатор зауыты – электр энергетикасы, металлургия, машина жасау, көлік, мұнай-газ кешенін және тұрғын үй-коммуналдық секторын қоса алғанда, экономиканың барлық салалары үшін кең қолданысқа арналған трансформаторлық жабдықтардың жетекші отандық өндірушісі. Кәсіпорынның ел экономикасын дамытудағы елеулі рөлі осыдан-ақ байқалса керек.

Негізгі стратегия – сапасы, бағасы, жеткізу шарты және жеткізілетін сервис бойынша тұтынушылардың талаптарына жауап беретін үздік электртехникалық өнім нарығына шығу. Отандық электр машина жасау, трансформаторлық құрылғы өндіру саласының бірегей көшбасшысы өз өнімдерін халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сай етуде.

Мысалы, ұсынылатын техни­калық пайдалану мерзімі 25 жылды құраса да, іс жүзінде дұрыс қолданылып, уақытылы сервистік қызмет көрсетіліп отырса, трансформаторлар 40-50 жыл үздіксіз жұмыс істеуге қабілетті. Жоғары сұранысқа ие зауыт өнімі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Трансформаторлар сапасымен ғана емес, энергия үнемдегіштігімен де ерекшеленеді. Жетекші еуропалық елдердің жоғары технологиялық жабдықтарын енгізу, сондай-ақ заманауи оқшаулағыш материалдарды қолдану арқылы өндіріс ошағының өнімдері сапа, сенімділік және номенклатураның әртүрлілігі бойынша шетелдік ұқсас техникалардан едәуір асып түсті. Өткен жылдары зауыт өнімдерінің тізімі 400-ден астам атауға жетті. 60 жылдық тарихы бар кәсіпорын жыл сайын өнім көлемін 15 пайызға арттыруда. Өткен жылы зауыт 27 млрд теңгенің бұйымын шығарған. «Тәуелсіздік жылдары біз экспортқа шығаратын өнімдеріміздің де санын көбейттік. Шығарылған өнімнің 40 пайызын Моңғолия, Еуропа, Чехия, Латвия, Украина, Белоруссия, Армения, Әзербайжан, оңтүстігіміздегі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Ауғанстан сияқты мемлекеттерге экспортқа жіберіп жатырмыз. Бұл біздің ұжымның, жалпы еліміздің үлкен жетістігі», – дейді трансформатор зауытының басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев.
Мемлекет кәсіпкерлерді даму институттары арқылы барынша қолдап келе жатқаны мәлім. Экспорттық әлеуетті арттыруды негізгі міндеттердің бірі санайтын өндіріс ошағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бұл мақсатқа Қазақстанның Даму банкі тарапынан қосымша қаржыландыру алды. ҚДБ 6%-бен 1,5 млрд теңге мөлшерінде несие ұсынды. Оған қоса 60 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан зауытта жабдықтарды жаңарту қажеттілігі туындайтыны белгілі. Сондықтан КТЗ «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ҚДБ-Лизинг тарапынан ұсынылған қаржыландыруға трансформаторлар өндіру үшін әлемнің жетекші өндірушілерінен металл өңдеу станоктарын сатып алды. Автоматтандырылған басқару бағдарламалық жасақтамасына негізделген бұл жабдық қол еңбегін жеңілдетуге, өнімділікті арттыруға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. «КТЗ» АҚ жетілдіру барысында кеңестік кезеңнің босаңсып, ескірген құрылғыларынан арылып, танымал шығыс және еуропалық жетекші фирмалардың жаңа үздік технологиялық құрылғысына ауысты.
Жуырда зауыттың өндіріс ошағында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын жапондық Yaskawa Motoman дәнекерлеуші-роботы іске қосылды. Ерекше құлтемір дәнекерлеу сапасын арттыруға және кәсіпорынның өнімділігін жоғарылатуға кө­мектеседі. Мысалы, бір дәне­керлеуші маманның 8 сағатта атқаратын жұмысын робот 20 минут ішінде орындап шығады. Өндіріске роботтарды қосу – жұмысшылар санын қысқарту емес, керісінше, жұмыс сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігін тигізеді. Жапонияда ойлап табылған Yaskawa Motoman роботы Швецияда құрастырылып, Украинада арнайы өндіріске лайықты бағдарламасы енгізілген. Роботпен жұмыс істеу үшін Кентаудағы зауыттан мамандар Украинаға барып, арнайы іс-тәжірибеден өтіп келген. Болашақта зауытты тағы да осындай роботтармен толықтыру жоспарлануда. Атап өтерлігі, мұндай дәнекерлеуші-робот Қазақстанда алғаш іске қосылып отыр. Ақылды технологияларды енгізудің нәтижесінде өндірісте шығын көлемі 10 пайызға қысқарған.
Қазір кәсіпорында 1153 адам еңбек етеді. Сонымен қатар зауыттың өз политехникалық колледжінде студенттер дуальді оқытудан өтеді. Колледж жыл сайын 100-ден астам маман даярлап шығарады, олар кейін зауытта және «Alageum Electric» бірлескен компаниясында жұмыс істейді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы