• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 22 Қазан, 2020

Дәрі тапшылығы болмауы тиіс

Сейсенбідегі отырыс талқылауына ветеринариялық және фитосанитариялық (карантиндік) қауіпсіздік мәселелері, сонымен қатар халықты дәрі-дәрмек құралдарымен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету барысы шығарылды. Үкімет басшысы Асқар Мамин олардың орындалуы жіті қадағалануы тиістігін ескертті.

Ветеринарлық және фитосани­тарлық қауіпсіздік мәселелері жө­нінде ауыл шаруашылығы ми­нистрі С.Омаров, бірқатар аймақ басшы­лары баяндады.
«АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігі ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жағдайына байланысты», – деді А.Мамин.
Премьер-министр ветеринар­лық және фитосанитарлық қызметті одан әрі нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу, ветеринария және фитосанитария саласында тексерулер, бақылау және мониторинг, сондай-ақ карантиндік іс-шаралар жүргізу жөніндегі жұмысты күшей­ту қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы қазір құс тұмауына қатысты жағдай тұрақталғанын, алайда жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, қажет болған кезде алдын алу шараларын жедел қабылдау керектігін айтты. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың карантин мен шектеу шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімдерін жеңілдету керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді бақылауды ұйымдастыру үшін ветеринарлық және фитосанитариялық қадаға­лаудың ұлттық жүйелерін құру тапсырылды. «Тиісті ақпараттық базаны жетілдіру және процестерді автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын 100% сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажет», – деді А.Мамин. Бұдан бөлек, сала үшін кадрлар даярлауды жетілдіру және кейін ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринарлық және фитосанитарлық қызмет мамандықтары бойынша оқытуға бөлінетін гранттарды ұлғайту қажеттігі айтылды.
Отырыста халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйым­дармен қамтамасыз ету жайында денсаулық сақтау министрі А.Цой, индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е.Есқалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шымкент қаласы­ның әкімі М.Әйтенов баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы пандемия кезінде негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, медициналық ұйым­дар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деді А.Мамин.
Биыл міндетті медициналық сақтандыруды енгізу аясында тегін дәрілік заттардың тізбесі 45-тен 137 нозологияға дейін 3 есеге кеңейтілді. 2020 жылғы тамыз айынан бастап азаматтарға үйде коронавирус­тан емделу үшін дәрілердің 5 түрі (қызуды түсіретін, антикоагулянттар) тегін беріледі (қамту жоспары – 1 млн адам). Стационарлар мен жеке қорғаныш құралдарына арналған 91 түрлі дәрі-дәрмектен екі айлық республикалық және өңірлік қор қалыптастырылды. Дәріханаларда тапшылықты болдырмау мақсатында «СҚ-Фармация» бөлшек сауда желісін толықтыру үшін қолда бар қорға қосымша 33 сұранысқа аса ие препараттарды сатып алады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8%-ға – 93,4 млрд теңгеге дейін өсті. Отандық тауар өндірушілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5042 атауына 88 ұзақ мерзімді шарт жа­састы. Қазақстанда тәулік сайын 900 мың маска және 330 мың жұп қолғап, айына 504 мың қорғаныш костюмі шығарылады. Қазақстанның 17 өңіріндегі 297 ауруханаға 1500 бірлік (100%) ӨЖЖ аппараттары өндіріліп, барлығы жеткізілді. 376 жедел жәрдем машинасы, 63 жылжымалы медициналық кешен шығарылды. Барлық өңірлерде көлемі 13 млрд теңгеден асатын дәрілерді қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорлары құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жергі­лікті бюджет есебінен сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін тұрақтандыру қорларын қалыптастыру әдістемесі бекітілді.
Премьер-министр әкімдіктер­ге осы жылдың 1 қарашасына дейін тұрақтандыру қорларының көлемін бекітілген нормативке дейін жеткізуді, медициналық ұйымдарда да, дәріханаларда да дәрі-дәрмектердің қажеттілігін үнемі қадағалап отыруды тапсырды. Бұл ретте тұрақтандыру қорлары есебінен дәрі-дәрмектерді сатып алудың нақты алгоритмінің болуы қажет екені атап өтілді. «Денсаулық сақтау министрлігіне СҚ-Фармациямен бірлесіп, стационарларда, әсіресе, жұқпалы аурулар ауруханаларында дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргізуді тапсырамын. Дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс», – деді А.Мамин. Индустрия министрлігіне медициналық маскалар шығаруды (тәулігіне 1,5 млн данаға дейін) арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақытылы сатып алып, жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр Мемлекет басшысының СҚ-Фармацияның дәрі-дәрмекті сатып алуының тиімділігі мен жеделдігін арттыру туралы тапсырмасын нақты орындау қажеттігін атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы