• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қазан, 2020

Аппаратпен қамту қай деңгейде?

Болжанып отырған пандемияның екінші толқыны алдында еліміздің медициналық мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Тыныс» АҚ-да шығарылған жедел жәрдем станцияларына арналған шағын ӨЖЖ аппараттарымен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орындады.

Елдегі медициналық ме­кемелерге Денсаулық сақтау министрлігі берген тапсы­рыстың соңғы партиясы – 1500 өкпені жасанды желдету аппараты жіберіл­ді. 102 аппарат Қостанай және Ақмола облыстары ауруханаларына қойылады. Өзге өңірлердің өтінімдері толықтай орындалып, ӨЖЖ аппараттары орнатылды, ма­мандар оқытылып, қондыр­ғылар сервистік қызмет көрсе­туге берілді.
Өкпені жасанды желдететін «BIYOVENT» стационар­лық аппараттары отандық «Қазақстан ASELSAN инжи­ниринг» ЖШС қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінде жа­салды. Орнықты өндірісті жолға қоюдың нәтижесінде ӨЖЖ стационарлық және мобильді аппараттарына деген өз еліміздегі қажеттілікті толық өтеп қана қоймай, көрші елдерге жеткізуге мүмкіндік туып отыр.
«Өз күшімізбен ӨЖЖ аппаратын өндіру мәселесі көктемде, COVID-19 ау­руы­ның алғашқы толқыны кезінде туындады. Ол кезде ӨЖЖ аппараттарын жеткілікті көлемде ақшаға сатып алу мүмкін болмай қалды. Әр ел өздерінің қажеттіліктерін өтеп, баға аспандап кетті. Бір аппарат үшін 20 млн теңгеге дейін сұрады», – дейді ИИДМ қорғаныс өнер­кәсібін дамыту жөніндегі департамент директоры Сергей Черненок қазақстандық ӨЖЖ аппараттарын жасау тарихын баяндай келе.

С.Черненоктың айтуынша, көптеген елдермен сынақтан өткізуге арналған тәжірибелік үлгісін елге әкелу туралы келіссөздер жүргізілген. «Ең жақсы ӨЖЖ аппаратын таңдау, өз өндірісімізді жолға қою үшін технологиясын алу міндеті тұрды. Барлық жаққа, оның ішінде отандық бизнес өкілдеріне хабарластық. Тек Түркия мен Қытай ғана жауап қатып, өздерінің түрлі өндіруші компанияларынан екі аппараттан жіберді. Түркия оны гуманитарлық көмек деп бізден ақшасын да алмады. Оңтүстік Корея да дайын екендерін білдірді, бірақ аппараттарын тек күзде бөле алатындарын айтты. Өзіміздің қазақстандық өндірушілерден де ұсыныстар келіп түсті. Бірақ біздің компанияларымыздың құзы­реттіліктері жеткіліксіз болды әрі қажетті көлемді шығаруға және өндіріс мерзіміне қатысты кепілдік бере алмады. Оған қоса, біз шілде айында өткізген сынақтарға бірде-бір өнімін бере алмады», – дейді ол.
Келіп түскен аппараттарды Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары астанадағы инфекциялық стационарда бірден іс жүзінде сынақтан өткізген. Екі апта ішінде ӨЖЖ аппараттарын нақты пациенттерге көмек көрсету үшін қолданып, қорытындысында түріктердің ASELSAN компаниясының технологиясын ең тиімді және жұмыс істеуге қолайлы деп тапты. Мамандар бағдарламалық қамтамасыздығын аударып, оңтайландырды. Дәрігер­леріміздің өтініші бойынша аппарат құрылымына ауаны ылғалдауыш және сығылған ауа компрессоры қосылды. Өйткені, сығылған ауаны жеткізетін стационарлық жүйе еліміздегі медициналық мекеме­лердің біразында жоқ.
Нұр-Сұлтан қаласында 2011 жыл­дан бері қорғаныс кешені үшін дәлдігі жоғары өнімдер шығаратын Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіп­орны жұмыс істеп жатқандықтан, әрі білікті мамандары мен шығарылған ӨЖЖ аппаратын сынақтан өткізуге қажетті алаңдары мен кешені болған­дықтан, шілде айының соңында өндіріс іске қосылып, бірден өндірісті оқшаулау жұмысы басталған. Ал қыркүйекте өндірістік қуаты күніне 70 стационарлық ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетті. Олар тұтынушыға жіберілер алдында бірнеше күн бойы сынақтан өткізіледі.
«Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС аппараттарының құны шетелдік нұсқаларына қа­ра­ғанда үштен бірге арзан. Әрі мемлекет бөлген қаражат ел эконо­микасында қалады. Компания сондай-ақ қондырғыны монтаждап, медицина қызметкерлерін оқытады және аппаратқа 37 айға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде қондырғыға Қазақстанның кез-келген бұрышында сервистік қызмет көрсетіледі.
««Тыныс» АҚ қорғаныс зауыты шығаратын ӨЖЖ мобильдік аппа­рат­тарының тарихы әріде жатыр. Тиімді, сенімді және пайдалануға оңай бұл шағын аппараттарды зауыт сонау кеңес заманынан бері шығарады. Шетелдік өндірушілер мұндай қондырғыларды ұшақтарға қояды. «Көкшетау-4П» аппараты – 2016 жылдан бері шығарылып келе жатқан кәсіпорынның ноу-хау өнімі. ӨЖЖ аппараты қойылған мобильдік чемоданы бар кез-келген адам нау­қасқа көмек көрсете алады. Ол үшін нұсқаулықты оқыса жеткілікті. Кәсіпорынның қуаттылығы – айына 500 аппарат. Оның жеке саудадағы бағасы 750 мың теңге шамасында», – дейді Сергей Черненок.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗ

359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы